Бөлме өсімдігі мен адамның көңіл-күйі арасында қандай байланыс бар?

Ботаниктің айтуынша, бөлме өсімдігі ауаны тазартуымен, иісімен ғана пайдалы.

Өсімдік атаулы көңіл-күйге, үйдегі энергияның нашарлауына және қаржы жағдайының жақсаруына еш әсер етпейді, тіпті көпшілік жақсы көретін спатифиллум гүлінің «Әйел бақыты», «Ер бақыты» деген жанама атауы бар. Дәл осы атаулар халық арасына кең тарап, адамдар осы гүлдің үйге бақыт алып келетініне сенетін болған. Өсімдік адамның бақытына, жеке өміріне ешқалай әсер етпейді. Ол тек ауаны тазартып, жағымды иісімен тыныштандырады. Мысалы, қылша өсімдігі (хвойник) ауаны тазартады, миртатұқымдас өсімдіктер ауадағы бактерияларды өлтіреді, — дейді ботаник.

Бөлме өсімдігінің денсаулыққа қандай әсері бар?

Марина Панаскинаның айтуынша, өсімдіктің әсері әр адамның денсаулығына байланысты. Кейбір адамда жасыл желектен аллергия байқалады. Мұндай адамдар өздеріне қай өсімдіктің жағымды екенін анықтап алғаны дұрыс.

Мысалы, жасминнің иісі шығып тұрады. Демікпесі бар, тыныс жолдары қабынған адамға оның кері әсері болуы мүмкін. Жүйке жүйесін тыныштандыруға қазтамақ гүлі (герань) жақсы. Күн сайын қазтамақты 10-15 минут иіскесе, жүйке тыныштанады, бірақ оның иісі бәріне бірдей ұнай бермейді, — дейді маман.

Бөлме гүлін таңдағанда нені ескеру керек?

Өсімдікті таңдарда дүкендегі кеңесшімен ақылдасқан жөн. Олар туралы екінің бірі біле бермейді. Ең бастысы — улы болмағаны. Маманның айтуынша, өсімдікті сатып алмас бұрын үйдегі температура мен жарықты ескеру керек.

Бөлме өсімдігін сатып аларда үйіңізге Күн сәулесі қаншалықты түседі, температура орташа ма — бәріне мән берген дұрыс. Ылғал климатқа қырыққұлақтектес гүл ғана жарамаса, басқа өсімдік өсе бермейді. Құрғақ климатқа суккуленттер мен кактус шыдайды. Орташа климат жағдайында барлық өсімдік өседі. Тек қажетінше ылғалдандырып, су бүркіп тұруға тура келеді. Өсімдікке жарық қажет мөлшерде түспесе, шамның жарығы қолданылуы керек. Ең бастысы — адам өзіне ұнаған өсімдікті таңдағаны жөн. Үй иесіне ұнамайтын гүл дұрыс өспейді, — дейді Марина Панаскина.