Қазақстандық оқушылар Абу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем біріншілігінен алтын медаль алып келді. Олардың жетістігіне бүкіл Қазақстан қуанып жатыр. Себебі, Анна Водолазова мен Любовь Темникова — тұл жетім балалар.
Мекеменің директоры Гүлмира Қондыбаеваның айтуынша, балалар үйінің тәрбиеленушілері бос уақыттарында түрлі үйірмеге қатысады. Олардың бірі — 12 жастағы Анна Водолазова, балалар үйіне кішкентай кезінде бауырымен бірген орналастырылған. Ата-анасы ертеректе қайтыс болған.
Аня 1 жылдан бері джиу-джитсумен айналысып келеді. Осы уақыт аралығында облыстық, қалалық жарыстарда көп жетістікке жеткен. Бұл қызымыз БАӘ-де өткен әлем чемпионатында екі қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктіріп, алтын медальге қол жеткізді. Екінші қызымыз Любовь Темникова 3-орынға табан тіреп, қол жүлде алды. Бұл қызымыз да — балалар үйінің тәрбиеленушісі. Ағалары бізде тәрбиеленіп, өсіп, ер жетті. Ата-анасы Любовь Темникованың сәби кезінде көз жұмған. Қапшағайда тұрған. Любовь та футбол, баскетбол және тағы басқа спорт түрлерімен шұғылданады. Қазақ мектебіне барады. Бауырларының бәрінің тілі қазақша шыққан. Ал Аня Водолазова хореографиямен айналысады. Екі қызымыздың да болашағынан көп үміт күтеміз, — деді балалар үйінің директоры Гүлмира Қондыбаева.
Анна Водолазова чемпионатқа барғандардың ішінде ақ белбеулі жалғыз спортшы болған. Оның қарсыластарының көбі сұр белбеу иегерлері екен (сұр белбеу ақ белбеуден жоғары тұратын дәреже). Өзінен оқ бойы озық тұрған қарсыластарын Аня оп-оңай жеңген. Қыздарды SAMURAI академиясында Альберт Алдияров баптайды.
Әлем чемпионатынан жүлде алған балалар. Фото: Facebook.com/elechka.alieva