Мәслихат отырысында Алматыны дамыту проблемалары талқыланды

Кездесуде мегаполис әкімі Алматыны дамытудың бірінші кезектегі міндеттері мен бағыттары бойынша өзінің болжамын айтты.

Барлық экономикалық көрсеткіш бойынша дамудың оң динамикасы сақталған. Мысалы, жарты жылда алты базалық саланың (өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс) қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 104% болған. Инвестиция көлемі 8%, өнім өндірісі 5,2%, құрылыс 3,9%, тұрғын үй салу 2% өсті. Салық жинау 1 триллион теңгеден асып, 10% ұлғайды. Шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім 9,8%-ке көбейді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім шығару (ЖӨӨ) кем дегенде 3,5% өседі деп болжанып отыр.

Алайда Бақытжан Сағынтаев қалада шешімін күткен мәселелердің жеткілікті екенін айтты.

Проблемалар бәрімізге таныс. Ол — лайық жалақысы бар жұмыс орындарының жетіспейтіні. Бірінші кезекте азық-түлік бағасының өсуі, коммунал қызметтің қымбаттауы, тұрғын үйдің жоқтығы, экология, медициналық қызмет сапасы мен қоғамдық қауіпсіздік. Тұрғындар бізден әділ шешім мен тиімді іс-қимылды күтеді. Біз тура осы бағытта қала қоғамдастығымен ақылдаса отырып жедел әрі жоғары жауапкершілікпен жұмыс істейміз, — дейді Алматы әкімі.

Бақытжан Сағынтаев мегаполисті дамыту перспективаларына тоқталды. Мұндағы басты мақсат — тұрғындардың табыс деңгейін көтеру, өмір сүру сапасын жақсарту. Әкім Алматыны «Шетсіз қала» қағидасы бойынша дамыту қажет екенін айтты.

Орталық пен шет аймақты дамытудағы дисбалансты жою қажет, бұл — принципті мәселе. Қаланың шетінде тұратын халық орталық тұрғындары сияқты сапалы қызмет түрлерін алуға тиіс, — дейді ол.

Алматы мәслихаты тұрақты комиссияларының бірлескен VI отырысын мәслихат хатшысы Қалдыбай Қазанбаев ашты. Кездесу барысында Владислав Ли, Марат Абдуллаев, Ерболат Касымов, Ләззат Қалтаева, Кенжехан Матыжанов, Сергей Козлов және Мұрат Әділханов сияқты депутаттар ұсыныстарын айтып, дамудың өзекті мәселелерін көтерді.

Цифрларға көз жүгіртіп өтелік: соңғы бес жылда қаланың орталық аудандарының аумақтарын абаттандыру үшін 65 миллиард теңге күрделі қаржы жұмсалған, ал шеттегілерге бөлінгені 15,5 миллиард теңге ғана. Соның салдарынан шет аймақтар тұрғындары қажет инфрақұрылымның – орталықтандырылған су, газ желілерінің, көше жарығының жоқ екенін айтып, шағымданып жатыр. Ондағы жолдың сапасы да төмен, автобус бағыттары жеткіліксіз. Жағдайды түбегейлі өзгерту қажет, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала басшысының тапсырмасы бойынша аудан әкімдіктері 1 тамызға дейін жергілікті тұрғындарды толғандыратын мәселелерді жедел шешу бойынша нақты жоспарларды әзірлейді.

Бақытжан Сағынтаев мегаполистегі проблемаларды шешу үшін бюджет саясатының тиімділігі артатынын атап өтті. Соның арқасында қаланы орталықтандырылған су, газ желілерімен, жарықпен толығымен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы кезеңде аулаларды абаттандыру да аяқталуға тиіс.

Сонымен қатар алда қоғамдық көлікті жаңарту, оқу орындарын көбейту, ПИК-тер мен басқарушы компаниялардың, қала әкімдіктері мен басқармалары жұмыстарының ашықтығы мен тиімділігін арттыру міндеттері тұр. БҰҰ-ның ұсынысына сәйкес бюджеттің «халықтың қатысуы» механизмін енгізу жоспарланған.