Дәрігердің айтуынша, ультракүлгін сәуле теріде Д витаминінің түзілуіне әсер еткенімен оны шектен тыс қабылдау қауіпті. Сәуле терінің ерте қартаюына, пигменттің, қатерлі ісіктің, ревматология ауруларының және басқа да кеселдердің пайда болуына әсер етеді.

Пигмент, секпіл – шамадан тыс инсоляцияның, теріде метаболизм бұзылғанының көрінісі. Сондықтан Күннен қорғайтын кремдерді пайдаланған жөн. Күннің астында мүмкіндігінше сағат 10.00 мен 16.00 аралығында жүрмеген дұрыс, – дейді Гүлзат Қопанова.

Күннің қатты ысуы балаларда да, ересектерде де тершеңдіктің артуына әсер етеді. Әсіресе, балалар денесіне күтімді өздігінен жасай алмауынан, гигиена қағидаларын ұстай бермеуінен түрлі тері ауруын жұқтырып алуы мүмкін. Дәрігер сол себепті ата-аналарға бала тазалығына жіті мән беруді ескертеді. Ал нәрестелерде болатын бөртпе тек ыстыққа байланысты емес, басқа да инфекцияның әсерінен пайда болуы мүмкін.

Жазда белсенді таралатын тері аурулары

Жазда, әсіресе, қышыма ауруы тез таралады. Оны емдеу қиын болмағанымен таралуын тоқтату оңай емес. Қышыма кенесі әдетте ең алдымен қолда пайда болады екен.

Адамдар дененің қышуына көбіне аса мән бермейді. Оны аллергиядан немесе дененің кірлеуінен деп ойлап жүре береді. Бірақ жазда дене мазаны алып қышыса, қышыма кенесі жүрген болуы мүмкін. Оның көлемі өте кішкентай болғандықтан көзге де көрінбейді, – дейді дәрігер.

Бұл ауру жылдың барлық мезгілінде байқалады. Бірақ адамдар оның жазда таралуына оңтайлы сәт тудырады. Жеңіл, ашық киінеді, жағажайға, кісі көп шоғырланған орындарға барады. Туристерге гигиена қағидаларын сақтауға үнемі қолайлы жағдай бола бермейді. Соның әсерінен түрлі жұқпалы ауру адамнан адамға оңай жұғады.

Жазда теріні күту басқа мезгілге қарағанда қиынырақ. Өйткені жиі терлеу денеде түрлі микроағзаның көбеюіне, безеудің, жараның пайда болуына себеп болады. Бактерия оңай тарап, терінің көптеген инфекция агентімен жанасуына әсер етеді. Дәл осы себептерге байланысты жазда теміреткі, тері, тырнақ саңырауқұлақтары пайда болады, – дейді Гүлзат Қопанова.

Теміреткі жұқса, теріде қызыл дақтар, шеңберлер пайда болып, бөртіп, шаш та түсе бастайды. Балаға теміреткі жануарларға жақындауынан да жұғуы мүмкін. Ол баланың денесіне ғана емес, қалыптасуына, дамуына да зиян келтіреді. Дәрігер сол себепті теміреткіні емдеуді уақытынан кешіктіріп алмауды ескертеді.

Тері ауруларынан қалай сақтану керек?

Гүлзат Қопанованың айтуынша, тері ауруларынан сақтанудың жолдары қарапайым. Адамдар бар болғаны бірнеше маңызды қағиданы ұстанып, қауіпті аурулардан сақтана алады екен. Олар:

• Күннің астында ұзақ жүрмеу;

• жеңі ұзын, жеңіл, жабық киім таңдау. Әсіресе, сыртқа баскиімсіз шықпау;

• Күннен қорғайтын крем жағып жүру;

• жеке гигиенаны қатаң сақтау;

• тері күтіміне арналған құралдарды пайдалану.

Дәрігер қандай да бір ауруды байқасаңыз, бірден дерматологқа көрінуге кеңес береді. Өйткені әр адамдағы тері ауруы түрлі сипатта болады және бір адамға қолданылған ем екіншіге көмектеспеуі мүмкін. Сол себепті тері ауруын емдеу тек дәріханадан дәрі, мазь алумен шектелмейді.