Басты бетЖаңалықтарМаңғыстау облысындағы...

Маңғыстау облысындағы арнайы операция қалай аяқталды?

Маңғыстау облысында жүргізілген ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде бірнеше қылмыстық топқа мүше болған 8 адам тұтқындалды. Бұл туралы облыстың Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

30 шілдеде Ақтаудың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Маңғыстау өңірінің қылмыстық топтарының 8 мүшесі: А.Айтқалиевке, Е.Арықбайға, Ж.Жаңбырбаевқа, Р.Жексенбаевқа, Е.Зорбайға, Ж.Базарбаевқа, Д.Бимырзаға және С.Кенғановқа қатысты 2 ай мерзімге тұтқындау бұлтартпау шарасын қолданды, — деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Арнайы операция барысында ұсталғандардың тұрғылықты мекенжайынан «ТТ» және «Макаров» тапаншалары, дыбысөшіргіші бар револьвер, «Сайга» карабині, 3 травматика тапаншасы, 9 шолақ мылтық, оның 160-тан астам оғы, есірткі заттары, түрлі суық қару және 5,6 миллион теңге көлеміндегі ақша табылып, тәркіленген.

Еске салайық, 29 шілде күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысында ірі арнайы операция жүргізген еді. Операцияның мақсаты бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің заңға қарсы әрекетінің жолын кесу болды. ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, бұл топтардың ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде адам өлтіруге, ұрлауға және ақша бопсалауға қатысы бар.