Маңғыстау облысында ауқымды арнайы операция жүріп жатыр

Бас прокуратура азаматтарға арнайы операция кезінде әлеуметтік желілерде тарауы мүмкін арандатушылыққа ермеуді ескертті.

ҚР ҰҚК
Фото: Informburo.kz

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысында арнайы операция жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бас прокуратураның мәліметінше, ҰҚК мен ІІМ 29 шілдеде Маңғыстау облысында бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің заңға қарсы әрекетінің жолын кесу үшін ауқымды арнайы операция бастады.

Ұйымдасқан қылмыстық топтар мүшелерінің ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде адам өлтіруге және ұрлауға, ақша бопсалауға қатысы бар. Бұл топтар қаруланған, ұйымшылдығымен және дөрекілігімен ерекшеленеді, – деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіп төндірмеу үшін арнайы операцияға Ұлттық қауіпсіздік пен Ішкі істер органдарының арнайы жасақ күштері мен құралдары тартылған.

Азаматтарды әлеуметтік желілерде тарауы мүмкін арандатушылыққа ермеуге және үрейленбеуге, сонымен бірге заңсыз әрекеттерге бармауға шақырамыз. Жағдай құқық қорғау органдарының толық бақылауында. Арнайы операцияның қорытындысы жұртшылық назарына жеткізіледі, – деп хабарлады Бас прокуратура.

Еске салайық, бұған дейін 18-19 шілде күндері Алматыда, Шымкентте және Қызылордада арнайы операция жүргізілген еді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары атыс қаруын заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтар әрекетіне тосқауыл қойды. Қолға түскендердің арасында дін атын жамылған деструктив ағымның өкілдері болған.