Coding Lab курсының оқушылары мобайл қосымшаны қалай әзірледі?

Электрон кітапхана, мобайл ойын, сөздік, әлеуметтік жоба. Бұлар - Coding Lab түлектері - оқушылар мен колледж студенттерінің небәрі бір айда әзірлеген мобайл қосымшалары. 

Coding Lab — Samsung компаниясының жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне заманауи тілдерде бағдарлама жасауды үйрететін ұзақмерзімді жобасы. Қазіргі уақытта жоба «Аяла» қайырымдылық қорымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Coding Lab курсына 14-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатыса алады. Кез келген алматылық жасөспірім курсты тегін оқиды. Ол үшін Сoding-lab.kz сайтындағы тесттен өтуі қажет. Тесттен өткендер сұхбатқа шақырылады. Былтыр тамыз айында Coding Lab жобасына 400-ден астам үміткер өтініш білдірген. Соның тек 75-і сынақтан өтіп, бір жыл бойы бағдарламалауды үйренуге мүмкіндік алды.

Coding Lab, Samsung
Coding Lab түлегі Ерік Серікбай. Фото ұйымдастырушылардан

Жоба аясында оқушылар келесі бағыттар бойынша білім алып шықты:

  • Hellо — бағдарламалау негізі;
  • Java — Java тіліндегі алгоритм мен дерек құрылымдары;
  • Android — Android платформасына мобайл қосымша бағдарламалау;
  • Design — компьютер графикасы және дизайн негіздері;
  • Object — объектив бағыттағы бағдарламалау;
  • Server — ұялы телефонның серверін дамыту негіздері.

Бұл бағыттарды оқушылар 2018 жылдың қыркүйегі мен 2019 жылдың сәуір айы аралығында меңгеріп шықты. Сабақтар аптасына екі рет екі сағаттан өткізіліп отырды. Курсты 25 оқушы толық аяқтады. Жобаның ережесі бойынша, түлектер оқуды аяқтағаны жөнінде Samsung компаниясының сертификатын алуы үшін Android базасында мобайл қосымша әзірлеуі керек. Оны құрастыруға бір ай уақыт беріледі.

Coding Lab, Samsung
Coding Lab түлегі Эмир Ушуров. Фото ұйымдастырушылардан

Биылғы түлектер бір ай ішінде ойын, бағдарлама, әлеуметтік жоба бағытында түрлі мобайл қосымша жасап шыққан. Қорытынды байқаудың үздіктері анықталып, Samsung компаниясының сыйлықтарымен марапатталды. Ал жеңімпаздар Мәскеуде өтетін IT-байқауға жолдама алды.

Coding Lab, Samsung
Coding Lab түлегі Мирас Серікұлы. Фото ұйымдастырушылардан

Әлеуметтік жобалар бойынша түлектер қоғамға пайдалы түрлі мобайл қосымша әзірлеген. Олардың арасында қайырымдылыққа, туризм саласына, сауда-саттыққа байланысты жобалар бар. Соның ішінде қайырымдылыққа бағытталған екі қосымша жүлделі орынға ие болды. Олар — Ерік Серікбайдың Komek қосымшасы мен Аружан Қайр, Диана Дауованың бірлесіп жасаған Asar қосымшасы. Құрастырушы Аружан Қайрдың зерттеуінше, қазақстандықтардың 9%-ы күнделікті, 40%-ы айына бір рет қайырымдылыққа ақша жұмсап отырады. Ал 50%-ы онымен мүлде айналыспайды. Екі жобаның да мақсаты көмекке мұқтаж жандарға ақшалай көмектесуін оңтайландыру және алаяқтарға алданып қалмау мақсатында аудиторияға тексерілген ақпарат ұсыну.

Coding Lab, Samsung
Coding Lab түлегі Денис Мотин. Фото ұйымдастырушылардан

Бағдарламалау бойынша Coding Lab түлегі Денис Мотиннің тагаль тілі сөздігінің мобайл қосымша нұсқасы үздік деп танылды. Жүлделі екінші орынды Әлішер Серікұлының QTFinder қосымшасы алды. Эмир Ушуровтың HiBook электрон кітапханасы үшінші орынды иеленді. Ол мобайл қосымшаға 10 мыңнан астам кітапты топтастырған. Бағдарлама Java тілінде Android платформасына жасалған. Қосымшаның негізгі ерекшелігінің бірі — басты бетте алгоритм көмегімен пайдаланушының қызығушылығына сай кітап шығып тұрады. Сонымен қатар іздеу жүйесі де бар.

Coding Lab, Samsung
Coding Lab байқауының қазылар алқасы. Фото ұйымдастырушылардан

Бағдарламалаудағы қызық әрі қиын бағыттың бірі — ойын құрастыру. Coding Lab түлектері бұл тапсырманы да сәтті орындап шыққан. Дмитрий Павловтың Dig&Run мобайл ойыны қазылар алқасының оң бағасын алып, құрастырушысы жеңімпаз атанды. Ойын Action platformer жанрында жасалған. Оны төрт адам бір мезгілде ойнай алады. Қазылардың айтуынша, бұл — құрастыруға күрделі бағыт. Ал жүлделі екінші орын Мирас Серікұлы, Ставр Плаксин, Михаил Мищенконың World Abyss қосымшасына тиесілі болды. Ойын Roquelike games стилінде құрастырылған.

Қазылар алқасы байқауға қатысқан өзге де үздік жобаларды атап өтті. Олардың қатарында оқушы Омар Абайдың қағаздағы мәтінді цифрлық жүйеге айналдыратын FastTextScan мобайл қосымшасы, Томирис Балтабайдың Қазақстан туризміне арналған Kazinfo жобасы бар.

Coding Lab түлектері жыл бойы бағдарламалауды Samsung компаниясының соңғы технологияларымен меңгеріп шықты. Енді олардың халықаралық байқауларға қатысу мүмкіндігі бар. Samsung Electronics Central Eurasia корпорациясының әлеуметтік жауапкершілік саясатының ең маңызды қағидаларының бірі — жергілікті проблемаларды шешуде өңірлерді қолдау. Сол себепті компания қазақстандық IT-мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөліп отыр.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!