Euronews NBC телеарнасы Қазақстан туралы ролик көрсетіп жатыр

Euronews NBC телеарнасында Қазақстан туралы жарнама кампаниясы жалғасып жатыр. Бұл туралы Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Facebook желісінде хабарлады.

Еуропа телеарнасында Қазақстандағы шытырман оқиғалы туризм мен сити-турлар туралы хабарлар топтамасының қорытындысы ретінде арнайы әзірленген бейнеролик көрсетіледі. Бұл роликтің мақсаты — Қазақстанның жаңа, ерекше туристік дестинация ретіндегі шексіз мүмкіндігін паш ету.

Ұлттық компанияның мәліметінше, Еуразияның жүрегінде — біздің туған жерімізде де таза табиғатты тамашалап, құм әнін естуге, қарлы ылдилардан сырғанауға, таулар мен көлдердің әдемі көріністерінен ләззат алуға және айбынды каньондарды көруге болады. Құмды шөлдер мен қарлы шыңдарға дейін бәрі бір дестинацияда.

Имидждік роликте еліміздің осындай туристік ерекшеліктерінің маңызды бөлігі көрініс тапқан.