Қазақстан киномандары «Тақтар ойынының» аяқталуы, сага желісі мен ондағы образдар тартысының бастапқы қисынға сай болуы жөнінде не дейді?
Ернар Бекенов, киноблогер:
«Тақтар ойынының» соңғы маусымында бұрынғы картиналармен салыстырғанда сюжеттің шапшаң дамығаны сезіледі. Соның әсерінен оқиға аяқталмағандай, көп сұрақ жауапсыз қалғандай болды. Мысалы, Ақ кезбелердің түпкі мақсаты не болғаны, кейінгі маусымдарда Джонның Таргариен екеніне ерекше мән беріліп, соңғы маусымда неге оның тым қарапайым адам боп қалғаны түсініксіз. Сондықтан «Тақтар ойынының» 8-маусымы аяқталмай, асығыс дамып кетті деп ойлаймын. Сериалға 10-нан 7 балл қояр едім. Негізгі акцент әдемі картиналар мен ауқымды шайқас көріністерінде. Ал сценарий тұрғысынан үлкен қателер жіберілген. Дейенеристің мыңдаған тұрғынды өлтіріп, Вестеросты қиратқанынан кейін оның тез арада қайта тұрғызылғаны, аңыз бойынша мың жыл салынған мұз қабырғаның бірнеше айда қалпына келтірілгені ойға сыйымсыз боп қалды. Мұның белгілі бір себебі мен түсіндірмесі бар болар, бірақ авторлар оның бәрін көрермен өзі тауып, түсініп алсын дегендей көрінеді.
«Тақтар ойынындағы» кейіпкерлердің ішінде айдаһардың іс-әрекеті түсініксіз болды. Осыған дейін айдаһар санасыз жануар боп көрсетіліп келді. Бірақ оның Дейенерис өлген кезде бәріне себеп болған тақты балқытып, қаһарын төгіп, анасының денесін көтеріп ұшып кеткені саналы адамның әрекетіндей көрінді.
Ал Бран Старк өткен маусымдарда елеулі істер атқарып, қабырғаның ар жағындағы ешкімнің аяғы жетпеген жерге барып, көп қиындық көреді. Соңғы маусымда Бранның ешқандай маңызды роль атқармағаны білінді. Сондықтан сценаристер түптеп келгенде бәрі Бранның жоспарымен жүргендей етіп көрсеткісі келген шығар. Бірақ Бран үшкөзді қарға, яғни варг бола тұра неліктен айдаһарды басқарған жоқ? Винтерфелді кезбелерден айдаһар арқылы қорғаудың орнына ол теректің түбінде еш әрекетсіз отырғаны маған түсініксіз болды.
Мен Джон Сноу патша болып, таққа отыратынын күттім. Өйткені сценаристер оны ерекшелеп, алдыңғы планға шығарды, алғышарттардың бәрі соған әкеле жатқандай болды. Таргариендердің дәстүрі бойынша туыс болып келетіндер үйленуі керек қой. Сол дәстүрмен Дейенерис екеуі қосылып, Жеті патшалықты бірге басқарады деген ой болды.
Нариман Әбиев, кинопрокат жөніндегі маман:
Мен Дейенеристі аядым. Осыған дейін құлиеленушілікке қарсы күресіп, мейірімді мақсат еткен патшайым ашу үстінде үлкен қате жіберді. Бірақ ондай патшайым жалғыз ғой. Дейенеристің өлімі ақталмады деп ойлаймын. Сериал авторлары қарама-қайшылыққа бой алдырғандай. Дейенерис бейбіт халықты жазықсыз қырғаны үшін Джон Сноу өте ауыр шешім қабылдауға мәжбүр болды.
Соңғы сериядағы келесі патшаны таңдау кезінде Сэм Тарлидің демократиялық сайлау ұйымдастыру идеясын билік басындағылар күлкі етеді. Сэмнің «бәріне таңдау құқығын берейік» деген ұсынысына билеушілер «онда менің жылқымды да, итімді де сайлауға қатыстырайық» деп мысқылдауы бүгінгі картинаны сипаттап тұрғандай. Бұл көріністен мен қазір көп елде, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан саяси жағдайды көргендей болдым. Соңғы маусымның сюжеті мен түсірілуіне 10 балдың 10-ын берер едім.
Режиссерлардың сериалды түсіру шеберлігіне тәнтімін. Сынның көбейгеніне қарамастан әрдайым өз бағытымен жүруі керек деп есептеймін. Сериал түсірумен айналысып көрдім, сондықтан оның қаншалықты күрделі жұмыс екенін түсінемін. АҚШ-та бұл сериалдың соңғы маусымын қайта түсіруді талап еткен петицияға 700-ден астам адам қол қойды дегенді естідім. Бірақ олардың наразылығы мен миллиондаған көрерменнің сүйіспеншілігі қатар тұра алмас деп ойлаймын.
«Тақтар ойынындағы» ең сүйікті көрінісім — Тирионның үйінді арасынан Джейме мен Серсеяның өлі денесін тауып, қатты қынжылған сәті. Кейіпкердің ашу-ызасы мен өкінішін актер тамаша жеткізе алды.
Джейме Ланнистер маған кейіпкер ретінде ұнайтын. Одан көңілім қалған жоқ. Махаббатына берік болғаны соншалық, сүйіктісі үшін өлді. Осы жерде «Тақтар ойынындағы» екі түрлі махаббатты көрдім. Бірі махаббатын бәрінен қымбат санаған Джейменің сезімі болса, екіншісі — Дейенеристі қаншалықты жақсы көрсе де, оның озбырлығын қабылдай алмаған Джон Сноудың сезімі.