Гинекологтың айтуынша, әйелдің рационы дұрыс болмаса, ағзасында да үлкен өзгеріс байқалады. Әсіресе, тері, шаш пен тырнақтағы өзгеріс әйелдің тамақтануына тікелей байланысты.

Витаминдердің жетіспеуі ағзаның белсенділігінің төмендеуіне, иммунитет пен тістің нашарлауына, репродукция функциясының әлсіреуіне себеп болады. Әйелдің рационы бұзылғанда, дұрыс емес диетаға отырғанда қауіпті өзгеріс болуы мүмкін. Бетке шыққан жай бір безеудің өзі асқазан-ішек жолының дұрыс жұмыс істемейтінін көрсетеді, — дейді маман.

Динара Құлжабаеваның айтуынша, қыз-келіншектердің арық не толық болуына және оның бұлшықетіне байланысты метаболизм процесі де әртүрлі жүреді. Мысалы, арық әйелдерде метаболизм баяу жүреді, олар аз энергия жұмсайды. Осыған байланысты ақуыз, май, көмірсу азырақ кетеді. Сондықтан қыз-келіншектердің аз мөлшерде жиі тамақтанғаны дұрыс.

Динара Құлжабаева
Динара Құлжабаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Тамақты аз әрі жиі жеңіз. Күніне алты рет тамақтанған дұрыс. Әр порция 250 грамнан аспауы керек. Осылайша асқазанның кеңейіп кетпеуін қадағалайсыз. Күніне 1,5 литр су ішуді ұмытпаңыз. Кешке жеңіл тамақ ішу қажет: тауық еті, ботқа, алма, балдыркөк, саңырауқұлақ, сүт, бадам және тағы басқа. Мұны кез келген қыз-келіншек білуі керек, — дейді гинеколог.

Маманның айтуынша, тұз бен қантты рационнан алып тастаған дұрыс. Сонымен қатар жүктіліктің бірінші айынан бастап пациенттер омега-3 майын және детримакс витаминін ішуі керек. Әйел рационында омега-3 майы болуы қажет. Балық майы жүрек-қан тамырларының жұмысына, көңіл-күйдің жақсаруына пайдалы.

Қандай тағам репродукция функциясының нашарлауына себеп болады?

Алкоголь, темекі мен кофені шектен тыс пайдалану, газды сусын, фастфуд, чипстер, қалташадағы шай, жартылай дайын өнімдер — осының бәрі әйелдің де, ерлердің де репродукция функциясына әсер етеді. Дені сау ұрпақты дүниеге әкелу ата-ананың дұрыс тамақтануынан басталады, — дейді Динара Құлжабаева.

Қыз-келіншектерге пайдалы тағамдар

Сұлы жармасы

Сұлы жармасы әйел ағзасындағы холестерин деңгейін төмендетеді. Әсіресе, жүктілік кезінде холестерин өздігінен жоғарылап кетуі мүмкін. Сонымен қатар сұлы артық салмақтан арылуға көп көмектеседі. Сұлы жасұнығы терінің түсін бірқалыпты етіп сақтайды.

Брокколи

Брокколи сүт безі қатерлі ісігін болдырмайды. Климакс кезінде ағзадағы эстроген гормонын төмендетеді. Брокколи құрамында А және С витаминдері, фолий қышқылы, темір және кальций бар. Иммунитетті көтеріп, метаболизм функциясын жақсартады. Күніне 200-300 грамм жеу керек. Мұздатылған күйінде де қолдануға болады.

Грек жаңғағы

Бір уыс немесе 2-3 түйір грек жаңғағын холестерині жоғарылап кеткен адам жегені дұрыс. Грек жаңғағы ми қызметін дұрыстайды, ұйқыны жақсартады, стреске бейімдікті жояды, жүрек-қан тамырларының жұмысына оң әсер етеді.

Шоколад

Қыз-келіншектердің сүйегі ерлердікіне қарағанда осал болады. Осыған байланысты құрамындағы үгілген какао-атбас бұршақтары 70-80% болатын шоколад жеген пайдалы. Мұндай шоколад магний, марганец, мырыш пен фосфорға бай. Сонымен қатар шоколад теріні ылғалдандырады, қан қысымын төмендетеді және көңіл-күйді көтереді. Шоколад құрамында какао мөлшері көп болуы керек және оны күніне 2-3 тілім ғана жеген жөн.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!