Қайрат Досаев Тараз әкімі болып тағайындалды

Таразға жаңа әкім тағайындалды. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қала активіне Қайрат Әскербекұлы Досаевты Тараз әкімі ретінде таныстырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Мырзахметов Қайрат Досаевтың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін атап өтіп, жаңа қызметте де қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында нәтижелі еңбек ететініне сенім артты.

Қайрат Досаев 1965 жылы туған. 1987 жылы Қазақ Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын ауыл шаруашылығын механикаландыру, 2007 жылы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университетін экономика мамандықтары бойынша бітірген.

Қайрат Досаев «Казсельхозмеханизация» ғылым-өндіріс бірлестігі мен «Алтын диірмен» АҚ инженері, «Дешт» ЖШС директоры, Алматы төтенше жағдайлар басқармасының бөлім бастығының орынбасары, Алматы Бостандық ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің сектор меңгерушісі, басшысының орынбасары, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының көмекшісі, Алматы облысы әкімінің көмекшісі, Талдықорған әкімінің орынбасары, Алматы облысы Қаратал ауданының әкімі, Алматы облысының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау және тарифтер жөніндегі басқармаларының бастығы, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің кеңесшісі, «Казспортинвест» АҚ вице-президенті, Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі қызметтерін атқарған.