«Қалай да өмірін сақтау»

24 маусымда Арыстағы әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болды. Төтенше оқиғадан кейін 39 мың тұрғын қаладан өз бетімен шығып кеткен. Кейбірі көліктеріне мініп, кейбірі жаяу да қашқан. Дүрбелең кезінде ата-аналар балаларынан, жақындар бір-бірінен ажырап қалған. Психоаналитик мұндай кезде адам түрлі көңіл-күй кешетінін айтады. Алайда апаттан зардап шеккен тұрғындарға нағыз көмек үйлеріне барып, әдеттегі өміріне кіріскенде көбірек қажет болады екен.

Арыс, жарылыс
24 маусым, Арыс. Фото ашық дереккөзден

Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Мұндай жағдайда адамда өмірді кез келген жолмен сақтап қалу инстинкті басым болады. Біреудің баласын тастап, екіншісінің туысына қарамай қашуы да осыдан туады. Оның үстіне мұндай жарылыстан кейін шок алмау мүмкін емес. Себебі Қазақстанда күн сайын алапат жарылыс болып, снарядтар әрі-бері ұшып жатқан жоқ. Дәл қазір Арыс тұрғындары не істеп, не қойғандарын толық сезіне алмай отыр. Алайда оларға нағыз көмек осы абыр-сабыр аяқталған соң көбірек қажет болады, — дейді психоаналитик Қарлыға Бүйенбай.

«Бала санасында психологиялық соққы бағдарлама сияқты жазылып қалады»

Психоаналитик бұл оқиғаны көрген баланың психикасы қалай бұзылатынын, оларға қандай қауіп төніп тұрғанын да айтты.

Арыс жарылыс
Арыстағы жарылыс, 24 маусым. Фото ашық дереккөзден

Маман ретінде мені ересектерден бұрын балалардың жағдайы алаңдатып отыр. Мейлі олардың қарны тоқ, киімі бүтін болсын. Бірақ бұл жарылыс бес жасқа толып үлгермеген балалар үшін үлкен соққы болмақ. Кейінгі ұрпақ, жалпы адамзат жеті ата, шыққан тек, тарих деген сынды құнды ақпаратты ұмытуы мүмкін. Бірақ олардың тәні ақпаратты ұзақ, тіпті, мәңгілік сақтайды. Мысалы, сіз әке-шешеңізге ұқсамасаңыз да, әйтеуір ата-бабаңыздың біріне түріңіздің белгілі бір тұсы келетіні анық. Осы сияқты бұл «жарақат та» балалардың нейрондарында бағдарлама болып жазылып қалады. Олардың психологиясы сақтанып жүруге, шектен тыс жасқаншақ болуға, кішкене отты көре сала үрейленуге бейім болады. Ал бейсана құдды сиқыршыдай күткен нәрсемен бетпе-бет жолықтырады, — дейді маман.

Жарылыс басталғанда қалада хаос басталып, тұрғындар жан-жаққа қаша бастаған еді. Кейін оларды эвакуациялау кезінде ата-аналар балаларынан таба алмай, адасып қалған жағдай көп тіркелді. Олар бір-бірін табуы үшін әлеуметтік желіде арнайы парақшалар, тіпті, сайт та ашылды. Қарлыға Бүйенбайдың айтуынша, ата-анадан ажырап қалудың салдары ауыр депрессияға әкелуі мүмкін.

