50 жас кәсіпкер жобасының демеушісі — еліміздегі сайт, мобильді қосымша, IT платформалар мен бағдарламалар жасайтын IT холдинг — Bugin Group компаниясы.
2012 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетіне оқуға түстім. Ол кезде бизнеске келу туралы ой мүлде болмады. IT мамандығында оқығаннан кейін, өмірімді осы саламен байланыстырдым. 1-курстан кейінгі өндірістік тәжірибені Астана қаласындағы Smarti компаниясынан өттім. Тәжірибе кезінде компанияның атмосферасын, ондағы тәртіп, қызметкерлердің қарым-қатынасын қатты ұнаттым. 2-курсқа келгенімде өз кәсібіммен айналысуды ұйғардым. Алайда неден бастау керектігін білмедім. Сөйтіп жүргенде университетіміздің ректоратында АКТД бөліміне жұмысқа тұрдым. Айлығым 29 мың теңге, шәкіртақым 15 мың теңге болатын. Болашақ кәсібіме салатын мендегі бар капитал тек осы еді.
«Бізден де, сенен де ештеңе шықпайды»
2-курстың соңында SB бизнес инкубаторына келдім. Мұнда тек Айбек Қуатбаев басқаратын Bugin Group компаниясы бар еді. Bugin Group-тің атқарып жатқан жұмыстарына қарап шынымен қызықтық. Мехматты бітірген студенттер жеке бизнес бастайтын болса, 90%-ы IT компания ашады (күледі). Бәлкім, бұл стереотип болар. Дәл осы стеротипті ұстанғандардың бірі біз болдық. Алдымен мобильді қосымша, сайт жасап көруден бастадық. Бұл саланың табалдырығын аттай сала, екі тапсырыс қабылдадық. Оларды жасап шығу қолымыздан келмей, басқалардан көмек сұрауға тура келді. Ақыр соңында бәріміз жабылып жүріп бітірдік (күледі). Өзіме түйгенім, маған код жазу қызық емес екен. Жиналған командам: «Бізден де, сенен де ештеңе шықпайды», — деп ашығын айтты. Тарқап кеттік.
3-курста жаңа команда жинадым. 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап ІТ студия болып құрылдық. Алғашында бейнеөндіріс бойынша қызмет көрсеттік. Бейнеөндіріс — жыл он екі ай сұранысқа ие сала. Ол кезде бұл саланың ауқымдылығын нақты түсінбеген екенбіз. Ісіміз ақырындап алға басып, клиенттер бізге қызығушылық таныта бастады. Енді компаниямызға ат қоюды ойластырдық. Бренд атауды таңдау үшін жігіттермен көп ақылдастық. Бір күні «кибус» деген сөз ойыма келді. Бұл еврей тілінде «әрдайым еңбектенетін қауым» деген мағынаны білдіреді. Гиперсілтемеге жазғанда бірден есте қалатындай болсын деп «Qeeboos» деген нұсқаны таңдадық. Қалай дегенмен qeeboos-тықтардың бастамасы оңай болмады. Біздің бірде-бір аппаратымыз, камерамыз жоқ еді. Тек таудай мақсатымызды арқалап, медианарыққа жол тарттық.
«Жасымыздың кішілігіне бола күмәнмен қарайтындар көп»
Қазіргі уақытта компанияда 18 адам жұмыс істейді. Құрам толық жасақталып болды. Сегіз қызметкер штатта болса, 10-ы аутсорста еңбек етеді. Олардың құрамында оператор, монтажер, 3D жұмыс жасайтындар, дизайнерлер бар. Командамыздың жартысы студенттер. Өзім де оқуды биыл ғана бітірдім. Аутсорста жүрген 10 қызметкер — дипломы бар мамандар. Клиенттермен алғаш келісім жасарда, командамның мүшелеріне сенімсіздік танытып, қолымыздан іс келетіндігіне күмәнмен қарайды. Алдына келіп тұрғандардың барлығы жас балалар, ал еңбектерінің құны қарапайым сомада болмаған соң таңырқамай қайтсін. Дегенмен қазіргі уақыт Елбасымыз айтқандай, «Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» ғой. Дәл солай жасымыздың кішілігі бізге еш кедергі келтірмейді. Командадағы ең жас қызметкер — 1999 жылғы жігіт. Маған олардың жасында осылай жөн сілтейтін адам болмады. Шындығына келетін болсақ, 1-курс студентін ешкім штатқа қызметке алмайды. Өйткені ол алдымен мектепті кеше бітірген, екіншіден, оқуы қиын факультеттің бірі механика-математика студенті. Өзім осы факультетте оқығандықтан, жұмыс кестесін барынша ыңғайлы етіп құрасыруға тырысамын. Олар, аманшылық болса, университет бітірген кездерінде дипломмен бірге, тәжірибені қоса алып шығады. Мен сол үшін қуанамын.
