Құрметті оқырмандар, сіз менің әр жазбамның астына өз сұрақтарыңызды қалдырып, сізді толғандыратын тақырыптарды жазсаңыздар болады, мен міндетті түрде жауап беремін.

Бүгін маған сайт ұжымы ұсынған алғашқы сұраққа ауқымды жауап бергім келеді. Сұрақ мынандай: «Бизнесмен болу үшін қандай дайындық кезеңі керек? Өз-өзіңмен психологиялық жұмыс. Әрдайым мотивацияң болу үшін қандай принциптер мен ережелерді ұстанған жөн?»

Қуаныш Шонбай
Фото жеке мұрағаттан

Менің «Екінші болма!» атты тренингім мен кітабым бар. Онда әр адамның табысқа жету жолын біздің қазақи менталитетке лайықты етіп көрсеткен едім. Бұл жеңіс жолы тек қана бизнесмендерге емес, жалпы адамның барлығына да арналған. Сондықтан бүгін сол жеңіс жолындағы дайындық кезеңімен бөліскім келеді. Ол – адыраспандар мен барьерлерден құтылу. Ал мотивация мен өмірлік ережелерге келетін болсақ, мотивация үш күннен кейін-ақ жоқ болады, сондықтан сіздерге кішігірім жеңістер қажет. Үлкен бір мақсатқа жету жолында кішігірім мақсаттарды қойып, оларға қол жеткізуді үйреніңіз. Сол кезде, сізге ешқандай мотивация керек болмайды.

Қуаныш Шонбайдың блогы
Жеңістен алыстататын сезімдер сызбасы

Халқымыз адыраспанға жын-шайтаннан, жаман нәрседен аластайтын шөп деп сенеді. Ал сызбада көрсетілген бұл сезімдер жеңістен аластайды. Комплекс, қырсықтық, сенімсіздік, эго, сасық көкірек, жалқаулық – бұл байдың да, кедейдің де, студенттің де, кәсіпкердің де – барлығының бойынан табылатын жаман мінездер. Ал бұл мінездер бар жерде жеңіс адамды айналып өтеді.

Ең қиыны, әрбір адам «иә, мен қырсықпын» немесе «жалқаумын» деп мойындай бермейді. Негізінде бұл — сіз бен сіздің ар-ожданыңыздың арасындағы әңгіме. Осы тақырыпты ұзақ зерттедім, көп оқыдым, сондықтан бірден айтамын: «адыраспандардан» арылудың жолдары өте қиын.

Комплекс. Кез келген ауруды емдеу диагностикадан басталады. Диагнозы анықталмаған ауру – ең жаман ауру. Бір ауруды емдемес бұрын оның түп-тамырын, қайдан, қалай пайда болғанын білу керек. Бұл айтпасаң да түсінікті.

Адамның өз бойындағы кемшіліктерімен күресетіні табиғатында бар және ол кемшіліктердің де тумысынан бар екенін мойындау керек, рас. Бірақ «қандай кемшілікпен күресу керек?», «қай аурумен күресу керек?» деген сияқты. Ал комплекс – дайын тұрған диагноз. Ол өте айқын көрінеді, сондықтан да есіңізді жинап бір қарасаңыз, «комплексовать» етіп жүргеніңізді өзіңіз сезесіз.

«Комплекс – таптырмас қазына» дегенім: шартарапты айналып, психологтың немесе өзге маманның көмегіне жүгінбей-ақ минусыңызды көріп, онымен күресе аласыз. Ал бұл жолдағы негізгі құралдар – сол комплексті қабылдау және онымен жұмыс істеу. Комплекстің екі түрінің жиі кездесетінін байқадым: біріншісі — бойына, түр-сипатына байланысты комплекс; екіншісі — «менің қолымнан келмейді», «бұл өмірде мен ешкімге керек емеспін».

