Уақыт өткен сайын интернет банкинг қызметін қолданатындар саны көбейіп келеді. Сол арқылы қолданушылар онлайн сауда жасап, коммуналдық төлем төлеп, аударма жасайды. Ол үшін арнайы логин мен құпия сөз болса жеткілікті. Ал құпия сөзіңіз әлсіз болса шотыңыздағы бар қаржыдан айырылып қалуыңыз ғажап емес.

Қазіргі кезде әлеуметтік желілер де бизнес ашу мен дамытудың бір құралына айналды. Онда да аккаунтыңыздың құпия сөзі маңызды рөл атқарады.

Қандай құпия сөздерді бұзу оңай?

құпия сөз
Фото: rozelt/depositphotos.com

Арнайы бағдарламалар кең таралған құпия сөздерді бірнеше секундтың ішінде тауып беруі мүмкін. Сізді жақсы танитын адам сіздің қандай сөзді жиі қолданатыныңызды да біледі. Virginia Tech университетінің зерттеушілері 6 миллион құпия сөзді талдап, қолданушылардың көбі бірдей қателік жасайтынын анықтады.

Ең жиі кездесетін және әлсіз құпия сөздер:

  • Меншігіңіздегі барлық аккаунттарға бір құпия сөз қолдану. Хакерлік бағдарлама сіздің бір аккаунтыңыздың құпия сөзін білсе, басқаларына да оңай қол жеткізеді. Зерттеушілердің айтуынша, 2012 жылы адамдардың 60 пайызы барлық сайтқа бір құпия сөз орнатқан.
  • Пернетақтадағы орнына байланысты үйлесіммен орнату. Мысалы: «12345», «qwerty» және күрделірек нұсқасы «po09iu87». Мұндай құпия сөздерді бұзу қиындық туғызбайды.
  • Махаббат пен жек көрініш сезімін білдіру. Көптеген қолданушылар бірнеше символдан тұратын бірақ жаттанды сөз тіркесін қолданады. Мысалы, ilovemymother немесе yalublukotikov.
  • Танымал брендтер атауы. Оларды еске түсіру де, жаттау да жеңіл, дегенмен мұндай құпия сөзді мыңдаған адам қолданады. Көп пайдаланылатын атаулар: mercedes, cocacola, snickers.
  • Мәдениет және спортқа қатысты танымал атаулар. Актер немесе кейіпкердің есімі, ән, кітап, музыкалық топ, спорттық команда және ойыншылардың аттары: chelsea, nintyone, bts, sherlok т.б.
  • Есімі, тегі және сан. Мысалы, anar1996 және mrsmith111. Кез келген адамға сіздің аты-жөніңіз, туған жылыңызды біліп алу оңай. Тіпті, bruteforce бағдарламасы арқылы кез келген есімге тиесілі құпия сөздерді біліп алуға болады.

Сенімді құпия сөз қандай болады

  • Сенімді құпия сөз мейлінше көп символдан құралғаны жөн. Құпия сөзде есім, атау және танымал сөздерді қолданбаңыз. Құпия сөздің беріктігін OnlineDomainTools қызметінен тексеруге болады.
  • «Жаттандылықтан» аулақ болыңыз: «о» әріпін «0» санымен немесе «а» әріпін @ символына ауыстырмаңыз. Пернетақта үйлесімін қолданбаңыз, мысалы, 123 және !@#.
  • Бей берекет орналасқан символдарды табу қиын. Сондықтан мына құпия сөз генераторын пайдалану арқылы кездейсоқ символдар құрап алыңыз. Мысалы, d2poW&lXL+ немесе 0azOMLv@wrAS.

Есте қаларлық сенімді құпия сөзді қалай құрауға болады

  • Зерттеушілер құпия сөзді оңай жаттау үшін мынадай кеңсе берді: әр әріпке, санға немесе символға өз ассоциацияңызды ойластырып, содан сөйлем құрастырыңыз. M13zhSHcha — Мен 13 жасымда шахматтан чемпион атандым.
  • Миға симайтын, абсурдты сөйлем құрастырып алыңыз. KmaU — Кітапқа мініп айға ұштым.
  • Визуалды ойлау құпия сөзді құру мен жаттап алуға көмектеседі. Ерекше оқиғаны танымал кейіпкермен байланыстырыңыз. Мысалы,  MHqgsoa — Месси Хорватия қақпасына гол cоға алмады.

Құпия сөзді қалай есте сақтауға болады

  • Ғалымдардың айтуынша, қандай да бір ақпаратты жаттап алу үшін сөзден көз алмай қарап тұрып, 5 рет қайталау қажет. Жаттай алмасаңыз 10 реттен де қайталауға болады.
  • Жадыңыздың бұлшық етін іске қосыңыз. Құпия сөзді саусағыңыз автоматты түрде тере алатын жағдайға жеткенге дейін сөзді кез келген мәтін редакторында жаза беріңіз. Аз дегенде 20 рет қайталаңыз.
  • Құпия сөзді әр 90 күн сайын ауыстырып отырыңыз.
  • Құпия сұрақтардың нақты жауабын айтпаңыз. Жеке басыңызға қатысты ақпаратты әлеуметтік желіден-ақ біліп алуға болады. Мысалы, «Анаңыздың қыз кезіндегі тегі» деген сұраққа «Дымбілмесова» деген сияқты жауап беріңіз.
  • Құпия сөзді әмияндағы қағазға жазып қою немесе тоңазытқышқа жабыстырып қою қауіпті.

Ал сіз күрделі құпия сөздерді қалай жаттайсыз? Әдісіңізбен бөлісе отырыңыз.

Аударған Мейірім Бақытжанова