Екінші жартылай финалда 18 мемлекеттің музыканты өнерін көрсетті. Фанаттар зор үміт артқан фавориттердің көбі, айталық, Нидерланды, Швейцария, Норвегия, Ресей, Әзірбайжан сияқты елдер осы екінші топқа кездейсоқ түскен. Сайыстың бұл күні графикамен, визуал эффектілермен көркемделген нөмірлер аз болмады.

Ресей сайыскері Сергей Лазаревтің қойылымында оның бірнеше жасанды көшірмесі пайда болып, бір мезгілде түрліше қимылдаса, Әзірбайжанның нөмірінде екі робот лазер сәулесімен сайыскер Шыңғыс Мұстафаевтың «жаралы жүрегін емдеді».

Қазылар мен жанкүйерлердің дауыс беруі нәтижесінде финалға Солтүстік Македония, Нидерланды, Албания, Швеция, Ресей, Әзірбайжан, Дания, Норвегия, Швейцария, Мальта музыканттары өтті.

Бұған дейін 14 мамырда байқаудың алғашқы жартылай финалы өтіп, 17 үміткердің арасынан негізгі сайысқа қатысатын 10 ел іріктелген еді. Олар: Грекия, Беларусь, Сербия, Кипр, Эстония, Чехия, Австралия, Исландия, Сан-Марино және Словения.

Осылайша екі кезеңнен іріктелген 20 мемлекеттің үміткері мен Израиль және үлкен бестік: Германия, Испания, Италия, Франция, Ұлыбритания өкілдері 18 мамыр күні байқаудың шешуші сайысында бақ сынайды.

Eurovision-2019 халықаралық ән байқауы Тель-Авивте 12 мамырда ресми түрде ашылды. 41 мемлекеттің делегациясы қызғылт кілеммен жүріп өтті. Бір жыл бұрын Португалияда өткен Eurovision-де сайыскерлердің алдына көк кілем төселсе, биылғы кілемнің түсі қызғылт. Байқаудың биылғы ұраны — Dare To Dream («Батыл арманда»).

Eurovision-2018 байқауында Израиль әншісі Нета Барзилай Toy әнімен бірінші орынды иеленген еді. Сол себепті биылғы байқау оның елінде өтіп отыр. Нета Барзилай биыл Eurovision-нің алғашқы жартылай финалында өнер көрсетті. Бұл ән байқауын Израиль үшінші рет өткізіп жатыр.

Eurovision-2019 байқауында қай ән жеңуі мүмкін?

Eurovision байқауының 40-тан астам фан-клубын біріктіретін OGAE ұйымы үздік үш әнді анықтап қойды. Олар: Италия әншісі Мамудтың Soldi, Швейцария музыканты Лука Хеннидің She Got Me және Нидерланды әншісі Дункан Лоуренстің Arcade әндері.

(Фотода Ресей сайыскері Сергей Лазарев: Eurovision.tv)