Қазіргі таңда заман өзгеріп, технологиялар дамып жатыр. Сондықтан барлығынан бірдей болмаса да, сыртқы келбетке қатысты комплекстен арылуға болады. Бұнда мен барлығыңызға дене-бітіміңізді немесе комплексіңізді хирургиялық немесе басқа да жолдармен өзгерту туралы айтып жатқан жоқпын. Егер ол сіздің өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырса, басқаша өмір сүруге көмектессе, неліктен көрмеске? Өзгертуге болатын комплекстер болса, олармен күресесің, ал егер бойыңның ұзындығы немесе қысқалығы сияқты комплекстер болса, оны жай ғана қабыл аласың және мойындайсың. Мені балалық шағымнан «қазанбас» деп атады, ондай басты мен таңдап алған жоқпын, тез сөйлеуді де сұраған жоқпын. Әрине, тез сөйлеудің кесірінен тікелей эфирге шығуға қысылатынмын, елдің барлығы «жай сөйлеңізші» десе, бұның барлығы бір жағымсыз сезімдер ұялататын. Бірақ түйеқұс сияқты басыңды құмға тыға бермей, бұл нәрселердің бар екенін мойындап, күресу керек.

Қуаныш Шонбай
Фото жеке мұрағаттан

Сенімсіздік әдетте, балалық шақтан бастау алады. Сондықтан, құрметті ата-аналар, балаңызға тәрбие бергенде оны өзіне сенімді етіп өсіріңіз. Ол өз мүмкіндіктеріне, ақыл-парасатына, күшіне сенімді болуы керек. Ертеңгі күні әрдайым балаңыздың орнына шешім қабылдап, оның артынан жүгіріп жүрмейсіз ғой. «Балам, саған сенемін. Бүгін 3 алыпсың, бірақ кішкене ғана тырыссаң, ертең 5 деген баға аласың», – десеңіз, оның өзіне деген көзқарасы өзгере бастайды. Нәтижесінде ертең өскенде бір «адыраспан» кемиді. Өмір жолында адамдардың барлығы да қиындықтарға тап болады, әрбіреуі онымен күреседі. Бұл өмірде тек сіз ғана өзіне сенімсізсіз, сіздің ғана қолыңыздан келмейді, ал басқалар мықты деп ойламаңыз. Әр адамның бойында қорқыныш, үрей, өзіне деген сенімсіздік болады, оны жеңіп шығу, жеңіске жету жолын жалғастыруға мүмкіндік береді. Ата-ананы, қоғамды, тағдырды бұл үшін кінәламаңыз, алыңыз да жасаңыз, яғни күресіңіз. Бір-екі рет ұрынғаннан кейін иммунитет пайда бола бастайды, сенімділік артады.

Бір күні үлкен ғұлама адам тыныш жерде ойланғысы келіп, көлдің жағасында отырған екен. Жанына бір ит келіп, су ішпек болады. Суға жақындайды да, қайта артқа қашады. Бірнеше рет суға келеді, қайтадан шегінеді. Бір кезде шыдай алмай, шөлдегені соншалық — суға секіреді. Сонда ол ит өзінің судағы бейнесінен өзі қорыққан екен.

Сенімсіздікті қазір жеңсеңіз, ертеңгі күні ол сізге ешқандай қиын мәселе тудырмайды, барлығы өз қолыңызда. Өзіңізге сенімді болсаңыз, нәтиже де болады.

Қырсықтық екіге бөлінеді: адам мінезіндегі қырсықтық және үйренуге деген қырсықтық (жаңаны қабылдамау). Мен тез сөйлеймін, кейбір адамдар не айтып жатқанымды түсінуге үлгермей қалады. Сондықтан дикция, дауыс қою дәрістеріне жазылдым. Бірақ бұл кемшілігімді (деп атайық), сегіз мейрамханам болғанда ғана түзеуге бел будым. Осы уақытқа дейін оны комплекс деп есептемедім және ол маған мейрамхана ашуға, бизнес жасауға кедергі болған жоқ. Егер қырсығып, арнайы дәрістерге бармасам, өзіммен жұмыс жасамасам, бәлкім тренингтеріме бес жүз адам келмес еді ғой.

Танысым болуы мүмкін, ақшам болуы мүмкін, бірақ егер қырсығып, «мен мықтымын, қалай болсам, солай қабылдаңыз» деген принципті ұстанып, түсініксіз, тез сөйлесем, QAZAQSTAN телеарнасында реалити-шоу ұйымдастырып, оны жүргізуге мүмкіндігім болмайтын еді.

