Қасым-Жомарт Тоқаев Өскеменде облыс жұртшылығымен кездескен кезде азаматтарды қандай маңызды мәселелер алаңдататынын және өңір әкімдерінің жұмысын қалай бағалайтынын айтты.
Мен үшін әкімдер жұмысының басты көрсеткіші — жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны, еңбекақы көлемі және еңбек етуге жасалған жағдай. Осыған байланысты облыс басшылығына аталған бағыттағы жұмыстардың тиімділігін түбегейлі арттыруды тапсырамын, — деді Президент.
Мемлекет басшысы бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау әкімдік жұмысының негізгі бағыты болуы керек деп есептейді.
Бірнеше ірі өндіріс кәсіпорнының болуы — Шығыс Қазақстан облысының артықшылығы. Шағын және орта бизнеспен байланысын арттыру үшін олардың мүмкіндіктерін белсенді пайдалану керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды басым бағыттардың бірі ретінде атады.
Бүгінде облыстағы 710 елді мекеннің жартысынан сәл ғана асатын бөлігі орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Өңірлерді дамыту бағдарламасына сәйкес 2020 жылға қарай ауылдардың 80%-ына таза ауызсу жеткізілуі керек, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев шешілуі қажет келесі міндет ретінде туризм инфрақұрылымын дамыту деп белгіледі.
Қазіргі жағдайда туризм индустриясы — экономика өсімінің маңызды драйвері әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жылына 2 миллионнан астам турист тарта алатын Алакөл жағалауы 10 негізгі туристік орталықтың қатарына енді. Былтыр көптеген қазақстандық Алакөлде демалуды жөн көрген, алайда оларға сапасыз қызмет көрсетілген. Халық жергілікті автомобиль жолдарының тозып кеткеніне шағымданды. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының әкімдеріне жергілікті жолдарды жөндеу, қызмет көрсету сапасын көтеру мәселелерін тез арада шешуді тапсырамын, — деді Президент.