Нұр-Сұлтанда өтетін Comic Con халықаралық фестиваль-көрмесі аясында косплей байқауы ұйымдастырылады. Оған Ирина Мейер, Илона Бугаева (Sladkoslava), Геша Петрович сияқты модельдер мен косплеерлер және басқалар қазылық етеді.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, кәсіпқойлар мен әуесқойларға арналған косплей-шоу бағдарламасына қатысушылар байқаудың нәтижесінде іріктеледі. Косплей — белгілі комикс кейіпкерлері сияқты киініп ойнау.
Конкурсқа қатысушылар фестивальдің үш күні ішінде келушілерге әдемі костюмдері мен адам айтқысыз образдарын паш ете отырып, жүлделі орындарға таласады. Финалистердің өнері фестиваль сахнасындағы нағыз музыкалық-артистік шоу болады.
Кәсіпқойлар арасындағы косплей конкурсында детальдердің көбін қолдан жасау қажет. Интернет дүкендерінен сатып алған детальдер жалпы костюмнің 10%-ынан аспауы керек. Бірақ оларға крафт-шеберханаларда немесе ательелерде тапсырыспен жасалған костюмдерді қолдануға болады. Әуесқойлар арасындағы конкурста дайын детальдерді костюмнің 10%-ынан 100%-ына дейін интернет-дүкендерден сатып алуға рұқсат беріледі.
Сайыскерлердің міндеті — жеке дефиле мен топ болып өнер көрсету. Ұйымдастырушылар оларды бірегейлік, костюмнің күрделілігі, команда жұмысының сапасы, артистизм сияқты көп критерий бойынша бағалайды. Кәсіпқойлар сыны бойынша жүлде көлемі — 200 мың теңгеден 1 миллион 500 мың теңгеге дейін. Бас жүлдеге қаражат орнына АҚШ-тың Сан-Диегосында өтетін әлемдегі ең танымал Comic Con-ға жолдама да берілуі мүмкін.
Конкурс жұмысына қазылар алқасы ретінде қатысатын шетел косплеерлерінің қатарында Мәскеуде тұратын кәсіби модель, фильмдер, ойындар мен комикстар бойынша косплеймен 11 жасынан бастап айналысатын, бүгінде хоббиін бизнеске сәтті айналдырған Ирина Мейер бар. Ол бүкіл әлем бойынша косплей конкурстарының төрешісі болып жүр, Blizzard ұйымдастырған Overwatch Cosplay Battle-де көрерменнің дауысы бойынша жеңімпаз атанған.
Қазылар алқасының тағы бір мүшесі — Санкт-Петербургта тұратын кәсіби косплеер, Гермиона Грейнджер, Маргери Тирелл, Дейенерис Таргариен, Белатрисса Лестрейндж сияқты кейіпкерлердің жарқын образымен танылған визажист Илона Бугаева. Илона халықаралық косплей фестивальдерінің қазылар алқасының құрамына енеді және «Старкон» фестивалінің косплей-конкурсының түрлі аталым бойынша жеңімпазы.
Конкурс жұмысына Ресейдің тағы бір өкілі, халықаралық косплеер Геша Петрович те төрелік етеді. Оның 8 жылдан астам тәжірибесі бар, соңғы 4 жылда халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп келеді. Геша — Ресей фестивальдерінің бірнеше мәрте жүлдегері, қазылар алқасының мүшесі, 20-дан астам шет мемлекетте де фестивальдерге сайыскер және төреші ретінде қатысқан, оның ішінде Сomic Con Seoul-2018 фестивалі де бар. Геша Петрович — Ресейдің байырғы вигмейкерлерінің бірі, Қытайдағы Revelation Online және Жапониядағы Dangelion Travelers 2 ойындарының ресми косплеері, Сool Japan халықаралық бағдарламасына қатысушы. Ол қазір Жапонияның L»erable Candee косплей агенттігінде және үш жылдан бері Қытайдың AGG ивент-компаниясында жұмыс істейді. Қытайдағы BICAF Beijing Mega Halo Awards нұсқасы бойынша 2018 жылдың үздік косплеері.
Қазылар алқасының жұмысына мына мамандар да қатысады:
Ксения Шелковская (Ресей) — суретші, косплеер, модель, «Ведьмак» ойынындағы Трисс кейіпкерінің ресми моделі. Оның ең танымал образы — «Тақтар ойыны» сериалындағы Маргери Тирелл.
Мария Давыдова (Эстония) — 2017 жылғы «Старкон» фестиваліндегі «Қазылар алқасы таңдауы» аталымының жеңімпазы, кәсіби крафтер, косплеер (LadyMelamori). Comic Con фестивалінде ол «Аквамендегі» Мера және Overwatch ойынындағы Эш образдарында болады.
Григорий Айрапетян (Ресей) — Blizzard халықаралық конкурстарына Ресейдің атынан қатысушы, «Халық таңдауы» аталымы бойынша жеңімпаз, Мәскеу мен Санкт-Петербургта өткен фестивальдердің бірнеше мәрте жеңімпазы, Overwatch бойынша «Мека» жобасының авторы, Alfakote нигімен танымал. Ол шара аясында Overwatch ойынындағы 3 метрлік «Мека» роботын жасау туралы дәріс оқиды.
Косплей конкурсының ережелері туралы толығырақ Comic Con фестиваль-көрмесінің www.comicconastana.com ресми сайтынан танысуға болады.
Өтініш 2019 жылдың 20 мамырына дейін қабылданады.
Еске салайық, Comic Con фестиваль-көрмесі Нұр-Сұлтанда 31 мамыр мен 2 маусым аралығында өтеді.
Фестивальдің ресми серіктесі – «Астана ЭКСПО-2017″ ҰҚ» АҚ.
Іс-шараның өтетін орнын «Астана ЭКСПО-2017″ ҰҚ» АҚ ұсынды.
Гик-кеңістіктің маңызды оқиғаларының бірі Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылып отыр, ал Қазақстандағы ұйымдастырушылар — Astana Convention Bureau және Нұр-Сұлтан әкімдігі. Фестивальдің мазмұнды бағдарламасы құқық иелерімен келісілген, онда арнайы көрсетілімдер, косплейлер, халықаралық студиялар мен компаниялардың жаңа өнімдерінің ресми таныстырылымдары болады.
Фестивальге қатысып, ұйымдастырушыларға құқық ұсынатынын Disney, Marvel, Wargaming және World of Tanks ойыны, Turner (Cartoon Network), НВО (Home Box Office Int., Warner Bros. Entertainment), Nickelodeon және Sony Pictures Entertainment сияқты әлем брендтері растады.
Comic Con фестивалі қазақстандықтар мен алыс-жақын шетел қонақтарын қосқанда 70 мыңға жуық адамды қабылдайды. Шараға қатысушылар осы жылы шыққан комикстер әлеміндегі басты премьераларды көріп, суперқаһармандар костюмдерін кие алады, сүйікті әртістерімен фотоға да түсе алады.
Шараға билетті жобаның ресми сайтынан алуға болады: www.comicconastana.com.
Zakazbiletov.kz сервисі арқылы және билетті сайтта көрсетілген сауда нүктелерінен сатып алып та конвент қатысушысы атануға болады.
Шара EXPO конгресс-орталығында өтеді.