Зейнетке шығу үшін қандай құжаттар керек?

Baribar.kz зейнетке шығу үшін ХҚКО-ға, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығына құжат тапсырмас бұрын оны қалай жинап, қайда жүгінуге болатыны, төлемдерді есептеу тәртібі мен әдістемесі туралы ақпарат ұсынады.

1. Зейнетақы қорында қандай шот ашуға болады?

Зейнетақы қорында үш түрлі шот ашуға болады. БЖЗҚ шоты туралы ақпаратты тек әр адамның өзі білгені дұрыс.

Біріншісі – міндетті зейнетақы шоты. Ол автоматты түрде ашылады. Ең бірінші төлем жасалғанда, яғни жұмыс беруші жарнаны жіберген кезде құжаттарда көрсетілген деректемелер бойынша зейнетақы шоты ашылады, кейін міндетті жарна осы шотқа аударылып отырады.

Екіншісі – міндетті кәсіптік зейнетақы шоты. Бұл шот денсаулыққа зиян қызметтерді атқаратын азаматтар үшін ашылады. Мұндай мекемелерді Үкімет белгілейді. Азаматтар өзінің жұмыс берушісімен бірге зейнетақы қорына келіп, шот ашып, ақша жинай алады.

Үшіншісі – ерікті зейнетақы шоты. Бұл шотты азаматтар цифрлы қолтаңбамен ашады. Онда қаражатты жұмыс беруші арқылы жинауға, туған-туыстары қосылып бірге ақша салып отыруына болады.

2. Құжаттарды рәсімдеу үшін қайда бару керек?

Құжаттарды рәсімдеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына өтініш беру керек. Оны біз Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО, орысша ЦОН - Центр обслуживания населения) деп те білеміз.

Өтінішті электронды үкіметтің egov.kz онлайн-порталы арқылы да беруге болады. Ол үшін электронды цифрлы қолтаңба болу керек (ЭЦҚ).

Порталға тіркелген соң "Азаматтарға" арналған қызметтердің ішінен "Әлеуметтік қамсыздандыруды", оның ішінде "Мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау" қызметін таңдап, "Қызметке онлайн тапсырыс беру" дегенді басу керек. Өтінішті толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қоясыз. Порталдан өтініміңіздің статусын (мәселен, мақұлдағанын немесе қызмет көрсетуден бас тартылғанын) бақылап отыруға болады.

3. Зейнетақы рәсімдеуге қандай құжаттар қажет?

Зейнет жасына жеткен кез келген Қазақстан азаматы зейнетақы төлемдерін алу үшін бірқатар құжат ұсынуы керек:

  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Мекен-жай анықтамасы;
  • Банк шотының нөмірі;
  • Жұмыс орнынан табысы туралы және міндетті зейнетақы жарналары туралы анықтамалар;
  • Еңбек кітапшасы;
  • Білімі туралы диплом;
  • Әскери билет (Қорғаныс ісі жөніндегі жергілікті басқармадан алынады);
  • Неке туралы куәлік (егер тегі әр түрлі болса әйелі мен балаларының құжаттары қоса беріледі);
  • Балалардың туу туралы куәліктері.

Еңбек өтілін растайтын құжат болмаса, мұрағаттық анықтама мен сот шешімін ұсынуға болады.

Туу туралы куәліктер болмаса, акт жазбасынан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама ұсынуға болады.

Халыққа қызмет көрсету орталығындағы мамандарының тізімде көрсетілмеген құжаттарды талап етуге құқы жоқ.

Құжаттарды жинағаннан кейін міндетті түрде зейнетақы алу туралы өтініш беруіңіз керек. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. Құжат тапсырған соң арнайы талон аласыз.

10 жұмыс күні ішінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаменті зейнетақыны тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады және сізді хабардар етеді.

Қосымша құжаттар ұсыну қажет екендігі туралы ақпарат сізге 5 жұмыс күн ішінде берілуге тиіс.

Құжаттарыңыз дұрыс жолданбаса, сізден оларды ретке келтіруді талап етуі мүмкін. 30 жұмыс күні ішінде құжаттарыңызды қалпына келтіріп, қайта өткізуге мүмкіндігіңіз бар.

Еске сала кетейік, Қазақстанда ерлердің зейнетке шығу жасы – 63, әйелдер үшін – 60 (2021 жылғы дерек). Әйелдер үшін зейнеткерлік жас 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріліп отыратын болады.

Әйелдердің зейнет жасының кезең-кезеңмен көтерілуі:

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда;

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда;

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда;

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 63 жасқа толғанда.

4. Еңбек кітапшам жоқ болса не істеймін?

Мұрағат анықтамасын немесе сот шешімін ұсынуыңыз керек. Мұрағат анықтамасын жұмыс орнынан сұрауға тура келеді. Кәсіпорын жойылып кеткен болса, қалалық мұрағат бөліміне жүгіну қажет. Компаниялар жабылатын кезде барлық құжатын сонда тапсырады.

Еңбек кітапшасы бар, бірақ онда жұмыс істеген жерлердің бәрі көрсетілмесе, еңбек өтіліңізді кәсіпорыннан анықтама әкеле отырып, дәлелдей аласыз. Еңбек кітапшасы жоқ болған жағдайда да осылай істеу керек.

Қалалық мұрағат бөлімінде қандай да бір себептермен қажетті құжаттар болмаса, сотқа жүгіну керек. Еңбек өтілін дәлелдеуге бұрынғы әріптестеріңіз куәгер бола алады (кем дегенде екеу болуға тиіс). Олар шын мәнінде сол компанияда жұмыс істегеніңізді растайды.

