Қазақстанда 200 жаңа оқу орны ашылады

Алдағы үш жыл ішінде елімізде 180 колледж бен 20 жоғары оқу орны ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен Шетел инвесторлары кеңесінің отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Таяу үш жылда 180 колледж бен алдыңғы қатарлы 20 жоғары оқу орны құрылады. Біз республикалық бюджеттен бұл мақсатқа тек алғашқы кезеңнің өзінде 58 миллиард теңге бөлеміз. Бұл — шамамен 150 миллион доллар. Басты мақсат — отандық және шетелдік серіктестерді белсенді тарта отырып, білім беру бағдарламасын айтарлықтай жаңарту және жаңғырту, — деді ҚР Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әлемнің жетекші оқу орындарымен стратегиялық әріптестікті белсенді дамыту қажет екенін айтты.

Білім беру World Skills әлемдік стандартына сай болуға тиіс. Біз халықаралық серіктестерге, оның ішінде Еуропа қайта құру және даму банкіне, Ernst&Young, PWC-ге бұл мәселеде сарапшылық қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдіреміз. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған колледждер базасында жедел кадр дайындау және қайта дайындау үшін құзырет орталықтарын құру керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы шетел инвесторларын осы процеске белсене қатысуға үндеді.

Біздің кеңестің шетелдік инвесторларына бұл жұмысқа белсене қатысуды ұсынамын. Қазақстан Үкіметіне шетел тарапымен бірге өзара ынтымақтастықтың өте маңызды бағыты бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын, — деді ҚР Президенті.

ДереккөзInform.kz