Шығыс Қазақстан облысында 14-16 маусым аралығында «Тұғыры биік Тарбағатай» халықаралық фестивалі өтеді. ШҚО Ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, қазақ күресінен турнирге тұңғыш рет Италияның спортшылары қатысады. Ақсуат ауылындағы Ырғызбай Досханаұлы атындағы орталық стадионда 30 мемлекеттен келген 90 білікті спортшы бақ сынайды.
Фестиваль аясында қазақ күресімен бірге бокс турнирі және 140 шақырымға арналған ат бәйгесі өтеді. Халықаралық қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Талғат Мәзібаев спорт жарысының өту барысына тоқталды.
Бүгінде Еуропа мемлекеттерінде қазақ күресіне қызығушылық артып келеді. Осы бағытта мемлекеттен қолдау көрсетіліп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Нидерландыда қазақ күресінен Еуразия кубогі өтті. Бұл жарыстың ерекшелігі — кең далада, ашық аспан астында өтуі, — деді Талғат Мәзібаев.
ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков спортшыларға сәттілік тіледі.
Бізді керемет турнир күтіп тұр. Үлкен жеңіс пен мықты бәсекенің куәсі боламыз. Бұл ауқымды шараны ұйымдастыруды жылдан жылға кеңейтіп, жақсарта түспекпіз, — деді Денис Рыпаков.
Сонымен қатар 15 маусымда қазақтың кәсіпқой боксшысы Қанат Исламның қатысуымен бокстан «Ұлы Дала батырлары» атты турнир өтеді. Турнирді қазақ боксшыларын кәсіпқой бокста қолдап жүрген QAZAQ promotions компаниясы ұйымдастырып отыр.
Ал 16 маусымда тұңғыш рет «Ұлы дала қазанаты» атты халықаралық турнирі болады. Көкпекті ауылынан Ақсуат ауылына дейін 140 шақырымдық аламан бәйге өтіп, онда 200 спортшы бақ сынайды. Бас жүлде – автокөлік. Дәл осы күні танымал ақындар мен халықаралық тіл жүйріктерінің қатысуымен «Туған жерге туыңды тік» атты халықаралық ақындар айтысы өтеді. Айтыс үш күнге созылады. Шара аясында «МузАРТ» ансамблінің концерті болады.