Алакөл маңы 2 мың тоннадан астам қоқыстан арылды

Туристік нысан аумағынан күніне үш рет қоқыс шығарылады. Тазалық пен тәртіп ерекше бақыланып отыр.

Алакөл. Фотолар: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Туристік маусым басталғалы бері Алакөл көліне миллионнан астам адам келген, келушілердің қатары күн сайын өсіп келеді.

Табиғаттың бұл керемет мекені – мемлекеттің меншігі, көл суының емдік қасиеті алыс-жақын шетелге белгілі. Бүгінгі таңда көлдің жағалауындағы тазалық пен тәртіп ерекше бақыланып отыр.

Демалыс орындарының бірінің қожайыны Сандуғаш Ермекованың айтуынша, жаз салқын болып басталғанына қарамастан 10 маусымнан бүгінге дейін олар тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.

Алакөл ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ержан Нұрпейісовтің айтуынша, туризм нысаны төңірегін қоқыстан тазалау үшін “Алакөл тазалық” мемлекеттік коммуналдық мекемесінің арнайы бригадасы құрылды. Шомылу маусымының басынан бері аумақтан 2000 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.

“Көлдің жағалауы – Ақши ауылына қарасты 12 шақырым аумақ және Көктұма ауылына қарасты аумақтың 3 шақырым жері. Қоқыс күніне үш уақыт экспортталады. Бұл жұмысты бес техника мен ондаған адам атқарады”, – деді Ержан Нұрпейісов.

Алакөл жағалауындағы санитарлық тазалықты сақтау шаралары күшейтілгеніне қарамастан ереже бұзатындар азаймай отыр.

“Маусым-тамыз айларында біз 50 әкімшілік хаттама толтырдық. Олардың ішінде 12 рет айыппұл салынды және 38 ескерту берілді. Бір азамат бес күн бойы әкімшілік қамауға алынды. Қоғамдық қауіпсіздікті бақылауды күшейтуге жол-патруль қызметкерлері мен полицияның басқа да құрылымдарының екі экипажы қосылды”, – дейді Ырғайты ауылдық округінің аудандық инспекторы Ерік Оралбаев.

Облыс бюджетінен коммуналдық қызметтер жұмысын жақсарту үшін 390 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат қосымша жабдық сатып алуға және “Алакөл Тазалық” кәсіпорнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалмақ. Осылайша, қоқыс сөрелерінің саны көбейеді.

Қазіргі кезде Алакөл жағасында коммуналдық және тұрмыстық жағдайлар жақсартылған. Биоәжетхана, басқа да құрылыстар салынып жатыр. Сонымен қатар орталық канализация және су беру жобасын әзірлеу қолға алынған. Құрылыс 2019-2020 жылдарға жоспарланып отыр.