Qeeboos-ты ешкім қаржыландырмайды. Коммерциялық тапсырыстар арқылы шығындарымыз өтеліп отырады. Бір жарым жыл ішінде 12 млн теңге табысқа қол жеткіздік. Алғашында компанияны таныту мақсатында тегін қызметтер көрсеткен кездеріміз де болды. Қазіргі уақытта бізді клиенттердің өздері іздейді. Іс-шаралар ұйымдастыратын «Sana Media», Алматы бойынша республикалық іс-шараларды өткзетін «А+1» компаниясымен, Алматы қаласының әкімдігінің мәдниет басқармасымен, «Хабар», «Қазақстан», «Алматы» телеканалдарымен, «ҚазМұнайГаз» компанияларымен жұмыс істейміз. Әрбір роликке, олардың дизайнына ерекше көңіл бөлуге тырысамыз. Қазіргі уақытта компания тарапынан әуетүсірілімге тапсырыс көп түседі. Бұндай видеороликтер әлеуметтік желілерде үш күнде 15 мың көрілім жинаған кездер де болды.
Техника жабыдықтарын әлі де жинақтау үстіндеміз. Әзірге үш камерамыз бар. Олар: 2016 жылғы тренд, кинотүсірілімге арналған Sony Alpha 7 S2 камерасы, Full HD түсіретін Panasonic және Canon Mark 3 камералары. Монтаж жасайтын Рендер-Ферманың үш компьютері бар. Продакшнның жабдықтары өте күрделі. Кейде слайдер, кран керек болып жатады. Техникалық жабдықтар күнделікті жаңарып отырады. Бұл жарыс тәрізді болғандықтан, сапа үшін біз де жақсысын алуға тырысамыз.
Осы уақытқа дейін аз қиыншылық көрмедік. «Бұл істі не үшін бастадым?» деген ойлар да келетін. Бірақ өзіңе ұнаған істі бастап, кейіннен тастап кету оңай шаруа емес. Бір қиындық келсе, соңынан жеңілдік міндетті түрде келеді дегендей, әуелде бейнеөндіріспен ғана айналысатын Qeeboos жаңа бағытқа жол ашуды ойластырды. Командама 3D мультфильм жасау туралы ұсыныс тастадым. Жігіттер де бірден қызығушылық танытты. Сөйтіп «Арман Әлемі» атты анимациялық студия құрдық. Жақында өзімізге инвестор таптық, енді «Арман Әлеміне» жаңа стандарттар жазып жатырмыз.
«2017 жылы анимацияда үлкен жаңалық жасаймыз»
Студияның құрылғанына аз мерзім болғандықтан, тек Қазақфильмнен ғана тапсырыстар алып үлгердік. «Тастүлек», «Үш сыйлық» және «Сиқырлы кітап» деген сериалды мультфильмдерде аниматорларымыз жұмыс істеді. Олардан көп ақша алдық деп айта алмаймын, алайда үлкен тәжірибе жинадық. 3D форматында фильмдер жасай алатын мамандарымыз бар. Бұл формат уақыт, қаражат әрі сапа жағынан ұтымды. Мысалы, барлығымыз кішкентаймыздан көріп өскен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мульфильм 2D форматында түсірілген. Барлығы 12 мың сурет салынып, жеті ай уақыт жұмсалған. Суретте сіз тек кейіпкерлердің әрекетіне емес, одан бөлек фоны, киімі бойынша әрлендіруге қаншама уақыт жұмсайсыз. Егер мультфильм ұзақтығы 10 минут болса, оған 14 400 сурет салу керек. Сондықтан анимация оңай сала емес. Біздің жігіттер бір минуттық кадрды он күн ішінде сызып шықты.