эвакуацияланған бала
Арыс қаласынан эвакуацияланған бала. Фото: Vlast.kz

Депрессияға түсіп, өзіне қол салып жатқан адамдардың психологиялық ауруының астарында осы ата-анадан ажырап қалу жатыр. Тереңінен қазбалайтын болсақ, 7-9 ай аралығына барып қаламыз. Депрессияның бірден бір себебі осы кезеңде қалыптаса бастайды. Арыстағы жарылыстан зиян шеккен балалар 20-30 жыл өткен соң, депрессияға түсуі мүмкін. Олар осы жарылыс кезінде ата-анасынан ажырап қалып, қатты қорыққандықтан осындай күйде жүргенін түсінбеуі де ғажап емес. Ал депрессияны емдемейтін болсақ, бір жылдан кейін меланхолияға ұласады. Одан әріректе адам суицидке барады. Бала үшін анасы мен әкесінің аялы алақанынан, жүрекке жылы тиген сөзінен артық психолог, психоаналитик жоқ. Бірінші кезекте барлығы аман-есен ата-анасымен қауышып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы тұста Арыста болған балалардың барлығы бірдей депрессияға түсіп, кейін суицид жасайды екен деген ой тумауы керек. Әр бала әртүрлі отбасында тәрбиеленген, яғни әрқайсысының психикасына түрліше әсер береді. Осы апат баланың болашағына кері әсерін тигізбеуі үшін жағдай жасай аламыз. Маман ретінде әрдайым кабинетіміздің есігі ашық, — дейді психоаналитик.

Маманның айтуынша, қорқыныш пен үрей екі түрлі ұғымға ие. Қорқыныш — өмірге қауіп төндіретін жағдайда болатын жедел реакция. Үрей екеуі ұқсас болып көрінгенімен биологиялық жағынан да, психологиялық жағынан да айырмашылығы бар. Адам қатты қорыққан кезде симпатикалық жүйке жүйесі қозып, кез келген жолмен өзін құтқарып қалуға ұмтылады. Ал үрей — қарсы шабуыл жасау немесе қашу реакциясымен тікелей байланысты физикалық симптомдар тобы. Мұндайда адам өзін құтқарудың жолын іздеуден гөрі әртүрлі жағымсыз ойға бой алдырады. Адам, тіпті, өзін «өліп бара жатырмын» деп ойлауы мүмкін. Ал шын мәнінде оның өміріне еш қауіп төнбеген. Мысалы, Алматыда жер сілкінісі болды делік. Бұл сәтте адамдардың бойын қорқыныш билеп, жан-жаққа қашады немесе тағы басқа әрекет жасайды. Ал «Алматыда 100 жылда бір рет жойқын жер сілкінісі болып тұрады. Мұндайда көп адам көз жұмуы мүмкін» деген ақпараттан пайда болатын «қорқыныш» – үрей. Себебі дәл қазір ол нәрсе болып тұрған жоқ. Адам бар болғаны жағдайдың алдын алғысы келіп тұр.

көмек алып жатқан адамдар
Арыс тұрғындары көмек алып жатыр. Фото: Vlast.kz

Арыстағы жарылыстан зиян шеккендердің бойында үрейден бұрын қорқыныш басымырақ. Олардың жағдайы өздерін ғана емес, билікті де, қарапайым тұрғындарды да алаңдатып отыр. Осы тұста қорқынышты да, үрейді де «Ең бастысы, бәрі дін-аман. Бала-шағам тірі. Бұдан да жаман болуы мүмкін еді» ғой деген ой жеңуге көмектеседі. Дінде мұны «шүкіршілік ету» дейді. Егер қорқыныш күні-түні мазалайтын болса, психоаналитик мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес берер едім. Жанға жасалатын «операция» әлдеқайда ауыр болғанымен осы қорқыныш болашағыңызға кері әсерін тигізбейтін болады, — дейді Қарлыға Бүйенбай.

Апат кезінде адамдар неге жалған ақпарат таратуға бейім болады?

Апат, дүрбелең болған жағдайда адамдар арасында түрлі жалған ақпарат айтылып жатады. Мысалы, ресми өкіл хабарламаса да, Арыс тұрғындары «Бөген суқоймасы ашылады, жақын ауылдарды су басады», «Радиация тарап жатыр» деген сияқты  фейк мәліметке сеніп, үйлерін тастап кетіп жатты. Маман адамдардың мұндай әрекетке ұжымдық сана әсерінен баратынын айтады.

