Жазда жиі кездесетін аурулар – ішек инфекциялары, күн өту, жәндіктер шағудан болатын аллергиялық реакциялар, поллиноз.

Ішек инфекциясы

Ішек инфекциясы қарапайым гигиеналық-санитарлық нормаларды сақтамағаннан болады. Дәрігердің айтуынша, қоздырғыштар күн ысыған кезде көп таралады.

Жедел ішек инфекциясы бактерия, вирус пен токсиндерден пайда болады. Бактерия арқылы дизентерия таяқшасы, сальмонелла, стафилококк, іш сүзегі,  холера вибрионы сияқты тағы басқа аурулар туады. Ал энтеровирус, ротавирус, аденовирус аурулары вирустан жұғады. Ботулизм токсиннен пайда болады, – дейді дәрігер Гауһар Мұхтарова.

Ішек инфекциясынан қалай сақтану керек?

  • Алдымен қарапайым гигиеналық шараларды ескеру қажет. Даладан үйге кіргенде, тамақ ішерде қол жууды ұмытпаңыз;
  • Көшеден, базардан кез келген күмәнді орыннан тамақтанбаңыз;
  • Көкөніс, жемісті ағын су астында жуған соң жеңіз;
  • Көкөніс, жемісті өз мезгілінде, піскен кезінде тұтыныңыз;
  • Тез бұзылатын тағамды тоңазытқышта сақтаңыз. Кейбір тағам тоңазытқышта тұрса да, бұзылатыны есіңізде болсын;
  • Жарамдылық мерзімі өткен, жылы жерде тұрып қалған тамақты жемеңіз;
  • Санитарлық нормаға сай келмейтін өзен, көлдерден су ішпеңіз, шомылмаңыз;
  • Суға шомылғанда судың ауызға кіруінен сақтаныңыз;
  • Сүт, ет өнімдерін толық қайнатып, пісіріп ішіңіз;
  • Термиялық, яғни қайнатып, пісіруді қажет етпейтін өнімдерді (нан, тәттілер, тағы басқа) көкөніс және етпен бірге сақтауға болмайды. Дүкеннен алған кезде де бөлек пакетке салыңыз. Ет тураған тақтайды жууды ұмытпаңыз.
  • Банан мен жұмыртқаны қолданар алдында жуыңыз;
  • Асханада қолданатын ыдыс жууға, үстел сүртуге арналған құралдарды (шүберек, губка) жиі ауыстырыңыз;
  • Тамаққа шыбынның қонуына жол бермеңіз;
  • Егер тамақтан сәл басқа иіс, көпіру, ашу белгілері байқалса жемеңіз, тастаңыз;
  • Салатты дастарханға қояр кезде дайындаған жөн;
  • Балаңыздың өз бетімен, көшеде кез келген адам ұсынған тамақты жеуіне болмайтынын қатаң ескертіңіз.

Дәрігер бұл қауіптерден сақтану үшін иммунитетті жақсартуға кеңес берді. Сонда ағзаның түрлі инфекцияға қарсы тұру қабілеті жоғары болады.

Күн өту

Жаз мезгілінде температура жоғарылап, ультракүлгін сәулесі көтеріледі. Гауһар Мұхтарованың айтуынша, дене қатты қызған кезде ағзадағы ыстық пен салқын температураны реттейтін жылу реттегіші бұзылып, тер бөлінбей қояды. Дәрігер адамға күн өткенін білдіретін белгілерді атады.

Бас айналуы, бас ауруы, журек айнуы, дене температурасының көтерілуі, журек соғуының жиілеуі, тер бөлінуінің тоқтауы, терінің құрғауы және ысу белгілері адамға күн өтіп кеткенін байқатады. Ал бұл жағдай асқынып кетсе, адам денесі тырысып, есінен танады, – дейді ол.

Оның алдын алу үшін маман күннің қауіпті кезінде, әсіресе, сағат 11.00-16.00 аралығында күн астына шықпауға кеңес берді. Шыққан жағдайда одан қорғайтын крем жағу керек екен.

Зерттеулер SPF 30-дан жоғары кремдер ұсынады. Оны далаға шықпастан 15-30 минут бұрын, басқа барлық күтім құралдарынан кейін, ең соңында жағу керек. Әр екі сағат сайын қайта жағып тұру да артық емес, – дейді дәрігер.

Ол қандай крем болмасын күн сәулесінен 100% қорғай алмайтынын айтты. Сондықтан крем жағумен бірге, бас киім, күннен қорғайтын көзәйнек, табиғи матадан тігілген немесе арнайы күннен қорғайтын киім киюге кеңес берді.

Гауһар Мұхтарова үш жасқа дейінгі балаларды күн көзінен қорғау керегін ерекше ескертеді. Себебі балаларда ультракүлгін сәуледен қорғайтын меланин синтезінің жүруі өте төмен.

Күн тиюден қорғанудың тағы бір қарапайым ережесі – жеткілікті мөлшерде су ішу, – дейді маман.

Поллиноз

Дәрігердің айтуынша, ол – өсімдіктің шаң-тозаңына болатын аллергия. Поллиноз адамдарда көбіне көктемде басталып, жазда қозады екен. Оған емді дәрігер тағайындайды.

Бұл аллергиядан сақтану үшін өсімдігі көп алаңда жаңбырдан кейін қыдырмау керек. Мұрын қуысына изотония тұзын ерітінді шашудың да пайдасы бар, – дейді Гауһар Мұхтарова.

Жазда адамды жәндіктердің шағуы жиі кездеседі. Әсіресе, маса, ара, сона, кене сияқты жәндіктер кез келген жерде жүре береді.

Дәрігер олардан қорғану үшін дұрыс киінуге кеңес берді. Оның айтуынша, ұзын жеңді, жабық әрі, ақ түсті киім кигенде жәндіктердің қонғанын бірден байқауға болады.

Қауіпті жәндіктерден қорғанудың тағы бір жолы – масаға қарсы арнайы реппелент жағу және үй терезесіне тор орнату, – дейді ол.