Мамыр мерекелерінде қосымша пойыздар жолаушы тасымалдайды

Мамыр айындағы мереке күндері қосымша пойыздар қатынайды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ алдағы мамыр мерекелері қарсаңында (Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушы күні және Жеңіс күні) қосымша пойыздар мен вагон тіркестерін іске қосатыны туралы хабарлайды, — делінген хабарламада.

Атап айтқанда, Алматы-2 — Түркістан, Ақтөбе-Бейнеу және Нұр-Сұлтан-1-Павлодар бағыттары бойынша қосымша пойыздар жолаушы тасымалдайды.

1. №205/206 Алматы-2 — Түркістан
Алматы-2-ден 2 және 9 мамыр күндері, ал Түркістаннан 3 және 10 мамыр күндері жүреді.

2. №207/208 Ақтөбе — Бейнеу
Ақтөбеден 30 сәуір, 2, 4, 7 және 9 мамыр күндері, ал Бейнеуден 1, 3, 5, 8 және 10 мамыр күндері жүреді.

3. №7510 Нұр-Сұлтан-1 — Павлодар
Нұр-Сұлтан-1-ден 8 мамыр күні жөнелтіледі.

Компания мерекелердегі сұранысты ескере отырып жолаушы көп жүретін бағыттарға қосымша вагондар тіркегелі отыр. Толық ақпаратты «105» анықтама нөміріне хабарласып алуға болады (стационар телефоннан қоңырау шалу тегін).