Арыс жарылыс
Эвакуацияланған Арыс тұрғындары. Фото: Vlast.kz

Апат кезінде жалған ақпараттың таралуына қатысты екіжақты пікір айтар едім. Себебі мұны бірі білмей, енді бірі әзіл үшін немесе іріткі салу үшін қолдан жасайды. Апат кезінде жоғарыда айтып өткенімдей, адам не қойып, не істеп жатқанын түсінбейді. Тіпті, өзін құтқару үшін жақындарын құрбандыққа шалуы мүмкін. Ал бұл инстинктердің іске қосылуымен байланысты. Керісінше өзін ғана емес, өзгелерді де құтқарып қалуға тырысатындар болады. Сол секілді мұндай жалған ақпараттың тарауына өзін-өзі сақтандыру инстингі, ұжымдық бейсана себеп болады. Сонау алғашқы адамдардың өмір сүрген заманынан бастап түрлі ақпарат біздің ұжымдық бейсанамызда сақталып келеді. Ал ертеректе адамдардың жануарлардан, табиғи апаттардан қорғану үшін тобыр болып өмір сүргені белгілі. Осы нәрсе ұжымдық бейсанада сақталған. Бұл жағдайды нейробиология жағынан қарастыратын болсақ, өзімізден бұрын миымыздың, ондағы синаптикалық байланыстардың шешім қабылдайтыны бар, яғни шешімді қабылдауға ұжымдық бейсанадағы ақпарат себеп болып отыр. Екінші жағынан мұндай ақпаратты теріс мақсатта тарататындарды да айыптай алмайсың. Адам құдды еттурағыш құрал сияқты. Еттурағышқа алма салып, сыртқа құлпынай шыққанын күте алмаймыз. Адам қандай тәрбие алса, өзіне ата-анасы қандай қарым-қатынас танытса, ол соның барлығын айналасындағыларға көрсетеді, — дейді психоаналитик.

Жарылыс кезіндегі ұрлық

Тосыннан болған апат халықты абдыратты. Кейбірі, тіпті, құжат, бағалы зат, ақшаларын да алмай қауіпсіз мекен іздеп қашқан. Дәл осындай абыр-сабыр сәтін пайдаланып, иесіз қалған мүлікті тонағандар болды. Осындай айыппен үш адам ұсталды. Психоаналитиктің айтуынша, ұрылардың дүрбелең уақытта да әрекет етуінің түсіндірмесі бар. Адам психикасының құрылымы өте күрделі. Оның түзілуіне ата-анасы балалы болуды ойға алған сәттен бастап, сәби дүниеге келгеннен кейінгі әрбір сәт әсер етеді.

1,5-2 жасқа дейін балада «Ид» немесе «Оно» деп аталатын бөлік түзіледі. Адамның психикасы алғашқы даму кезіңінде, яғни Ид-ның қалыптасу кезеңінде қалып қойса, өзін бала секілді ұстайды. Арыста ұрлық жасаған азаматтарда супер-эго өз қызметін дұрыс атқармай отыр. Осы тұста кеңес заманында түсірілген бір фильмді еске алайық. Фильмде ұстаз сыныптан шығып кеткен кезде көптеген оқушы тұра салып журналға қойылған бағаны көруге жүгіреді. Арасында орнында отырып, мұндай қадамға бармайтындары да бар. Алғашқыларында Супер-Эго дұрыс дамымаған. Отбасындағылар мен өзге де жақын адамдарды тым еркелетіп, ар-ұят, ождан деген сияқты қасиеттер туралы түсінік бермеген. Жақындарының ұрлық жасағанын көріп өскен азаматтар да осындай қадамға барады. Себебі олар үшін ұрлық жасау — қалыпты дүние. Оны сана-сезімнің төмендігі десек, артық болмайды, — дейді Қарлыға Бүйенбай.

Сарбаздың қоштасу видеосы

24 маусым күні оқиға ортасында жүрген сарбаз ата-анасына қоштасу сөзі айтылған видео жолдаған. Желіде бұған қатысты түрлі пікір тарады. Психоаналитик қоғамдағы пікірді талдап, видеодағы сарбаздың әйел, бала-шағасы жайлы сөз қозғамай, ата-анасын ғана ауызға алуының өзге себебі бар екенін де айтты.

