Шығыс Қазақстанға әлемнің он елінен суретшілер келді

Германия, Франция, Түркия, Литва, Грузия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстан суретшілері Катонқарағай ауданында сурет салуды бастап кетті. Бұл жоба Шығыс Қазақстандағы суретшілердің халықаралық пленэрі аясында өтіп жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы, сонымен қатар Жастар жылы аясында қолға алынған пленэрдің атауы – «Ұлы дала палитрасы». Жоба облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастауымен ұйымдастырылды.

2018 жылы «Алтай – Қазақстанның інжу-маржаны» аталған пленэрге 20 отандық қылқалам шебері қатысқан. Енді шараның ауқымы кеңейіп, халықаралық дәрежеге көтеріліп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, былтырғы пленэрдің арқасында өңір музейлерінің қоры шеберлер салған 135 ғажап туындымен толыққан.

Биылғы пленэрдің жөні бөлек. Себебі бұл пленэр облыста халықаралық деңгейде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Әлемнің әр түкпірінен келген суретшілер табиғатымызды біз байқамаған жаңа қырынан көрсетіп, тамаша тарту жасайды деп сенеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Биылғы шараға қатысушылар Алтайдың жүрегі аталатын «Рахман қайнары» шипажайына орналасып, он күн бойы тұмса табиғатты қағазға түсіреді. Пленэрдің кураторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Есенғали Садырбаевтың айтуынша, мұндағы басты мақсат Алтайдың сұлулығын өзге мәдениет өкілдері арқылы насихаттап, әлемге таныту.

Халықаралық плэнер 13 маусымда аяқталады. Дәл осы күні мықтылардың қолынан шыққан әдемі туындылар музейде көп назарына ұсынылады. Сонымен қатар Өскемендегі Жастар саябағында пленэрге қатысушылар бейнелеу өнеріне қызығушылық танытқан жұртқа шеберлік-сабағын өткізеді. Саябақта «Жас Арбат» жұмыс істейді. Сонымен қатар «ART-Жастар» жобасы қатысушыларының жұмыстарын тамашалауға және сатып алуға мүмкіндік туады.

Қуан Сейіт

Шығыс Қазақстан облысы