— Серікболсын, өзіңіз білім алып жатқан KAUST университеті туралы айтып беріңізші.
— KAUST (King Abdullah University of Science and Technology) университетінің ашылғанына биыл 10 жыл толады. Ол бюджеті бойынша әлемдегі ең бай үш университеттің қатарына кіреді. Оқу орны Абдуллаh патшаның бұйырығымен салынған. Ол университетке 20 миллиард доллар ақша бөлген. Бұл қаржыға шетелден білікті профессорлар шақыртылды. Қазір университет әлем бойынша ғылыми жұмыспен айналысу жағынан алғашқы орында. Мұнда тек магистратура мен докторантура бойынша студенттер білім алады. Магистратурада оқу мерзімі — 1,5-2 жыл, докторантурада 4-5 жыл.
Мұнда студенттерге барлық жағдай жасалған. Медицина қызметі, жататын орын, спортзалдар, бәрі тегін. Кампус ішіндегі шағын автобус та студенттерден ақы алмайды. Студенттер екі қабатты пәтерлерде тұрады. Оны «таунхаус» деп атайды. Өзге елден келген студент отбасымен осында көшіп келе алады. Оларға да барлық жағдай жасалады. Университетіміз Қызыл теңіздің жағасында орналасқан. Жағажайда демалып, уақыт өткізуге болады. Бұл жақта қыс болмайды.
— Сауд Арабиясында білім алып жүріп, бұл елдің, өзіңіз оқитын университеттің қандай артықшылығын байқадыңыз?
— Елдің мәдениеті, тілі мүлдем басқа, тек дініміз ортақ. Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі өте жақсы. Қалашық халықаралық орталық болғандықтан түрлі ұлт өкілін жиі кездестіресіз. Барлығы бір-бірін сыйлайды. Біз Сауд Арабиясында тұратын халықпен жақын араласпаймыз. Өйткені бұл — жабық қалашық.
KAUST университеті Меккеден 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Оқу орнының білім беру жүйесі біздегі Назарбаев Университетінің оқу бағдарламасына ұқсайды. Шетелден келген профессорлар сабақ береді, лабораториялары да жоғары деңгейде жұмыс істейді.
— Ғылым жолына түсіп, шетел асқанға дейін қайда білім алдыңыз?
— 2011 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Павлодар облыстық қазақ гимназия-интернатын «Алтын белгімен» бітіріп, Назарбаев Университетін инженерия мамандығы бойынша тәмәмдап, Сауд Арабиясындағы KAUST университетіне құжаттарымды 2016 жылы тапсырдым. Университетке түсу үшін 3-4 емтихан тапсырып, Стамбулда бетпе-бет сұхбаттан өттім. Оқуға түсуіме мектеп кезінен алған білімім, университеттегі белсенділігім, жетістіктерім көмектесті.
— Қазақстан ғылымының дамуын жаңа деңгейге көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Барлық ықыласым, фокусым дәл қазір өзімде. Себебі өзім әсер ете алмайтын нәрселерге энергиямды босқа жұмсағым келмейді. Ақылы жоқ, бірақ пікірі бар адамдардың қатарынан да болғым келмейді.
Мектеп кезінен басталған фундамент өте мықты болуы керек деп ойлаймын. Егер мектеп қабырғасындағы оқушы болашақта ғалым болғысы келсе, сол кезден бастап барлық ғылымның фундаментін жақсы зерделеуі керек. Басқа саланың маманы болғысы келсе, өзіне қажетті дүниелерді алып, артық пәндерді терең емес, үстірт білсе де жеткілікті.
— Қазақстан жастарының неге шетелде оқуға не жұмыс істеуге ықыласы ерекше?
— АҚШ-та, Еуропада ғылымға жасалып жатқан жағдайды біздің елдегімен салыстыруға келмейді. Себебі онда әлемнің мықты ғалымдары бар. Миллиардерлер де ғылымға арнайы грант бөліп отырады. Сол себепті оларда ғылым қарыштап дамып жатыр. Ал шетелде жүрген қазақ жастары онда түбегейлі қалып қояды деп ойламаймын. Өйткені олардың көбі тәжірибе жинағысы келеді. Докторантураны бітірсе де, Қазақстанда бірден жақсы жұмысқа орналаса алмайды. Лабораторияның өзіне жақсы жағдай жасалмайды. Сондықтан өзім сияқты көп студент шетелде оқып, жұмыс істеп, тәжірибе жинағысы, Қазақстанда жақсы лаборатория ашқысы келеді. Өзім докторантураны бітіріп, міндетті түрде елге ораламын. Жай ғана оралмай, Қазақстанда ғылымды, математиканы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтергім келеді.
— Ғылымнан өзге қандай іспен айналысасыз? Жалықпай еңбек етуге қажет мотивацияны, ерік-жігерді қайдан аласыз?
— Менің ең жақсы көретін ісім — бала оқыту. Қазір қазақстандық балаларды онлайн оқытып жүрмін. Бос уақытымда спортзалға барамын. Суда жүзгенді жақсы көремін. Кітап оқуға күнделікті уақыт бөліп отырамын. Жетістікке жеткен адамдардан сабақ аламын. Ең қиыны — өзіңді жеңу. Біріншіден, денсаулығыма аса көңіл бөлемін. Екіншіден, рухани байлық. Ол үшін психология, бизнес жөніндегі кітаптарды көп оқимын. Соларды өмірде қолдану — қазіргі мақсаттарымның бірі. Одан кейін материал жағдай. Онлайн сабақ берумен бірге кітап сатумен айналысамын. Болашақта жобаларыма инвестиция салу үшін күн сайын жаңа адамдармен танысып, олардан жаңа нәрсе, мотивация алуды да естен шығарған емеспін.