Әңгіме қазақстандық «Майдан жолы» іздестіру жасағы туралы. Жасақ мүшелері биыл 30 сәуірде Павлодардан Ресейдің Ленинград облысына аттанған еді.

Виталий Федоров пен Асхат Мұқанов металліздегіш құрылғы сигнал берген жерді қазып жатыр. Фото: Яков Фeдоров

Олар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанда жасақталған 314-атқыштар дивизиясының жорық жолымен шайқас алаңдарында іздеу жүргізді. Фашизммен соғыс кезінде Ленинградты жаудан қорғау маңызды болды. Өйткені Ленинград — жаудың «Барбаросса» жоспарындағы басты мақсат. Басқыншылар үшін ол Мәскеуден бұрын жойылуы тиіс қала болды және Германияның КСРО-ға қарсы соғысының ары қарай қалай болары Ленинградтың алынуына байланысты еді. Сол себепті фашистер қалаға бір миллионнан астам адамнан тұратын күшпен шабуыл жасады. Батыр қала 900 күн бойы қоршауда тұрды. Осы кезде ленинградтықтарға Қазақстанда жасақталған 314-атқыштар дивизиясы көмекке келді. Олар қаланы жаудан азат ету үшін шайқасты. Атқыштар ерлікпен қаза тапты.

Іздестірудің екінші күнінде Өмірбек Қожахметов пен Әлібек Қабылдинов Гайтолово деревнясы маңынан майдан даласында қалған белгісіз солдаттың сүйегін тапты. Сарбаз әуе шабуылы кезінде оққа ұшқан деген болжам бар. Оның қасынан жеке заттары — ас қасығы, ұстарасы мен қайыс белбеуінің қалдықтары да табылды.

Өмірбек Қожахметов, Әлібек Қабылдинов. Фото: Яков Фeдоров

Рудныйлық Өмірбек Қожахметов іздестіру жасағына биыл жаңадан қосылған. Бірақ әзірше одан озып кеткен ешкім жоқ. Өмірбек белгісіз солдаттың сүйегінен бөлек, 2 мамыр күні 1913 жылы Ұлыбританияда жасалған пулеметты да тапты.

Александр Шитов
«Майдан жолы» іздеу жасағының командирі Александр Шитов. Фото: Яков Фeдоров

Пулемет — «Майдан жолы» іздестіру жасағының 10 жыл ішінде тапқан ең құнды жәдігері. Жасақ командирі Александр Шитовтың айтуынша, бұл — күллі ТМД елдері үшін баға жетпес дүние. Өйткені қазір мұндай пулеметты еш жерден кездестірмейсіз. Олар қаруды елге жеткізіп, Павлодардағы музейлердің біріне өткізбекші. Бізге Өмірбек Қожахметов алып атыс қаруын қалай тапқанын айтып берді.

Фото: Яков Фeдоров

Орманда металліздегішпен жүргенмін. Бір кезде ол сигнал бере бастады. Бірден күрегімді алып, жерді қаздым. Әуелі пулеметтың сабы көрінді. Ол тігінен жатыр екен. Оның үлкен әрі ауыр екенін байқадым. Бірден отрядты көмекке шақырдым. Бәріміз жерді қазып, пулеметты шығарып алдық. Салмағы — 18 келі. Қуаныш, бақыт! Қаншама сезім, қаншама эмоция! Лагерьге келе жатқанда Ресей отрядтары қолымыздағы затты көріп, фотоға түсіре бастады. Пулеметты түрлі затқа айырбастауға ұсыныс айтты. Қалжыңдап, «бір жәшік арақ береміз» деді. Біз ішпейтінімізді айтып, пулеметты өзімізде қалдырдық. Мұндай құнды затты арақ түгілі алтынға да айырбастамаймыз, — дейді ол.