Айтайын дегенім, осы жеңістің «адыраспандары» сізді жеңіске жету жолында бөгейді. Бұл жаман қасиетті мойындау керек және оны жеңу үшін әрекет жасау керек.

Кез келген спорт түрінде, ойында жеңіске жете алмаған адам, өмірде де ешқандай нәтиже көрсетпейді. Бұл «смартфондарыңа ойын жүктеп, күні-түні ойнаңдар» деген сөз емес. Мәселе – адамның мінезінде. Егер ол, намыстанып, тырысып, талпынып, ойында, спортта белгілі бір дәрежеге жетсе, өмірде де солай болады.

Осман империясында эгоның кесірінен, «өзімді көрсетемін» деген сезімнің кесірінен дұрыс шешімдер қабылданбай қалуы мүмкін деген себеппен генералдарды соғысқа жібермес бұрын, эгосымен күресу үшін дәретхананы жуып шығуды тапсырады екен. Рас-өтірігін білмеймін, бірақ бұл мысалда әңгіменің шындығы маңызды емес, алуға болатын сабағы маңызды. Сарайдағы адамдар генералдардың дәретхана жуатынын біліп, «генералдың соншалықты төмендеп кеткені ме, әлде қатты қателескені ме» деп ойлапты. Адамдардың ол ойын көздерінен оқып қойып, әп-сәтте эгосы «ұстап қалғанын» түсінген генерал, дәретхананы сақалымен жуып шығады екен.

Қуаныш Шонбайдың блогы
Жетістік пен жеңістің сызбасы

ЭГО, ҚЫРСЫҚТЫҚ, САСЫҚ КӨКІРЕК – адамға осы жаман мінездердің тигізетін залалы — нашақорлық, алкоголизммен тең, одан асып түспесе, кем емес. Осы жаман әдеттерді біздің қазақ кейде «мінез» дейді. «Мінезі ауыр», «мінезі үшін жұмыстан шығып қалды», «мінезі бар жігіт қой» және т.б. Білесіз бе? Осы «мінез» үшін талай адам генерал болған жоқ, осы «мінез» талай адамды банкротқа ұрындырды, мінездің кесірінен талайы әкім бола алмады. Оқыған адам, ақылды, өз ісінің шебері, белгілі бір жеңіске қол жеткізуі керек еді, бірақ нәтиже жоқ, мінез кедергі болды.

ЖАЛҚАУЛЫҚ ПЕН ЕРІНШЕКТІКТІҢ айырмашылығын білесіз бе? Бір қарасақ, бірдей секілді. Бір ғана мысал келтірейін: Ерлан – жалқау. Қанша айтсаң да, әрекет етпейді, жұмыс істемейді, айтқаныңа көнбейді. Бұл жерде жалқаулық ауру, індет сияқты. Ал осы Ерлан: «Әке, мен ерініп тұрмын» десе, әкесі оның тас-талқанын шығарып, ерінудің неге алып келетінін көрсетеді. Көп ерінсең, жалқау боласың. Демек, жалқаулық – еріншектіктің ең жоғарғы сатысы. Онда неге жалқаулықты жеңе алмаймыз? Себебі жалқаулық – жоқ нәрсе. Көп ойландым, неге орысша «ленивый», ағылшынша «lazy», түрікше «tembel» – бір-ақ сөз. Сөйтсем, еріншектіктен жеңіліп қалу біртүрлі, сондықтан еріншектікті ақтап алу үшін біздікілер «жалқаулық» деген сөзді ойлап тапқан.

Спортшы достарың бар болса, білетін шығарсың, олар қарсыласын әрдайым мақтайды. «Ол күшті», «Спорт шеберінің кандидаты», «Үш дүркін чемпион», яғни жеңілсе – күшті қарсыластан жеңілгенін көрсетеді, ал жеңсе – өзінің одан да мықты екенін дәлелдейді. Бұл – психология. Сол сияқты, «еріншектіктен жеңіліп қалдым» десең – біртүрлі, ал жалқаулықты жеңе алмасаң, барлығы түсінікті. Кітаптың бұл бөлімінде жеңістен алыстататын «адыраспандарды» тізіп шықтым. Енді олармен күресу жолын қарастырайық.