5. Құжаттарды тапсырған соң не болады?

Халыққа қызмет көрсету орталығы талон береді.

10 жұмыс күні ішінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаменті зейнетақыны тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Бұл туралы SMS келеді немесе Халыққа қызмет көрсету орталығынан білуге болады. Құжаттар дұрыс жолданбаса, оларды ретке келтіруді талап ету мүмкін. Оны 30 жұмыс күні ішінде істеу керек.

Зейнетақы тағайындалғаннан кейін Халыққа қызмет көрсету орталығы зейнеткерлік куәлігін береді.

6. Ең төменгі зейнетақыны кім алады?

2021 жылдың шілде айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 222,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 68,1 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 154,1 миллиард теңге бағытталды.

2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақыны қосқанда)  — 99 921 теңге. Ең төменгі зейнетақы мөлшері 43 272 теңге болып бекітілді. Ал минимал базалық зейнетақы төлемі — 18 524 теңге.

2040 жылдан бастап Қазақстанда ынтымақты зейнетақыны алып тастау жоспарланып отыр. Мұндай жағдайда тек 16 037 теңгелік базалық зейнетақы қалады. Алайда ынтымақты және базалық зейнетақыны ең төменгі кепілдендірілген зейнетақынымен алмастыру мәселесі де қарастырылып жатыр.

7. Зейнетке кім ерте шыға алады?

Бес және одан да көп бала туған немесе асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жастан зейнетке шыға алады.

Қосымша төмендегі құжаттар талап етіледі:

  • Балалардың туу туралы куәлігі;
  • Балалардың жеке куәлігі;
  • Балалардың оқу орындарында оқығаны туралы құжат;
  • Балалардың мекен-жай анықтамасы;
  • Неке қию туралы немесе неке бұзу туралы куәлік;
  • Балалардың қайтыс болғаны туралы куәлік (бар болған жағдайда);
  • Бала асырап алу, тәрбиесіне алу туралы сот шешімі.

1949-1963 жылдар аралығында Семей ядролық сынағы алаңында тұрған ерлер 50 жастан, әйелдер 45 жастан зейнетке шығады.

Зейнетақыны тағайындау үшін 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейін 5 жыл ішінде радиация қаупі бар және төтенше аймақта тұрғанын растайтын құжат ұсыну керек.

Шотында жеткілікті сома болса, өмір сақтандыратын компаниялармен зейнетақы аннуитеті туралы келісімшартқа отырған азаматтар да мерзімінен бұрын зейнетке (50 жаста) шыға алады. 2019 жылы әйелдерге бұл сома 13 млн 296 мың теңге, ерлерге 9 млн 710 мың теңге болып белгіленді.

8. Шетелдік болсам немесе ҚР азаматтығым болмаса, зейнетақы ала аламын ба?

Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ҚР азаматы секілді зейнетақы жүйесіне қатысуға құқылы.

Мәселен, сіз қазақстандық компания жалдап алған шетел азаматысыз делік. Қазақстанда жұмыс істеп жатқанда жұмыс беруші сізге басқа да қызметкерлермен бірге зейнетақы жарнасын аударады. Қазақстаннан кеткен жағдайда сіз жинақталған соманы алып кете аласыз. Оны құжаттарды қабылдағаннан кейін 10 күн ішінде төлеу керек. Қазақстандықтар сияқты зейнетақыны әр ай сайын алып тұру мүмкін емес. Азаматтығы жоқтарда да солай.

Сізге Халыққа қызмет көрсету орталықтарының көші-қон қызметіне жүгініп, шетелдік төлқұжатты көрсете отырып, арыз жазу керек. Шет тіліндегі барлық құжатты мемлекеттік немесе орыс тіліне аудару қажет. Азаматтығы жоқ тұлғаларға аттас куәлікті ұсыну керек.

9. БЖЗҚ-ның салымшысы қайтыс болса, жинағын кім алады?

Жеке зейнетақы шотындағы қаражат салымшының меншікті ақшасы болып саналады. Салымшы қайтыс болса да, бұл ақша мерзімсіз сақталады. Салымшы қайтыс болған жағдайда оның жинағын мұрагерлері ала алады.

10. Азаматтығымды ауыстырып, шетелге көшсем, не істеймін?

БЖЗҚ-дағы қаражатыңызды алып кетуге құқылысыз. Бастысы тұрақты тұруға көшу құжатын дұрыс рәсімдеу керек. Бұл басқа мемлекетке көшетіндердің бәріне қатысты.

11. Қандай жағдайда салымшы зейнетақы қорындағы жинағын бірден ала алады?

  • Азамат шетелге көшіп, басқа елдің азаматтығын алғанда;
  • Салымшы қайтыс болған жағдайда жинағы мұрагеріне беріледі;
  • I, II топтағы мүгедек жандардың (зейнеткер болуы да мүмкін) қалған жинағы 12 төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болған жағдайда;

Ал, мына жағдайда салымшылар зейнетақы жүйесіндегі жинағын ай сайын ала алады:

  • Белгіленген зейнет жасына жеткен кезде (ер адамдар – 63 жаста, әйелдер 59,5 жаста);
  • Азамат I не II топ мүгедегі боп танылса;
  • Ер адамдар 55 жасында, әйел адамдар 51,5 жасында зейнетақы аннуитетін реттесе.