Талғат Ерғалиев Құрылысшылар одағы атынан президенттікке ұсынылды

Қазақстан Құрылысшылар одағы Қазақстанда 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде Талғат Ерғалиевті ұсынды.

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019 жылғы 27 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі» Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде Талғат Файзуллаұлы Ерғалиевтің құжаттарын ұсынды.

Ұсынылған құжаттар: «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі» жоғары органының Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидатты ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынан үзінді, Талғат Ерғалиевтің кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм бергені туралы өтiнiші, өмірбаян деректері, Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасы енгiзілгенiн куәландыратын құжат, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі, жоғарғы оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері, мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжаттар.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылғандар:

  • Сәдібек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы​ (тіл емтиханынан өтті);
  • Қасым-Жомарт Тоқаев — Nur Otan партиясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Төлеутай Рақымбеков — «Ауыл» партиясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Жамбыл Ахметбеков — Қазақстан коммунистік халық партиясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысы;
  • Талғат Ерғалиев — «Қазақстан Құрылысшылар одағы» РЗТБ.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялады. Сайлауға кандидат ұсынудан «Бірлік» партиясы да бас тартты.