Мемлекеттік сыйлықақы – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттеріне берілетін ерекше бонус

тұрғын үй
Фото: Astanafm.kz

Қазақстан банктерінің ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – тұрғын үй саласындағы ең тиімді банк. Банктің клиенттеріне ұсынатын артықшылықтарының бірі –тек осы банк салымшыларына ұсынылатын мемлекеттік сыйлықақы.

Мұндай бонусты мейлінше үлкен көлемде алу үшін не істеу керек? Жыл соңына дейін ТҮҚЖБ-дегі қолданыстағы есепшотты толтыру немесе жаңа депозит ашудың маңыздылығы неде? Осы және басқа да өзекті сұрақтардың жауабын бірге талқылап көрейік.

1. Мемлекеттік сыйлықақы деген не?

Жыл сайын Қазақстан тұрғындарының баспана жағдайын жақсарту мақсатында мемлекет бюджетінен қаржы бөлінеді. Ол қаржы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына мемлекеттік сыйлықақы ретінде ұсынылады.

2. Мемлекеттік сыйлықақының көлемі қандай?

Мемлекеттен бөлінетін 20%-дық сыйлықақы жалпы сомасы 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын салым сомасы бойынша есептеледі. Жыл сайын мемлекеттік сыйлықақының максималды мөлшері өсіп отырады. Мәселен, 2003 жылы ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы 10464 теңгені құраса, 2017 жылы бұл сома 90760 теңгеге жетіп отыр. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2016 жылы банк салымшылардың есепшотына 84840 теңге, ал 2015 жылы 79280 теңге көлемінде мемлекеттік сыйлықақы тағайындаған.

3. ТҮҚЖБ-ден жаңа есепшот ашу немесе қолданыстағы депозитті толтырудың маңыздылығы неде?

Мемлекеттік сыйлықақы әр күнтізбелік жылдың соңында беріледі. Сыйлықақы тағайындалуы үшін салымшының өз есепшотына ағымдағы жылдың қай кезеңінен бері ақша жинай бастағаны маңызды емес. Сол себепті ТҮҚЖБ-нің жаңа клиенті жыл соңына дейін есепшот ашса немесе банктің салымшысы қазіргі таңда қолданыста келе жатқан есепшотын толықтырса, мемлекеттен жақсы бонус алады. Осы жылғы мемлекеттік сыйлықақыға ілігу үшін 29 желтоқсан күні сағат 18.00-ге дейін банктен депозит ашу немесе оны толықтыру қажет. Ал төлем есепшотқа аталған күннің ертеңіне жасалса, мемлекеттік сыйлықақы 2018 жылдың қаңтарынан бастап қана есепке алынады. Яғни, бұл депозиттерге сыйлықақы келесі жылы тағайындалады.

Мемлекеттік сыйлықақы осыған дейін сыйлықақы тағайындалған жинақтарға берілмейді. Яғни, жыл сайын тек осы жылғы салымдар мен өткен жылы сыйлықақы бекітілмей қалған жинақтағы белгілі бір сомаға ғана бонус қосылады. Егер 2016 жылы депозиттегі сыйлықақы тағайындалуы тиіс болған сома 200 АЕК-тен асып кетсе, одан қалған қаржыға мемлекеттік сыйлықақы осы жылы тағайындалады.

4. Ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақыны алу үшін не істеу керек?

Мемлекеттік сыйлықақы салымшының ТҮҚЖБ-дегі бір салымына ғана қосылады. Бұл банкте салымшының атында екі депозит болса, сыйлықақы соның біреуіне ғана беріледі деген сөз.

Десек те, ТҮҚЖБ-де ашқан әр есепшотына сыйлықақы тағайындалуын қалайтындарға банк «Отбасылық пакет» ұсынады. Ол үшін салымшы отбасының әр мүшесіне жеке есепшот ашуы керек. Сонда, мемлекеттік сыйлықақы әр есепшотқа бөлек қосылады. Осылайша, салымшы «Отбасылық пакет» аясында ай сайын белгілі бір соманы бір емес, бірнеше есепшотқа салып, мемлекет тарапынан берілетін сыйлықақыны мейлінше көп мөлшерде алу мүмкіндігіне ие болады. Демек, тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жинақтар да әдеттегіден тезірек өсіп отырады.

5. Қандай жағдайда мемлекеттік сыйлықақы бюджетке қайтарылуы мүмкін?

Кейде, мемлекет тарапынан ұсынылатын сыйлықақы мөлшері бюджетке қайтарылады. Бұған не себеп болуы мүмкін?

Біріншіден, салымшы банктен алынған несиені тұрғын үй жағдайын жақсартуға емес, басқа мақсатта пайдаланса.

Екіншіден, егер салымшы тұрғын үй құрылыс жинақтарын үш жылдан кем уақыт ішінде жинап, тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісімшартты мерзімінен ерте бұзуға бел буса.

Тағы бір ескере кететін жайт: мемлекеттік сыйлықақы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болып келетін Қазақстан Республикасы азаматтарына ғана тағайындалады.