Басты бетҚоғамАрыстағы жарылыстан...

Арыстағы жарылыстан тағы бір әскери қайтыс болды

Түркістан облысы полиция департаментінің, Ұлттық ұланның қызметкерлері Арысты қоршап, күзетіп жүр.

Қорғаныс министрлігі Шымкенттегі емдеу мекемелерінің бірінде Арыстағы төтенше оқиға салдарынан келісімшарт қызметінің әскери қызметшісі сержант А.Н.Ахметов қаза болғанын хабарлайды. Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан азаматтың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, — делінген министрліктің сайтында.

26 маусым сағат 06.00-дегі жағдай бойынша төтенше жағдай мен оның салдарын жою орнында Ішкі істер министрлігінің күштері мен құралдарын топтастыру жеке құрамның 1251 адамы және 188 бірлік техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде Азаматтық қорғау органдарының 346 қызметкері мен 48 бірлік техникасы, 358 қызметкер мен 75 бірлік полиция техникасы, 547 әскери қызметші мен 65 бірлік техникасы бар.

Арыс аумағында Төтенше жағдайлар комитетінің өрт сөндіру қызметінің күшімен 52 орында өрт сөндірілді (бір кафе ғимараты, 24 тұрғын үй, 10 шаруашылық құрылыс, 17 табиғи өрт).

Қаланың периметрі бойынша бекеттер қойылған. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен үш тонау фактісі анықталды. Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшу аппаратын қолдана отырып, аэровизуал барлаудың нәтижесінде әскери бөлімнің аумағында ашық жану жоқ екенін анықтады. Қорғаныс министрлігінің саперлік бөлімшелер саны — 14 топ, жалпы саны 145 адам. Арнайы техникамен белгіленген және көшіруге дайындалған 24 жауынгерлік снарядтар табылды.

Айта кетейік, 24 маусымда Арыстағы әскери бөлімнің қоймасында бірнеше жарылыс болып, қала түгелімен эвакуацияланған. Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты. Бұған дейін бір азаматтың көлігіне снаряд түсіп қаза болғаны және тағы бір әскери қызметшінің қайтыс болғаны туралы хабарланды.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек беру үшін облыс әкімдігінің жанынан ашылған «Түркістан» корпоратив әлеуметтік даму қорына хабарласуға болады.

ДереккөзTengrinews.kz