Ол бала кезінен музыкамен, бимен әуестенеді, бірақ кәсіби айналыспаған. Әнші Ресейдің «ТНТ» телеарнасындағы «Песни» жобасына жаңа псевдониммен қатысты. Ол бұрын Molly деген атпен өнер көрсетіп, әлеуметтік желідегі парақшаларын да осы атпен жүргізді.

Тиматидің айтуынша, Say Mo айтқанға оңай көнетін, тілалғыш қыз емес.

Ол — артист, ол — конфликтке жақын адам, бұл қалыпты нәрсе. Қазақ кейпіндегі Cardi B өзін басқаша қалай ұстауы керек? Ол «Иә, босс», «Әрине, босс» «Айтқаныңызға құлдық, босс» деген сөздерді айта алмайды. Жоқ, ол ондай адам емес, — дейді Тимати.

Say Mo — әншінің сахнадағы аты. Оның өз аты-жөні — Мөлдір Бақытжанқызы. Жасы 21-де, Қаскелеңде туған.

«Песни» шоуының YouTube каналында жарияланған Say Mo-ның видеоларына қазақстандық фанаттар оның  кезінде Димаш, Нәзима сияқты елімізде мойындалмағанын жазып жатыр. Ол бұл шоуға қатыспай тұрып отандық телеарналардың бірінде өткен «Топжарған» байқауында бақ сынаған. Say Mo бұл жобада рэп жанрындағы Sixteen Qyz деп аталатын әнді орындады. Бірақ ол алғашқы турдан өте алмады.

Конкурста біз ең әуелі әншіні шығаруымыз керек. Әнші бұл конкурста ғана емес, талай мемлекетте, талай жерде Қазақстанның әншісі деген жоғары дәрежені көрсетуі керек. Сен келешекте рэп жағынан қыздардың арасында №1 боласың, — деді Роза Рымбаева.

Say Mo — ағылшын және корей тілдерінің аудармашысы. Бірақ мамандығы бойынша ешқашан жұмыс істемеген. Өйткені ол сахнаны сүйеді.

Кез келген нәрсеге дайынмын. Сахнаға шыққанда ештеңеден қорықпаймын. Өйткені адамдардың қошеметі, сахна — мен үшін витамин, — дейді Say Mo.

Ол «Песни» жобасының ең алғашқы концертінде шоудың бірінші маусымына қатысқан шымкенттік Нәзима Жәнібековамен (Наzима) бірге «Не говори» деген әнді орындады. Бұл видеоны YouТube-те 3 миллионға жуық адам қарап, 4,6 мыңға жуық қолданушы комментарий жазған.

Бастаның айтуынша, бұл — «мінсіз нөмір». Ал Тимати «пушка, бомба» деген пікір айтты. Say Mo шоуда орындайтын кей әннің сөзі мен музыкасын өзі жазған.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық ақпарат құралдары алматылық Say Mo есімді орындаушының ресейлік танымал Black Star тәуелсіз дыбыс жазу лейблімен және продюсерлер компаниясымен келісімшартқа отырғанын жазып еді. Былтыр дәл осы лейблдің құрамына Қазақстаннан Нәзима Жәнібекова да қосылды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!