Әлеуметтік желіден сарбаз туралы видеоға қатысты екіжақты пікір тарағанын көріп отырмын. Бірі – бұл ер азаматқа лайық емес десе, екіншілері жанашырлық танытып жатыр. Қалай десек те, өліммен бетпе-бет келгенде адамның шынайы бейнесін көруге болады. Мысалы, танымал бизнес-кеңесші, коуч Брайан Трейси тренингтерінде «Дәл қазір өмір сүруге 6 ай қалса, не істер едіңіз? Қай мақсатыңызды, арманыңызды жүзеге асыратын едіңіз?» деп сұрайды. Бұл да — аз уақыт қалғанда тек шын қалауымыздың сыртқа шығатынының белгісі. Сарбазда да осындай жағдай болып отыр. Ол үшін сол сәтте қоғамның не ойлайтыны маңызды емес болды. Тек ата-анасын жақсы көретінін айтты. Кейде сезімімізді жақындарымызға ашып айта бермейміз. Әсіресе, ер азамат қауымы. Жақсы, жылы сөз сын сағатта емес, күнде айтылса деген тілек бар. Исатайдың ата-анасын ғана айтып, әйелі мен қызына еш нәрсе демегені бір сәт ойландырады. Бәлкім, анасымен симбиотикалық байланыста жүрген болар. Жалпы мұның өзі – бөлек әрі үлкен тақырып. Арыстықтарға мен де «Біз біргеміз» деп айтқым келеді. Ең бастысы, адам шығынының болмауы. Ал қалғаны — уақыт пен дұрыс жоспарлаудың, соны жүзеге асырудың еншісіндегі дүние, — дейді маман.

Билік пен халық демеуінің маңызы

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 165 адамның дәрігер көмегіне жүгінгенін, оның ішінде екі баланың жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. Апаттан жараланғандарға дер кезінде көмек көрсетіліп, операция жасалды. Психоаналитик олардың медициналық көмектен кейін психологиялық, рухани қолдауға мұқтаж екенін айтты. Билік пен қазақстандықтардың бірігуі де Арыс халқының көңіліне демеу болады.

Арыс жарылыс
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Метафизикаға тереңінен бармайық. Тек бір уақытта екі әлемде қатар өмір сүретінімізді еске түсіргім келеді. Бұл жерде о дүние немесе қандай да бір тылсым күштер жүретін әлем туралы айтып жатқан жоқпын. Тек тәніміз бен жанымыздың ара-жігін ажыратқым келеді. Қазақтың «Қай жерің ауырса – жаның сол жерде» деген сөзі бар ғой. Мысалы, тісіңіз немесе басқа жеріңіз ауырып тұрса, сізге психолог, психоаналитик түгілі ең жақын адамдарыңыз керек болмай қалуы мүмкін. Сол себепті Арыстағыларға ең бірінші кезекте медициналық көмек көрсетілсе игі. Содан соң барып психологиялық, рухани қолдау қажет болады. Ол үшін дәл қазір арыстықтарды қандай сұрақ, мәселе мазалап тұрғанын анықтап алу керек. Бірінші кезекте «Не ішеміз, не жейміз, не киеміз? Ертеңгі күніміз не болады? Қайда тұрамыз? Жұмыс, бала-шағаның жағдайы не болады?» деген сауалдар тұр. Мұндай ой мазалағанда олар үшін билік өкілдері мен елдегі барлық азаматтан «Біз біргеміз» деген сөзді есту өте маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кінәлілер қатаң жазаланады. Барлық жағдайыңыз жасалады, алаңдамаңыздар!» деген бір ауыз сөзі ол азаматтар үшін үлкен демеу болды. Олардың жалғыз емес екенін сезінуі маңызды. Мұны сөзбен қатар іспен дәлелдеу керек», — дейді маман Қарлыға Бүйенбай.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!