Жылдың басты ғылыми жаңалықтары

Гендік инженерия арқылы адам мүшелері өсірілді

Ғалымдар донорлық мүшелердің жетіспеушілігі енді азаяды деп сендіруде. Себебі америкалық ғалымдар гендік инженерия арқылы адам мүшелерін өсірудің жолын тапты.

Калифорния университетінің профессорлары CRISPR технологиясы арқылы шошқаның ішінде адам мүшелерін өсіріп, тәжірибе жасап көрген. Ол үшін шошқаның эмбрионынан ұйқы безіне жауапты ДНК-ны алып, орнына адамның индукцияланған діңгекті жасушаларын салады. Осы арқылы шошқаның ішінде адамның ұйқы безі өсіп шығады деп болжап отыр. Бұндай эмбриондар «химер» деп аталады. Әзірге ғалымдар «химрелерді» тек 28 күнге ғана шошқаның ішінде қалдырып көрді. «Химерді» зерттеген ғалымдар осы жолмен донорлық мүшелерді өсіруге болады деп отыр.

Жасанды тері жасап шығарылды

Жасанды тері — фантастикалық фильм үшін емес, кәдімгі адамның терісін алмастыру үшін ойлап табылған. Ол адам терісінен аумайды, сол сияқты созылмалы, сол сияқты тегіс. Оны әжімдерді азайту үшін косметикалық жолда немесе түрлі тері аурулары кезінде қажет болатын ылғалдандыру үшін қолдануға болады.

Көз
Сол жақтағы көздің астына жасанды тері жабыстырылған.

Гарвард медициналық институты мен Массачусетс технологиялық институты ғалымдары жасанды теріні бірнеше адамның қолына, аяғына, көзінің астына жабыстырып көрді.

Тері синтетикалық материалдан жасалғанымен, ауа өткізетін саңылаулары бар. Соның арқасында терінің тыныс алуына кедергі келтірмейді. Әрі қандай ауа-райы болса да, түсіп қалмайды.

Ғалымдар бұл теріні енді коммерциялық мақсатта пайдаланғалы отыр. Ол үшін тері ауруы бар адамдарға жасанды теріні жабыстырып, сынақ жүргізіп көрмекші.

Омырау ісігін емдеудің жаңа жолы табылды

Британдық ғалымдар 11 күннің ішінде қатерлі ісікті азайтып, кейбір түрін жойып жіберетін 2 препарат тапты. Басында олар рак жасушаларының тасымалына аталған препараттардың қалай әсер ететінін көрмек болып, ота жасатуға келген әйелдерге енгізіп көрген. Диагноз қойылып, ота жасалатын уақыт аралығында препарат қатерлі ісіктің белгілерін бірін қалдырмастан жойып жіберген. Бұл жаңалыққа ғалымдардың өзі де таң.

Бұл препараттар Lapatinib және Trustumazab деп аталады. Соңғысы Herceptin деген атпен танымал. Олар омырау ісігінің пайда болуына әкелетін HER2 ақуызына әсер етеді.

Жас көрінудің құпиясы ашылды

Ғалымдар ғасырлар бойы жас көрінудің құпиясын табу үшін еңбектеніп келеді. Жақында олар сары өңді адамдарда ғана болатын ген тапты. Бұл ген тікелей теріге жауап береді.

Ғылыми тілде MC1R деп аталатын ген теріні ультракүлгін сәулелерден қорғайды. Нәтижесінде тері ылғалдылығын сақтап, әдеттегіден жас көрінеді. Бұны дәлелдеу үшін Unilever компианиясы мен Ниделандтағы Эразмуз Университетінің ғалымы Дэвид Гунн бастаған профессорлар 2693 адамды ешбір бояусыз суретке түсіріп, өзге адамдарға көрсетіп, кімнің жасы қаншада екенін сұраған. Нәтижесінде сары шашты адамдардың түрі жас көрінетіні анықталған.

Алайда, аталған геннің бірнеше түрі бар. Оның көбі шаштың сары болуына жауап береді.

ДереккөзВВС