Ресейдің Кингисепп қаласында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ленинград қоршауын бұзған қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш орнатылды.
Кингисепп — Ресейдің Ленинград облысында орналасқан қала. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ленинградты жаудан қорғау аса маңызды болды. Өйткені жау қалаға бір миллионнан астам адамнан тұратын күшпен шабуыл жасады. Ленинград 900 күн бойы қоршауда тұрды. Осы кезде ленинградтықтарға Қазақстанда жасақталған 314-атқыштар дивизиясы көмекке келді. Олар қаланы жаудан азат ету үшін шайқасты.
Олардың рухына арнап Кингисеппте орнатылған ескерткіш таста:
Басқыншы фашизм армиясымен жан алып, жан беріскен қан майдан, қиян кескі ұрыстарда Кингисепп қаласын азат ету жолында қазақстандық жауынгерлер омырауын оққа тосып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Қазақстанның айбынды қаһaрмандары рухына ризашыл ұрпақтардан мәңгілік тағзым, — деген сөздер жазылған.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстаннан барған делегация мен еліміздің Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Дәурен Дияров қатысты.
Бүгін мұнда жастардың, мектеп оқушыларының келіп жатқаны қуантады. Өйткені осының барлығы солар үшін, ұрпақ жадында сол қиын жылдарды жаңғырту үшін жасалып отыр. Сіздер нағыз батырларды есте сақтауларыңыз керек. Шын батырлар — суретке салынған немесе супермендер емес, сіздердің болашақтарыңыз үшін жанын қиған қарапайым адамдар. Осы жерге келіп, оларды жиі еске алып тұрыңыздар, — деді Дәурен Дияров.
Кингисепп губернаторы — Кингисепп ауданы әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Елена Антонова бастаманы іске асырған қазақстандықтарға алғыс айтты.
Бүгін — Кингисепп үшін шын мәнінде аса маңызды әрі мәнді оқиға. Өйткені қаламызда Ұлы Отан соғысына қатысты тағы бір маңызды орын ашылды. Бұл ескерткіш кезінде көпұлтты Отанымыздың адамдары тілі мен дініне қарамастан жауға қарсы тұрып, Берлинге дейін қуып барғанын көрсетіп тұр. Мен осы үшін қазақстандық достарыма алғыс айтамын. Бастаманы көтеріп, іске асырғандарыңыз үшін сіздерге көп рақмет, — деді Елена Антонова.
Бұл бастаманы «Майдан жолы» іздестіру жасағы Еуразия тобының «Батырлар жолымен» — «Дорогой славы» халықаралық патриоттық жобасы аясында жүзеге асырды. Іздестіру жасағы 10 жылда ұрыс даласында қалған 240 белгісіз жауынгерді тауып, қайта жерледі. Сонымен бірге Ресей, Украина мен Қазақстан аумағында жерлестеріміздің рухына арнап 16 ескерткіш, стелла, бюст пен мемориал тақта орнатты.
Жасақ мүшелері Кингисеппте қойылған ескерткіш тақтаның түбіне туған жердің бір уыс топырағы салынған металл капсуланы көмді. Ол Павлодардағы бұрынғы теміржол вокзалы маңынан алынған. Өйткені дивизия сапына қазақстандық жауынгерлер дәл осы жерден аттанған еді.