Қазақстан Президенті дәстүр бойынша Мемлекеттік Туды көтеру салтанатына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның Туы жоғары әуелеп көтерілгенде жүрегімізді тәуелсіз еліміздің барлық жетістігіне деген мақтаныш сезімі баурап алады. Бас қаламыз қалыптасқан сәттен бастап дамудың қазақстандық үлгісінің айқын жетістікке жеткенін көрсетіп келеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әскери оқу орны түлектерінің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Туын өңірде және Жер шарында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бейбітшілік пен салиқалы саясаттың символы ретінде бүкіл әлем білетінін айтты.
Қазіргі күрделі жаһандық ахуалда біздің ер азаматтарымыз түрлі шиеленіс ошағына барып, бітімгерлік миссиясын абыроймен атқарып жатыр. Білікті әскери қызметкер адамгершілік құндылықтарын биік ұстайтын, темірдей тәртіпті сақтайтын, табанды еңбек ететін адам болуға тиіс. Қазақстанның қауіпсіздігі — сіздердің сапалы жұмыстарыңызға тікелей байланысты, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рәсім барысында жоғары әскери оқу орнының 27 үздік түлегі Қазақстан Президенті — Қазақстан Республикасының Жоғарғы бас қолбасшысының қолынан офицер погонын алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларды келе жатқан Астана күнімен құттықтап, Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.