2019 жылдың 10-14 шілде күндері Ақтөбеде Baqytty bala ІІ балалар вокалы фестиваль-байқауы өтті. Байқау балаларға вокал потенциалын көрсетуге мүмкіндік береді.

Байқауда Нұр-Сұлтан тұрғыны, жас вокалист Айкерім Тілеубек «Голос. Дети» шоуының жеңімпазына айтарлықтай бәсекелестік танытты. Осылайша «ДимашАли» продюсерлік орталығы әлем деңгейіндегі тағы бір жас өнер жұлдызын танытты.

Айкерім Тілеубек, Baqytty bala
Айкерім Тілеубек. Фото ұйымдастырушылардан

Әлем халықтары көз тіккен бәсеке туралы кеңірек әңгімелесек, байқау болмай тұрып үміткерлер мен қазылар алқасының танысу кеші өтті. Кеште халықаралық деңгейдегі сайыстың барлығында көзделген конкурстық өнер көрсету тәртібін анықтайтын жеребе тарту рәсімі өтті.

Вaqytty bala
Димаш Құдайберген. Фото ұйымдастырушылардан

Байқау «Димаш Құдайберген гала-шоуға бір күнге ұшып келді» деген қуанышты хабардан басталды. Балалар қобалжығанын жасыра алмады. Бірақ олар толғаныстарын басып, сахнада үздік өнер көрсетуге барын салып бақты. Өз ана тілінде ән шырқауды талап ететін бірінші сайыстың өзінде көрермендер үшін жеңіске үміткер анықталғандай болды. Нұр-Сұлтаннан келген Айкерім Тілеубек «Жұмақ мекен» әнімен тыңдармандарды баурап алды. Көпшілік оған ұзақ уақыт бойы қол шапалақтап, ыстық ықыласын білдірді.

Ислам Балкоев, Baqytty bala
Ислам Балкоев. Фото ұйымдастырушылардан

Әлемдік деңгейдегі танымал хиттердің перфоманстары орындалатын екінші кезеңде ұйымдастырушылар жас шамасына шектеу қоймағанын атап өткен жөн. «ДимашАли» продюсерлік орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев айтқандай, мұнда қатысушылар өздерінің вокал қабілеттері мен сахна шеберлігін мейлінше айқын көрсететін әндер таңдауы керек болды.

Балалар тамаша өнер көрсетті. Тамашасы сол, тіпті, шын мықтыны таңдау мен анықтау қиынға соқты. Алайда байқау шарты да орындалуы тиіс. Қазылар алқасы ешкімді алаламай, міндетін адал атқарды деп білемін. Соңында ерекше қорытынды шығарды, — деді қазылар алқасының мүшесі Аида Николайчук.

Baqytty bala
Димаш Құдайберген. Фото ұйымдастырушылардан

Байқауда қостанайлық Исатай Болтахан және Алматы үміткері Қарақат Башанова жүлделі үшінші орын алды. Олардың әрқайсысы 100 000 теңге сомасындағы сертификатпен марапатталды. Екінші орынға Харьковтан (Украина) келген Дарина Галицкая мен ақтөбелік Аңсар Жүсіп лайық деп танылды. Оларға 150 000 теңге көлеміндегі сертификаттар табыс етілді. Ал бірінші орынды Туладан (Ресей) келген Мария Панюкова мен алматылық Нұрлыбек Сапарбай жеңіп алды. Бәсекелестерінен өнер бәйгесінде оза шапқан жас әншілер 250 000 теңге көлеміндегі сертификаттарға ие болды.

Сегіз мемлекеттен келген таңдаулы әншілердің арманындағы бас жүлде байқаудың дәрежесін көтерген ең мықты екі қатысушыға табысталды. Baqytty bala ІІ фестиваль-байқауының конкурсының қос жұлдызы — астана тумасы Айкерім Тілеубек пен Түменнен (Ресей) келген Ислам Балкоев. Бас жүлдені жеңіп алған жас әншінің әрқайсысына 1 000 000 теңге сомасындағы сертификат табыс етілді.

Baqytty bala
Димаш Құдайберген. Фото ұйымдастырушылардан

Ислам Балкоев «Первый канал» арнасынан көрсетілетін «Голос. Дети» телевизия шоуы арқылы көпшілікке танымал. Ресейдің басты вокал шоуында Валерий Меладзенің жетекшілігімен өнер көрсету Исламға көп көмегін тигізді. Оның өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Димаштың педагогі Марат Әйтімов те оң пікір білдірді.

Ислам талантымен қатар ерекше дарыны мен сахна шеберлігін таныта білді. Әлбетте, оның сахна адамы екені даусыз. Ол аудиториямен жұмыс істей алады, сахнаның сәнін келтірді. Нағыз артист үшін жақсы вокал қабілеті болу жеткіліксіз, нағыз артист сан-алуан қасиеттерге ие болуы тиіс, ең бастысы — әнді Димаштай жүрекпен жеткізе білу қажет. Мастер-класс кезінде мен Исламға оның хореографиясына қатысты бірнеше ескерту жасадым. Биі шикілеу болды, ашығын айтқанда, оның деңгейіне лайық емес еді. Іс-қимылдары сәл қысыңқы болатын. Ислам мені мұқият тыңдап, пысықтауға уәде берді. Сөйтіп финал кезінде мүлдем жаңа қойылымымен тәнті етті. Осындай қысқа мерзімде ол барлық кемшілікті жойып, биді жақсы алып шықты. Бұл — әлбетте, оның жоғары кәсіби екенінің көрсеткіші, — деді Марат Әйтімов.

Baqytty bala
Baqytty bala фестиваль-байқауы. Фото ұйымдастырушылардан

Ал Айкерім Тілеубек Димаш Құдайбергенмен бірге оның келесі концертінде ән шырқау құрметіне ие болды. Baqytty bala фестиваль-байқауының I маусымының финалисі Нарғыз Жанұзақ Лондонда өткен Indigo at the O2 концерт залының сахнасында әйгілі әншімен бірге мега-жұлдыздармен дуэтте өнер көрсетті. І маусымның екінші бас жүлде иегері Ержан Максимм ресейлік «Голос. Дети» жобасында мәскеулік көрермендерді дарынымен тамсандырды.