2017 жылғы «Үркер» сыйлығын табыстау рәсімін мұқият қарап шықсаңыз, кейбір жеңімпаз журналистер «Жақсылықтың жаршысы болайық, тек жақсы жаңалық жазайық» деген сарында сөз сөйлеп, журналистиканың миссиясын дұрыс түсінбегендей көрінеді. Ал басқа номинация бойынша жеңімпаз журналист Зарина Ахматова өз сөзінде журналистиканың миссиясына былайша тоқталды:
Біз, журналистер, өз оқырмандарымызға ақпаратты жеткізуіміз керек. Ол ақпарат оқырманды бақытты ету-етпеуі оқырманға және ақпаратқа байланысты.
Зарина Ахматованың ойын дамыта келе айтарымыз: журналистиканың миссиясы — оқырманға, көрерменге ақпаратты мейлінше жылдам әрі объектив жеткізу. Осы орайда журналистер өздерінің объектив және бейтарап болуына кедергі келтіретін факторлардан, яғни журналистік этикаға қайшы келетін мүдделер қақтығысынан бойын аулақ ұстауы керек.
Жалпы, журналистер өз қызметі барысында мүдделер қақтығысы проблемасына жиі тап болуы мүмкін. Егер журналист өзінің әзірлеуге ниеттенген материалының позитив немесе негатив болуына мүдделі болса, онда мұны мүдделер қақтығысы деп атайды. Сол үшін де журналистер мүдделер қақтығысынан аулақ болуы керек. Мүдделер қақтығысы қай кезде болуы мүмкін?
Қазақстанда мүдделер қақтығысына журналистер мынадай жағдайларда тап болуы мүмкін: мәселен, мемлекеттік телеарнадағы танымал ток-шоу немесе бағдарлама жүргізушісі журналистік жұмысынан бөлек, министрдің немесе әкімнің кеңесшісі қызметін қоса атқаруы мүмкін, яғни журналист жоғары лауазымдағы мемлекеттік қызметкердің имиджіне, қоғаммен және БАҚ-пен байланысына жауап береді. Журналист өзі жүргізетін ток-шоудың немесе бағдарламаның шығарылымына өзінің басшысын (министрді немесе әкімді) қонақ ретінде шақырады. Осындай жағдайда Қазақстанда журналист өзінің тікелей басшысына ыңғайсыз сұрақтар қоя алмайтыны, соның нәтижесінде объектив ақпарат бере алмайтыны бәрімізге белгілі. Осылайша журналистің іс-әрекеті журналистік этикаға қайшы келіп, мүдделер қақтығысын тудырады. Өкінішке қарай, Қазақстанда осыған ұқсас жағдайлар күнде болмаса да, жиі кездеседі.
Қазіргі кезде жаңалық сайттары мен газет-журнал қызметкерлері жиі ұшырайтын журналистік мүдделер қақтығысына тағы бір мысал келтіре кетсек. Жыл санап Қазақстанда B2C, яғни өз тауарларын немесе қызметін тікелей тұтыншыларға ұсынатын шетелдік және отандық компаниялардың саны артып келеді. Тиісінше, олардың арасында тұтынушылардың назарына ілігу үшін бәсеке де күшейіп келеді. Сондықтан коммерция ұйымдары өз тауарларын немесе жаңа қызмет түрін тұтынушыларға тартымды ету үшін журналистер мен блогерлердің көмегіне жиі жүгініп, тегін пресс-турлар мен қымбат қонақүйлерде, демалыс орындарында презентациялар ұйымдастырады. Тиісінше, журналистер үшін мүдделер қақтығысына тап болатын кейстер көбейіп келеді.
Мәселен, әуе компаниялары журналистер мен блогерлерге Қазақстанның ішінде немесе шетелге тегін барып-келу билетін немесе арнайы пресс-тур ұсынуы мүмкін. Тегін ел-жер көріп қалайын деген оймен ұсынысты қабылдау журналистерді көп жағдайда мүдделер қақтығысына итермелейді. Өйткені болашақта аталған әуе компаниясының жайлы мақала немесе интервью дайындау барысында журналист әу бастан позитив материал дайындауға бүйрегі бұрып тұруы әбден ықтимал. Осы секілді журналистік этиканың қағидаларына сай келмейтін жағдайларға тамақ өнеркәсібі, туризм, қосымша білім беру, технологиялар және өзге де салалар жайлы маманданған БАҚ қызметкерлері жиі тап болуы мүмкін.
