Дыбыстау мен дубляждың айырмашылығы неде?

Көпшілігі дубляжды дыбыстаумен (озвучка) шатастырады. Олай емес. Егер фильм не сериал экранның ар жағынан түпнұсқада жүрсе, оны «дыбыстау» деп атаймыз. Ал дубляжда туындыны мүлдем өзге тілге аударып, мәтінін өзгерту арқылы жариялайды. Негізінде сериалды дыбыстау дубляж жасағаннан гөрі қиын. Өйткені синхрон дубляжда кішкентай ғана эпизодты жазасың. Соған барлық эмоция, жан-дүниеңді толықтай беріп ойнайсың. Сондай-ақ, синхрон дубляжда шеберлік керек. Тембр әдемі болғаны дұрыс.

Ал дыбыстауда командамен бірге жұмыс істеу керек. Кейде бір күнде 5-6 серия дыбыстайтын кездер болады. Оған мықты техника керек. Яғни, мүдірмей оқу. Оның үстіне дауысты құбылтып, интонация, мінез-құлқын өзгерте отырып оқу қажет. Қысқасы, жан-жақты болу керексің. Дыбыстауда бір қыз, бір ұл ғана оқиды. Бір фильмді көп дегенде 4 адам ғана дыбыстай алады. Осы тұрғыдан келгенде таңертеңнен кешке дейін ауыз жаппай сөйлеп шығасыз. Бір күнде кем дегенде 200  бет оқылуы мүмкін.

Дубляж актері Азамат Қанапия
Дубляж актері Азамат Қанапия дыбыс жазу кезінде.Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Дубляж саласында жүрген адамның сөздік қоры көбейеді. Оны таныстарымнан, достарымнан байқадым. Мысалы, осы саладағы бір досым бұрын журналист келіп микрофон ұсынса, кібіртіктеп не айтарын білмей қалатын. Күнде қазақша сериалдарды көру, дыбыстау арқылы сөздік қорын көбейтті. Күнделікті жаңа сөздер үйренді. Осылайша еркіндік пайда болды. Тіпті, орысша оқып жүрген адамдардың қазақша үйренуіне де дубляж әсер етеді.

Дубляж саласына қалай келдім?

Негізгі мамандығым – театр және кино актері. Респбуликалық Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін тәмамдадым. Төлеубек Аралбаев, Байтен Омаров деген ұстаздардың тәлімін алған шәкіртпін. Сырттай филология мамандығын бітіргенмін. Бірақ ол салада жұмыс істемедім. Мектеп бітіре салып, жұмысқа театрға келдім. Одан кейін актерлік мамандықта білім алдым. Бітірген соң бізді жолдамамен жаңадан ашылған Шығыс Қазақстан облыстық Қазақ театрына жіберді. 1,5 жыл сол жерде қызмет атқардым. Қосымша телевизия саласында диктор болдым. Кейін келіншегім  Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түсті. Сосын қайтадан Алматыға келуге тура келді. Келгеннен соң  дубляж саласына кірістім. Бастапқыда сериалдарды дыбыстап жүрдім. Кейін дубляж саласын да меңгердім.

Алғашқы дыбыстаған фильмім шетелдік «Аулаға қараған терезе» деген туынды болатын. «Хабар» арнасынан берілді. Әлі есімде, бір аптада аударма мәтінін жаттап алдым. 3 сағаттың ішінде дыбыстап бітірдік. Бәрі осылай басталды.

Дубляж актері Азамат Қанапия
Дубляж актері Азамат Қанапия дайындық кезінде.Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Бірде мынадай қызық болған. Дубляж және дыбыстау режиссері Гүлзия Белбаева Қазақфильмге дубляжға шақырды. Біраз жыл жасаған кезім. Ішке кіріп, амандасып жатсам, сахнаның сыртындағы жас актер: «Я, Құдайым, оңдай гөр, Азамат Қанапия, қолдай гөр! Әмин!», — деп бетін сипады. Гүлзия апай, сол жердегі отырғандармен бәріміз ду күлдік. Содан Гүлзия Бекбаева жаңағы жас актерді шақырып алды. «Сен Азамат Қанапияны танисың ба?» десе, «Иә, ол кісі марқұм боп кетті ғой», — деп қояды әлгі жігіт. «Ойбу, алдыңда тұрған жоқ па?», — деді Гүлзия апай. Сол кезде жас актер: «Мә, Азамат Қанапия деген сіз бе? Мен сізді үлкен кісілермен бірге болған екен деп жүрсем», — деді ағынан жарыла. Бәріміз ішек-сілеміз қатып күлгенбіз.

Фильмге дубляж қалай жасалады?

Жалпы, елімізде сапасыз дубляж жоқ. Бірақ сериалдарда кездесіп қалады. Болашақта бұл да жөнделеді деп ойлаймын. Бір фильмді дубляждау қажет болса, кемі бес күнде бітіреміз. Бес күннің ішіне мәтін дайындау, оның аудармасын жазу кірмейді. Алдымен дайын мәтінді режиссер қарайды. Рөлге келетін адамды өзі таңдап шақырады. Арнайы кастинг жүргізеді. Дауыстарына қарай бөледі. Осылайша, режиссер солармен бірге жұмыс істейді. Фильмді дубляждауға бес күннің ішінде 3-4 сағаттан немесе одан да көп уақыт жұмсалуы мүмкін. Мысалы, Тимур Бекманбетовтің «Алғашқылар дәуірі» туындысында Юрий Левитан мен Алексей Леоновқа дубляж жасадым. Ол кезде екі күнде жазып бітірдік.

