Қазақстан азаматтары интернетке қосылған телефондарына қауіпсіздік сертификатын орнатпауға да құқылы. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспанов Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатында айтты.
Бүгінде бұл — ерікті талап. Операторлар мүмкіндік беріп отыр, сіздің ол сертификаттарды орнатуға да, орнатпауға да құқыңыз бар, — деді Абылайхан Оспанов.
Вице-министрдің айтуынша, бұл норма 2015 жылы «Байланыс туралы» заңға енгізілген, сол бойынша ұялы байланыс операторлары клиенттеріне қауіпсіздік сертификатын жүктеу және орнату мүмкіндігін ұсынуға міндетті.
Бұл сертификат халыққа жеке мәліметтерді қауіпсіздендіруге, фишинг сайттарына қосылмауға мүмкіндік береді. Бүгінде хакер шабуылдары сізді бір сайттан екіншісіне бағыттауы мүмкін, сондай кезде жеке бас мәліметтері, төлем карталары мен төлем транзакциялары туралы мәлімет таралып кетеді, — деді министрдің орынбасары.
Абылайхан Оспановтың айтуынша, телефонға орнатылатын қауіпсіздік сертификаттары — пилот жоба.
Маған әзірше ондай хабарлама келген жоқ. Егер келсе, мен міндетті түрде өзіме және балаларыма орнатып аламын. Кейбір сайтта баннерлер жылтыңдап шығып тұрады. Қауіпсіздік сертификаты бар кезде бала ондай сілтемені басып, ресурсқа өтіп кете алмайды, — деді Абылайхан Оспанов.
Бұған дейін ақпарат құралдары Қазақстанның ұялы байланыс операторлары таратқан хабарламалар туралы жазған еді. Онда операторлар абоненттерден интернетке қосылатын ұялы телефондарға қауіпсіздік сертификатын орнатуды өтінген.