Журналистік этика мен стандарттарға қайшы келетін мүдделер қақтығысы Қазақстан сияқты дамушы елдер үшін тән деуге келмейді. Мүдделер қақтығысына іс жүзінде сөз бостандығы бар және БАҚ-қа мемлекеттің үгіт-насихат құралы ретінде қарамайтын батыс елдерінде де журналистер жиі тап болады. Мысалы, 2016 жылы ірі мүдделер қақтығысымен технология әлемі жайлы жазатын танымал америкалық The Verge сайты бетпе-бет келген-ді. Сол жылдың жазында сайттың редакторы Крис Зиглер өзінің негізгі журналистік қызметімен қатар Apple компаниясында қосымша жұмыс істеген. Ол туралы сайт басшылығы мен құрамына Verge кіретін Vox Media компаниясының менеджменті бірнеше айдан соң ғана білген.
Мүдделер қақтығысы мәлім болғаннан кейін компания ішкі зерттеу жүргізген. Осы жағдайға байланысты Verge сайтының бас редакторы Нилай Патель оқырманға арналған ашық хатында былай деп жазады:
Verge және Vox Media-ның Криспен тығыз жұмыс істеген ондаған қызметкерімен сұхбат жүргізіп, ол араласқан медиаматериалдарды зерттеп, электрон хаттарды мұқият талдай келе директор Локхарт Стил ол тап болған мүдделер қақтығысының Verge-дегі журналистикаға еш кері әсері болмады және Крис Apple компаниясы жайлы позитив немесе негатив мақала жазуға талпынбады деген қорытынды шығарады.
Дегенмен Крис Зиглер журналистік этикаға қайшы қадамға барғаны үшін жұмыстан қуылады. Бұл оқиға журналист мықты маман бола тұра өзінің іс-әрекеті арқылы БАҚ-тың репутациясына қауіп төндірсе, онда медиа басшылығы оқырман алдында өз абыройын сақтап қалу үшін оны жұмыстан шығаруға көп ойланбайтынын көрсетеді.
Мүдделер қақтығысының бірнеше түрі болады. Олардың алдын алу үшін мынадай ережелерге бағыну қажет:
- Дереккөздерден сыйлық алмаңыз. Адамдар әдетте журналистерге түрлі формадаға сыйлық беруге тырысады. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, осындай сыйлықтарды алу арқылы журналистер сыйлық берушіге қарыздар болып қалады.
2. Саяси партияларға және қоғамдық белсенділерге қолдау ретінде ақша бермеңіз. Мұндай ереженің болуының қарапайым түсіндірмесі бар — журналистің саяси көзқарасын байқатып қояды да, бұл олардың бейтараптығына күмән туғызады.
3. Саяси белсенді болмаңыз. Бұл 2-ережемен қатар жүреді. Шерулерге қатыспаңыз, плакаттарды желбіретпеңіз және саяси мақсатта құрылған топтарға және ұйымдарға қолдау көрсетпеңіз.
4. Достыққа мұқият болыңыз. Дереккөздермен жақсы іскери қарым-қатынас орнатқаныңыз дұрыс. Алайда іскери қарым-қатынас пен шынайы достықтың ара-жігін білгеніңіз абзал. Егер Сіз дереккөзбен жақын дос болып кетсеңіз, онда ол адам туралы объектив ақпарат бере алмауыңыз мүмкін. Бұған қалай жол бермеуге болады? Ол үшін дереккөздермен жұмыстан тысқары жақын қарым-қатынас орнатпаңыз.
5. Достарыңыз бен отбасы мүшелеріңіз туралы хабар жасамаңыз. Егер досыңыз немесе туысыңыз танымал адам болса (мысалы, Мәжіліс депутаты), ол кісі туралы хабар таратудан бас тартуыңыз керек. Себебі оқырманыңыз Сіздің ол кісі туралы шынайы ақпарат бере алатыныңызға сенбейді. Бұл сенімсіздікті негізсіз дей алмаймыз.
6. Қаржылық қақтығыстардан абай болыңыз. Егер Сіз белгілі бір компания акциясын иеленушісі болсаңыз, онда ол компания туралы ақпарат таратпаңыз. Сонымен бірге, айталық, фармацевтика немесе компьютерлер туралы жазатын болсаңыз, онда осы индустрияға қатысты компанияларда акцияңыз болмауы керек.
Бұлар — әлем журналистикасында қабылданған ережелер. Бірақ әр елдің өз ерекшелігі болады. Мүдделер қақтығысының, әсіресе, Қазақстан жағдайында жиі кездесуінің белгілі себептері бар. Осыған орай бірінші кезекте журналистік этиканы түсінетін және құрметтейтін ұжымда жұмыс істеу керек. Одан кейін материалдарды әзірлеу кезінде жоғарыда айтылған мүдделер қақтығысының ережелерін үнемі есте ұстау керек.