«Адыраспандардан» құтылу қиын деп жатамыз, ал негізінде оны қиындататын өзіміз. Бойымыздағы кемшіліктерден құтылудың жақсы тәсілдері бар: оның біріншісі және негізгісі — мойындау.

Екінші болма
«Екінші болма! Бизнесте, карьерада және өмірде жеңіске жетудің қазақша жолы» кітабы

Қызды киноға шақырмағаныңыздың сыры неде? Сізге ұнамағаннан ба? Әлде өзіңізге деген сенімсіздіктен бе? «Екінші болма!» тренингін де, кітабын да дайындау барысында көптеген проблеманы тыңдап, оларды халыққа айтып, жоғымызды жоқтап, шынайы көзбен қараудың бізге қиын түсетінін байқадым. Осы тренингпен бір қалаға барып: «Біздің қандай проблемаларымыз бар?» – деп сұрағанымда екі адам орнынан тұрып кетіп қалғаны есімде. Сахнада тұрғанда, олардың көздерінен қандай да бір проблеманың бар екенін естігісі келмейтінін байқадым. Қырсықтық туралы айтқан кезімде,орындарынан тұрды да, кетіп қалды. Сонда байқағаным, мойындау бізге қиын, ал мойындаудың қиын екенін мойындау – үлкен ерлік. Мойындау да оңай болып көрінгенімен ерік-жігерді талап етеді. Себебі мойындаудың артында әлсіздігіңді қабылдау, эго мен сасық көкіректің араласынан пайда болған менмендік сезімдер жатыр. Бұл — айтылуы жеңіл, ал жасалуы қиын тәсіл. Бәлкім, оның себебі мойындаудың оңай болып көрінетінінде шығар.

Джим Коллинз «От хорошего к великому. Почему одни компании совершают прорыв, а другие нет» деген кітабының отыз тоғыз бетін мойындау тақырыбына арнаған. Қарап отырсақ, кәсіпкерлікке қатысты кітап, менеджментке деген жаңа көзқарас тудыратын кітап, онда он есе дамыған, табысты есептелген компаниялар туралы айтылады. Ал осы он есе дамыған компаниялардың ортақ қасиеті мойындай алуында делінген. Сондықтан сіз де, мойындау керек екенін қабылдасаңыз, әрі қарай оңай болады. Себебі «адыраспандардан» құтылудың алғышарттарының бірі – мойындау.

ЕКІНШІ, «адыраспандардың» сізді неден шектейтінін есептеңіз. Жақсы бизнеске ақша салудың орнына, қырсығып, әріптесіңізге мінезіңізді көрсеткіңіз келіп, шығынға әкелетін бизнеске ақша құйдыңыз. Нәтижесінде банкрот болдыңыз. Кімге, нені дәлелдегіңіз келді? Нәтиже қандай?

ҮШІНШІ, рационал ойлау жүйесін қосыңыз. Өзіңіздің сасық көкірегіңіздің кесірінен жеке көлігіңіз жоқ, сондықтан автобуспен жүресіз. Ал негізінде, жарыңыздың ағасы қарызға берем деген сол ақшаны алғанда, бизнесіңізді дөңгелетіп, қарызды пайдасымен қайтарар едіңіз. Кәсіпкер деген форма да, жеке көлік те, туыстардың назары да өзіңізде болар еді.

ТӨРТІНШІ, «адыраспандармен» күрес.

БЕСІНШІ, өзіңізді дамытудан ешқашан жалықпаңыз. Кітап оқыңыз, ізденіңіз, қараңыз таныңыз. Себебі жеңіс жолына түсіп, мықты кәсіпкер немесе #1 маман боламын десеңіз, сіз әрдайым даму жолында жүруіңіз керек.

Есіңізде сақтаңыз, мен барлығына әрдайым айтып жүремін: «Өзгемен емес, өзіңмен жарыс!». Осы қағиданы ұстанып, дайындық кезеңінен өтіп, бойыңыздағы «адыраспандарды» мойындап, олардан құтылған кезде, сізден жақсы кәсіпкер шығады.

Қуаныш Шонбай