Осы және өзге де отандық туризмнің бүгіні мен болашағына арналып жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде «Kazakh Tourism ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Өркен Бисақаев айтып берді.
Былтыр Үкімет Қазақстан Республикасының Туристификация картасын әзірледі, онда республикалық маңызы бар топ-10 нысан және өңірлік маңызы бар топ-50 нысан айқындалды. Топ-10 нысан қатарына Нұр-Сұлтан, Имантау-Шалқар, Щучинск-Бурабай курорттық аймақтары, Баянауыл, Алакөл көлінің жағалауы (ШҚО, Алматы), Балқаш, Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау мен Түркістан енді. Бұл аймақтардың туризмді дамыту тұрғысынан әлеуеті зор, — деді Өркен Бисақаев.
Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламада аталған аймақтарда қажет инфрақұрылымды дамыту қарастырылатын болады, бұл өз кезегінде туристердің онда болуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Бұл ретте, топ-10 немесе топ-50 нысандардың әрқайсысы 100% зерттелмеген. Тіпті туристер ағымы қалыптасқан Баянауылда, Балқашта және Түркістанда тек бірлі-жарым адамдар ғана білетін жерлер мен нысандар бар. Сондықтан, мемлекеттік бағдарлама аясында бұл нысандарды ел ішінде де, шетелдерде де ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған, — деді Ұлттық компанияның басқарма төрағасы.
Сонымен қатар Өркен Бисақаев әрбір турист көруі тиіс еліміздің 10 ерекше жерін атап өтті.
Олар Қайыңды, Бурабай, Бозжыра, Рахман бұлағы, Қорғалжын көлі, Ақтау тауы, әйгілі әнші құмдар, Белуха, Шарын шатқалы, Көлсай және Индер көлдері, — деді Өркен Бисақаев.
Одан бөлек, Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басшысы сұхбат барысында Қазақстанда ішкі және келу туризмін дамыту мәселесін қозғады.
Жергілікті туристік ортаның имиджін қалыптастыру және тартымдылығын арттыру бойынша қарқынды жұмыстар жөнінде айтып берді.