«Көшпенділер» фильміне неге екі рет шақырту алдым?

Дубляж саласында өзімді қалыптастырған бір туынды болса, ол – «Көшпенділер» фильмі. Кастингке бардым. Бірақ, өтпей қалдым. Өтпеген себебім — маған Абылайдың дауысын берді. Жалпы, дауыс саты бойынша бас, баритон, тенор деп бөлінеді. Үшеуі де ер адамдарға тән дауыс. Ал менің дауысым баритон дауысқа жатады. Абылай фильмде жас бала ғой. Оны тенор  дауысында ойнау керек. Ол үшін жоғары дыбыстарды алады. Бұл маған қиындық тудырды да, «Абылайдың дауысына келмеймін» деп ашық айттым. Сонымен біз өтпедік. Фильмнің дубляжы басталып кетті.

Дубляж актері Азамат Қанапия
Дубляж актері Азамат Қанапия.Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Бір айдан кейін Голливудтан режиссер келді. Дауыс жазуға қайтадан басқа адамдарды алды. Фильмнің режиссері Талғат Теменовтің айтуынша, кастингке 80 адам шақырылған. Содан тек төртеуміз өтіппіз. Оның ішінде екі үлкен кісі бар, есімдерін ұмытып тұрмын. Марқұм Омархан Қалмырзаев және ең жасы кішкентайы мен болдым. Ол кезде 26-27 жастамын. Күніне үш сағаттан жұмыс істеп жүріп, екі күнде бітіріп тастадым. Мойындау керек, фильмдегі ең көп жазылған дауыс менікі болды.

Жетістіктері

Осыдан 18 жыл бұрын дыбыстау саласына келген кезімде «Хабар», «Қазақстан» арналары жақсы қаламақы төлейтін. Қазір дубляж саласына  ешкім көңіл бөлмейді, еңбек бағаланбайды. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Көшпенділердегі» дауысымды ұнатып, алғашқы әскери парадты жүргізуге шақырды. Содан бері 12 жыл болды. Әлі күнге әскери парадты дыбыстап келемін. Аллаға шүкір, осы үшін қуанамын. 12 жылдың ішінде Әділбек Жақсыбековтен бір ғана марапат алдым. Оның өзінде диплом емес, портрет қана. Сонда да ол мен үшін ыстық.

Еліміз үшін маңызды шара Азиаданың ашылуында Игорь Крутойдың командасы келіп жұмыс жасады. Режиссер Қазақстандық дауыстардың ең жақсысы деп мені таңдап алды. Барып, жұмыс істедім. Шындықты айтайын, олар қаламақысын аямады.

Сенесіз бе, осы салада 18 жыл бойы қызмет етіп келемін. Бірақ  менде мемлекет тарапынан берілген ешбір атақ жоқ. Тек Азамат Қанапия деген атым ғана бар! Әлем бойынша 32 мемлекет болып «Көліктер-2» фильмін дыбыстадық. Осы туындыда Walt Disney студиясынан «Мэтр дубляжының ең үздік дауысының иегері» марапатын алдым. Мұндай марапатты елімізден де алмағанмын.

Дубляж актеріне қандай талап қойылады?

Дубляж актері болу үшін актер мамандығын тәмамдаған дұрыс. Өйткені бұл мамандыққа қабылдар алдында талапкерді «тосын жағдай» деген тақырыпта сынақтан өткізеді. Яғни, кез келген оқиғаны өз басынан өткізіп, сезіне алатын болуы керек. Дубляж актерінде де әр сөзін, дыбысын жүрегінен шығаратындай сезім болуы тиіс. Ең басты талап — тілінде мүкіс болмау және дикцияның тазалығы.

Қазақстандағы дубляж саласының деңгейі қандай?

Елімізде дубляж саласы дамып келе жатыр. Қызығушылық танытатын жастар көп. Өкінішке қарай мемлекеттік тұрғыдан қолдау жоқ. Мысалы, сериалдарды дыбыстаудың бір сериясы осыдан 18 жыл бұрын 3000 теңге еді. Қазір 3200-3500 тг. Біз театрда істеп жүрген алғашқы жылдары жалақымыз 9000 тг болатын. Қазір ең жоғары жалақы – 150 000 тг. Енді өзіңіз айырмашылықты есептей беріңіз. «Ақша керек емес» дегеннің өзінде, адамға стимул болатынын ұмытпау керек. Қазір осы үшін де телеарналардың дыбыстауларынан бас тартып жүрмін.

Дубляж актері Азамат Қанапия
Дубляж актері Азамат Қанапия дыбыс жазу студиясында.Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Бірде өзіміздің жігіттер болып, әлемдік рейтингі жоғары «Аватар» фильмін қазақша тегін дубляждадық. Тек аудармасына ақша төледім. Керемет шықты. Мұны өзіміздің үшін ғана жасадық. Бірақ оны ешқайда көрсете алмаймыз. Ол үшін лицензия керек. Демек, қолдау болса кез келген дүние қолымыздан келеді. Егер мемлекет тарапынан лицензия беріліп, теледидардан көрсетуге жағдай жасалса, біз кез келген дүниені керемет етіп шығарар едік.

Айта кету керек,  «Болашақ» қауымдастық қоры бүгінде жақсы жұмыс істеп жүр. Өкінішке орай, олар өздері демеуші іздейді. Осындайда тәуелсіз еліміздің дубляж саласына қолдау көрсетпеуі мені қатты қынжылтады…