Жасақ мүшелері жерді қазған кезде сүйек тапса, оны бірден Әлібек Қабылдиновке көрсетеді. Өйткені ол жануар мен адамның сүйегін айыра алады. Әлібек — Павлодардағы Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері. Ол да Өмірбек сияқты алғаш рет экспедицияға қатысып отыр.

Әлібек Қабылдинов. Фото: Яков Фeдоров

Мен антрополог емеспін. Бірақ адам мен жануардың сүйегін айыра аламын. Малдың сүйегі бірден байқалады. Кейде менде де «мынау қойдың сүйегі емес пе екен» деген күмән туатын сәт болады. Ондай кезде сүйекті лақтырып тастамай өзіммен бірге аламын. Білетін адамдарға көрсетемін, — дейді Әлібек Қабылдинов.

«Майдан жолы» жасағының құрамында Павлодардағы №18 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Асхат Мұқанов пен 10-сынып оқушысы Александр Резников те бар. Ол бұл жасақ туралы өзінің мұғалімінен естіпті. Александрдың айтуынша, оның атасының әкесі де Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Бірақ оның қай жерде жатқанын ешкім білмейді. Өйткені ол ұрыс даласынан оралмаған.

Асхат Мұқанов пен Александр Резников. Фото: Яков Фeдоров

Шатырда ұйықтау, орманда жүру, аталарымыздың соғысқан жерлерін өз көзіңмен көру, олардан қалған қару-жарақты ұстау, бәрі-бәрі маған ұмытылмас әсер берді. Тарих пәнінен сабақ беретін ұстазым «Майдан жолы» іздеу жасағының жақында сапарға шығатынын айтып, маған да қосылуды ұсынды. Мен бірден келістім. Ата-анам да қарсы болған жоқ, — дейді ол.

Кезінде кескілескен ұрыс даласы болған Ленинград облысының ормандары майданнан қалған бар тарихты, бар жәдігерді, бар сырды бүгіп жатыр. Іздестіру жасақтары қару-жарақ пен әскери техниканы, жауынгерлердің сүйегі мен жеке заттарын терең көмілген жерінен түгел аршып алуға тырысады. Майдан жұртынан үтік те табылды.

Фото: Яков Фeдоров

Бұл үтікті солдат емес, офицерлер қолданған болуы мүмкін. Менің болжамым бойынша соғыс болып жатқан жерлерге жақын үйлерде бомба жарылып, сол кезде үтік сыртқа шығып кеткен болуы мүмкін. Ал оны солдаттар немесе офицерлер тауып, кәдеге жаратса керек. Өйткені солдаттарға қандай да бір команда бергенде немесе маңызды оқиға болғанда киімдерінің үтіктелген әрі таза болуы маңызды. Тағы бір болжам: үтікті санитар әйелдер де қолдануы мүмкін, — дейді Нұр-Сұлтандағы «Мемориальная зона» іздестіру жасағы командирінің орынбасары, әскери-тарихи музей қызметкері Виталий Федоров.

Фото: Яков Фeдоров

Еске салайық, бұған дейін «Майдан жолы» іздестіру жасағы Ресейдің Эстониямен шекаралас өңіріндегі Кингисепп қаласында Ұлы Отан соғысы кезінде Ленинград қоршауын бұзған қазақстандық жауынгерлерге арнап ескерткіш орнатқанын хабарлаған едік. Жасақ мүшелері Кингисеппте қойылған ескерткіш тақтаның түбіне туған жердің бір уыс топырағы салынған металл капсуланы көмді. Ол Павлодардағы бұрынғы теміржол вокзалы маңынан алынған. 314-атқыштар дивизиясының сарбаздары майданға дәл осы жерден аттанған еді. 

«Майдан жолы» іздестіру жасағы Еуразия тобының «Батырлар жолымен» — «Дорогой славы» халықаралық патриоттық жобасы аясында 10 жылда ұрыс даласында қалған 240 белгісіз солдатты тауып, қайта жерледі. Сонымен бірге Ресей, Украина мен Қазақстан аумағында жерлестерімізге 16 ескерткіш орнатты.