Журналист, турагент Роза Есенқұлова 40 елге саяхаттаған. Ол саяхатының жартысына балаларымен бірге шыққан. Журналистің айтуынша, баламен ұзақ сапарға шығарда жақсылап дайындалу керек.
Дәрігермен кеңесіңіз
Әрине, баламен кез келген мемлекетке жылдың барлық мезгілінде саяхаттауға болады. Бірақ жолға шықпас бұрын баланың денсаулығын тексеріп, педиатрмен кеңескеніңіз дұрыс. Дәрігерден баланың денсаулығын, аллергиясы бар-жоғын, күнге қыздырынуға болатынын сұрап алыңыз. Балаларымен саяхатқа шыққан адам үшін үш мезгіл тамақтану маңызды. Сол үшін үш мезгіл тамақ беретін отельге орналасқаныңыз дұрыс. Сонда «Таңғы асты қайдан ішеміз?», «Түскі асқа не аламын?» деп, баланың тамағына алаңдамайсыз. Дегенмен өзім оған қарамай, кез келген елге бара беремін.
Ең танымал курорт — Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Египет. Бұлардың бағдарламасына жол, тұратын жер, трансфер — бәрі кіреді. Үшеуі де ата-аналарға керемет демалыс ұсынады, баланың жағдайын жасайды. Тек осы елдерге барыңыз демеймін. Бұл үшеуін саяхатты енді бастап жүрген ата-аналарға ұсынамын.
Балаларымды көбіне теңізге апарғым келеді. Олардың шомылып, күнге қыздырынғанын қалаймын. Ол тек балаға емес, өзіме де пайдалы. Теңізде шомылу аллергияны қайтарады және мидың тынығуына, терінің жаңаруына пайдалы. Қалада 10 рет бассейнге түскенше, бір рет теңізге барған дұрыс.
Саяхатқа 3-4 ай бұрын дайындалыңыз
Ата-аналар балаларымен көбіне жазғы каникулда саяхаттайды. Каникул, мейрам кезінде турдың бағасы екі немесе үш есе қымбаттайды. Осыны көп адам ескере бермейді, каникулға бірнеше күн қалғанда тиімді тур іздейді. Сондықтан қайда барып демалатыныңызды үш ай бұрын ойластыруыңыз керек. Мысалы, дәл қазір күзгі демалыста баратын жеріңізге тур алып қойыңыз. Себебі қыркүйекте кеш болады. Тіпті, кейбірі жаңажылдық демалысқа тур алып қойып жатыр. Бұл — өте дұрыс. Наурыздағы демалыста саяхаттағыңыз келсе, Жаңа жылға дейін қамданыңыз. Балалармен бірге суыт турға (горящий тур) шықпаған дұрыс. Суыт турдың бағасы соншалықты арзан емес. Мұндай турға билет алғанша, бәрін алдын ала ойластырғаныңыз абзал. Мысалы, Түркияға саяхаттау былтырға қарағанда 15-20%-ға қымбаттады. Себебі олар турдың валютасын доллардан еуроға ауыстырды.
Баламен басқа елге саяхаттағанда жаныңызда дәрі қобдишасы болсын. Сақтандыру құжатын да рәсімдеуді ұмытпаңыз. Бала саяхат кезінде өзін жақсы сезінуі үшін оның жүгін де жақсылап ойластырыңыз. Жақсы көретін, онсыз ұйықтай алмайтын ойыншықтарын алып шығыңыз. Жөргектегі баланың тамағы, жөргегі жеткілікті болуы керек. Тіпті, кей авиакомпаниялар баланың тамағын тегін береді. Бірақ барлық жағдайға дайын болыңыз.
Өзім 40 мемлекетте болсам, соның жартысына балаларыммен шықтым. Үлкенім менімен бірге 10 мемлекетте, кіші қызым төрт елде болды. Саяхат кезінде балаларыма бәрі ұнайды: суда шомылу, зообаққа бару және тағы басқалары.
Блогер Айна Досмахамбетқызы сәуірде балаларының бірімен басқа мәдениетпен танысу мақсатында саяхаттайды. Осы жылы ол ұлын Біріккен Араб Әмірліктеріне алып барды.
Баланың қызығушылығын ескеріңіз
Сәуір біздің отбасы үшін жай демалатын ай емес. Бұл уақытты басқа мәдениетті, жаңа елді көруге арнайтынымызды балаларым жақсы біледі. Баламен саяхаттауды жоспарлағанда оның қызығатын дүниесін, барғысы келетін жерлерін ескеріңіз. Оның барғысы келетін жерлерін, сізге қызық сауықты бірге отырып жазыңыздар. Бұл балаға алдын ала жоспарлауды және өзгелердің ойымен санасуды үйретеді.
Бір баламен саяхаттағанда тек соған көңіл бөлесіз, жақынырақ танисыз, сырласасыз. Қарым-қатынасты жақсартып, оны жаңа мәдениетпен таныстырасыз. Бір жағынан тек бір баламен саяхаттаған үнемді.
8 жасқа дейін бала көргенінің бәрін есте сақтай бермейді. Сондықтан кіші қызымды 8 жасқа толмайынша ешқайда апармайтын шығармын. Әзірше үлкен қызым мен ұлымды ертіп, саяхаттаймын.
Саяхаттау — жаңа нәрсені үйрену
Баламен саяхаттағанда тура жететін емес, ыңғайсыз, ұзақ транзит рейстермен ұшқанды жөн көремін. Себебі баланы төзімді болуға тәрбиелегім келеді. Әуежайда билетті қолына беріп, ақпарат тақтасын оқытамын. Осылайша ұшаққа қай жерден шығатынын үйретемін. Күту залында отырғанда терезеге жақын жайғасып, ұшақтың қалай ұшып-қонатынын, оған жүкті қалай апаратынын, жердегі сызықтардың нені білдіретінін айтып, түсіндіруге тырысамын. Ұшаққа билет алғанда 22А-33А аралығындағы орынды таңдаймын. Осы орыннан ұшақтың қанаты көрінеді. Ұшқанда, төмендегенде, қонғанда қанаттағы өзгерістерді көрсетіп, аэродинамика заңын түсіндіремін.
Саяхат кезінде баланың мектептегі сабағына аса алаңдамаймын. Бір апта саяхат кезінде бала мектептегіден көп нәрсе көреді, үйренеді.
Біріккен Араб Әмірліктеріне бармас бұрын өзіме «9 жасар ұлға не қызық болады?» деген сұрақты қойдым. Ол архитектура мен музейлерге қызықпайды. Ұлым әлі бала, бір жағынан ол — болашақ ер азамат. Сондықтан ерлерге қызық болатын балық аулауға, суға сүңгіп, көлік айдауға болатын жерді таңдағым келді. Біріккен Араб Әмірліктеріне онда ерлерге арналған ойын-сауық болғандықтан бардық. Екіншіден, арзанырақ саяхат іздедім. Әдетте турфирманың көмегіне жүгінбеймін, өзім барамын. Бірақ бұл жолы олардың қызметін таңдадым. Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Египетке турфирмамен барған арзан екен.
Ерте броньдап қою пайдалы. Қысқы демалысқа жазда, жазғы демалысқа қыста, көктемде қамданыңыз. Сонда бірнеше есе арзан шығады. Демалуға келгенде менің таңдауым — Түркия. Суы да, қызмет көрсетуі де жақсы және аса қымбат емес.