Қазақстан Президенті қала активімен кездесуде бұған дейінгі Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтановтың атқарған жұмысына жоғары баға берді.
ҚР Конституциясына сәйкес қала әкімі Бақыт Сұлтановты қызметінен босату жөнінде шешім қабылдадым. Әуелі Бақыт Тұрлыханұлына осындай тарихи әрі жауапты кезеңде өзіне артылған сенімді ақтап, тапсырылған міндетті абыроймен атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың жаңа әкімінің алдында маңызды міндеттер тұрғанын айтты.
Нұр-Сұлтан әкімі болып Алтай Көлгінов тағайындалды. Ол ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігі жоғары жас маман. Батыс Қазақстан облысында бірнеше жыл табысты еңбек етіп, жергілікті халықтың алдында зор беделге ие болды. Оның білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Нұр-Сұлтан әкімі қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдадым, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды.
Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән берілетін болады. Жақын күндері тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды шешім қабалданады. Бұл үдерістерден астанамыз қалыс қалмауы керек. Керісінше, әлеуметтік мәселелерді шешу ісінде алдыңғы қатарда жүруі қажет, — деді ол.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әкімге бірқатар нақты тапсырма берді.