Қандай жағдайда жоғары зейнетақы тағайындалады?

Зейнетақы, зейнеткер
©baribar.kz

Зейнетақы туралы сұрақ тек жасы келген азаматтарды ғана емес, барлық қазақстандықтарды қызықтырары сөзсіз. Осыған қатысты Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық пен Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының кеңесіне жүгіндік.

1. Зейнетақының қандай түрлері бар?

Зейнетақының үш жүйесі бар. Олар: еңбек, жинақтау және базалық зейнетақы.

Қазақстанда ер адамдар 63 жастан, әйелдер 58 жастан бастап зейнетке шығады.

Бірақ, ҚР Заңнамасына сай, әйелдер 2027 жылдан бастап зейнетке 63 жастан шығады. Ол былай жүзеге асады: 2018 жылдан бастап 58,5 жастан, 2019 жылдан бастап 59 жастан, 2020 жылдан бастап 59,5 зейнетке шығады. Тізбек жалғасады. Осылайша, 2027 жылы ер адамдар мен әйелдердің зейнет жасы теңеседі.

2. Базалық және жинақтық зейнетақының мөлшері қанша?

Базалық зейнетақыны кез келген жасы жеткен зейнеткер алады. Ол үшін еңбек өтілі де, қорға ақша салу да қажет емес. Биылдан бастап базалық зейнетақының мөлшері - 14 466 теңге.

Жинақтық зейнетақы елімізде 2014 жылдан бастап бірыңғай жинақтау зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылады. Зейнет жасына келгеннен кейін салымшы ретінде БЖЗҚ-ға барып, келісіммен қордан қажетті сомаңызды ала аласыз.

Жинағыңызды бірден немесе айларға, яки жылдарға бөліп алуыңызға болады. Бір реттік жинақталған төлемді алу 250 АЕК-тен (567 250 теңге) асып кетпеуі керек.

3. Жоғары зейнетақы кімдерге беріледі?

Жоғары зейнетақыны еңбек зейнетақы жүйесі арқылы тағайындата аласыз. Еңбек зейнетақысы толық және толық емес болуы мүмкін. Толық зейнетақыны тағайындау үшін, ер адамдарда еңбек өтілі 25 жыл, ал әйел адамдарда 20 жыл болуы керек. Егер еңбек өтіліңіз бұл мөлшерге жетпесе, Сізге толық емес зейнетақы беріледі.

Ең төменгі еңбек зейнетақысының мөлшері - 45 711 теңге.

Ең жоғарғы еңбек зейнетақысының мөлшері - 46 АЕК (104 374 теңге). Мемлекет азаматтарға бұдан артық зейнетақы тағайындай алмайды.

4. Толық зейнетақыны қалай алуға болады?

Қалай және қанша теңге? Ол үшін мына формуланы білуіңіз керек. 3 жылдық айлық табысыңызды 36-ға бөлесіз. Бұл - Сіздің орташа айлық табысыңыз. Енді оны пайыздық мөлшерге көбейтесіз. Бұдан Сіздің ай сайын алып отыратын зейнетақыңыздың сомасы шығады.

Пайыздық мөлшерлеме деген не? Сіз әйел адам болсаңыз 20 жылдық еңбек өтіліңіз бүтін 60%-ды құрайды. Егер 21 жыл болса 61%, 24 жыл болса 64% болады. Осылайша 20 жылдан артық әр жылға 1% қосылып отырады. Максимум 75%-ға дейін ғана барады. Ер адамдарға 25 жыл бүтін 60% болып есептеледі. 25 жылдан көп еңбек етсеңіз, әр жылға 1% қосып есептейсіз.

Мысалы, ер адам 27 жыл еңбек етті, орташа айлық табысы - 56 мың теңге. Демек, зейнетақысы: 56 000 x 62%= 34 720 теңге.

Мемлекет Сізге бұдан бөлек базалық зейнетақы беретінін ұмытпаңыз. Ол - 14 466 теңге.

5. Толық емес зейнетақы қалай есептеледі?

Еңбек өтіліңіз толық шамаға жетпегенде, зейнетақыңыз мына формуламен есептеледі:толық емес зейнетақы, формула

Енді қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік.

Мысалы, Сіздің 19 жыл 6 ай еңбек өтіліңіз бар. Орташа айлық табысыңыз 56 мың теңге. Енді формулаға салып көрейік. (12x19+6)х56 000=13 104 000 теңге. Осы соманы әйел болсаңыз 240, ер адам болсаңыз 300-ге бөлесіз.

Бұл есеппен егер әйел болсаңыз 54 600 теңге, ер адам болсаңыз 43 680 аласыз.

Шыққан ақшаңызға жоғарыда айтқан базалық зейнетақыны қосасыз. Ол - 14 466 теңге. Мінеки, осылайша зейнетақыңызды есептеп алсаңыз болады.

6. Кімдер зейнетақыны ертерек алады?

  • 5 баланы дүниеге әкелген немесе асыраған және оларды 8 жасына дейін өзі тәрбиелеген 53 жастағы әйелдер мерзімінен бұрын зейнетке шығады.
  • 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейінгі аралықта (5 жылдан кем емес) Семей полигоны аймағында өмір сүрген және 25 жылдық еңбек өтілі бар және 1998 жылдан бері де жұмыс істеген  50 жастағы ер адамдар. 
  • 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейінгі аралықта (5 жылдан кем емес) Семей полигоны аймағында өмір сүрген және 20 жылдық еңбек өтілі бар және 1998 жылдан бері де жұмыс істеген 45 жастағы әйел адамдар. 

7. Зейнетақыны рәсімдеу үшін қандай құжаттар керек?

  • Жеке куәлік (көшірмесімен)
  • Еңбек кітапшасы (көшірмесімен)
  • Диплом (көшірмесімен)
  • Ер адамдарға: әскери билет (көшірмесімен)
  • Әйел адамдарға: балаларының туу туралы және жеке куәлігі (көшірмесімен)
  • Әйел адамдарға: Неке қию туралы куәлік (ажырасу туралы куәлік), (көшірмесімен)
  • 1995 жылдан кейінгі кез келген әрі қатарынан 3 жылдық еңбекақы туралы анықтама
  • Мекен-жай анықтамасы
  • Кез келген банктен зейнетақыға есеп ашу керек
  • Айналым тізімдемесі (ХҚКО береді)
  • 3x4 фото (бір дана)