Нұрсұлтан Назарбаев: Ассамблеяның мерейтойын жоғары деңгейде өткізу керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде ол ассамблеяның XVII сессиясына дайындық туралы баяндады.

Тұңғыш Президент Қазақстан халқы ассамблеясының алдағы 25 жылдығын мерекелеуге уақтылы әзірлену және оны жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет екенін айтты.

Келесі жылы біз Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығын мерекелеуді жоспарлап отырмыз. Ассамблеяның мерейтойын орталықта да, барлық өңірде де жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Келісім, тұрақтылық, халықтар достығы, этникалық топтар, діни конфессиялар арасындағы өзара құрмет мемлекетіміздің және дамуымыздың негізі саналады. Бұл жоспарланған іс-шараның негізі болуға тиіс, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев соған байланысты Жансейіт Түймебаевқа бірқатар нақты тапсырма берді.