Қазіргі уақытта екі мультфильмнің жобасы дайындалып жатыр. Біріншісі қазақ батырлары туралы болса, екіншісі жаңа Қазақстан туралы өнім болмақ. Кейіпкерлерді кескіндеп болдық, осы жылдың соңына дейін мультфильмді аяқтаймыз. 2017 жылы анимацияда үлкен жаңалық жасаймыз.
Қазақстанның анимация саласына сын айтатындар өте көп. Дегенмен, анимация дамып келе жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Тілге тиек етер болсақ, Қазақфильм, Animator-pro, Asia Animation студиялары жақсы өнімдер шығарады. Бірақ біздің елдегі студиялар дұрыс идеология жолында қызмет етуді ұмытпаса екен.
Хаяо Миядзакидің екі бірдей анимациялық туындылары 2D форматында түсірілсе де, Оскар сыйлығын жеңіп алды. Сюжеті, сценарийі бір деммен көріп шығатындай өте сауатты құрастырылған. Мұнда режиссер мен сценаристердің аз еңбек етпегендігі көрініп тұр. Тек табыс табуды көздеп кетпесе, мұндай жетістікке жету қазақстандық анимация студияларының да қолынан келеді.
«Командама ақыл айта алмаймын»
Стив Джобс: «Біз талантты адамдарды қасымызға топтастырамыз, оларды басқару үшін емес, олар бізді басқарсын деген мақсатпен» дейді. Джобстың осы ақылын өз кәсібімде қолдануды жөн санаймын. Командама осы уақытқа дейін менеджмент, маркетинг бойынша көмектесіп келемін. Алайда аз уақытта жеткен жетістігіміз командама тиесілі. Мұның бәрі — солардың еңбегі. Мен идея айтамын, олар жүзеге асырады. «Әрдайым еңбек ететін қауымның» күші бірлігінде деп білемін. Командамның әрқайсымен жұмыс жасаймын. Директор екенмін деп қол қусырып отырмай, өз жұмыстарымнан қолым босаса, қызметкерлеріме көмектесемін.
Ардақ Өсербаевтің бір күні
Жұмыс күні таңғы сағат 8.00 басталады. Бір сағат уақтымызды шешілмеген мәселелелерге, сұрақтарға арнаймыз. 9-дан бастап 13.00-ге дейін клиенттермен келіссөздер жүргіземіз, тапсырыстар қабылмаймыз. Түскі сағат 14.00-18.00 аралығында кездесулерде боламын.
Кәсіпкерден 5 кеңес
- Көшбасшы алдымен өзі ақылды болу керек. Ақылды адам университетті тек қызыл дипломға бітіретін емес, білгенін қолдана алатын адам. Сондықтан күнделікті кітап оқуды, фильмдер көруді әдетке айналдыр.
- Адамдармен көп сөйлесіп, дұрыс қарым-қатынас жасай алуды білу қажет. Бизнесте бұл қасиет зор маңызға ие.
- Мақсатты дұрыс қоя біл. Ақшаны табуға болады, бірақ кәсіпті алып жүру кез келгеннің қолынан келе бермейді.
- Кәсіпкер міндетті түрде қаржыны басқара алуы қажет.
- Алғашында еш қаржысыз кәсібімізді бастағанда, компанияға құйған капиталымыз біздің сеніміміз болды. Өз ісіңе, жетістікке жететіндігіңе сене біл. Ол саған кез келген қиындықта көмектеседі.
Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Дарын Шөкенов.
керемет менде қазақстаның мултфилимдериниң бірінен өзім салған суретті көргим келет. соған қалай қолжеткізуге болат.
Бул сайтка калай тиркелсем болады?