Баланы басқа қалаға немесе шетелге ата-анасынсыз қалай жіберуге болады?

Көрнекі сурет
©Mrpl.city

Балаңызды басқа қалаға жіберуге бел будыңыз. Бірақ сізді де, жұбайыңызды да жұмыстан жібермейді. Мұндай жағдайда не істеу керек? Баланы жалғыз өзін немесе алып жүретін біреумен бірге басқа қалаға немесе шетелге жіберуге бола ма?

1. Баланың Қазақстан ішінде ұшақпен жол жүру тәртібі

Жолаушыларды және жүкті әуеде тасымалдау ережелеріне сәйкес, балалар ұшақта ересек адамның қарауымен де, жалғыз да ұша алады. Алып жүретін адам баланың ата-анасы немесе заңды қамқоршысы болмаса, нотариуста расталған сенімхатты рәсімдеуі қажет. Ішкі әуе жолдарында балалар 6 жастан 16 жасқа дейін ата-аналарынсыз және ешкімнің қарауынсыз жүре алады. Ешкім алып жүрмейтін балаларды әуе компаниясы тасымалдауға тек ата-анасының (асырап алушылардың, қамқоршылардың) жазбаша өтінішінен кейін қабылдай алады. Өтініште баланың ата-анасы баланы ешкімнің қарауынсыз жіберетінін, сонымен қатар баратын елді мекенді және шығу мерзімін көрсетеді. Ал 6 жасқа дейінгі балалар кәмелетке толған жолаушылардың алып жүруімен ғана жолға шығады.

2. Баланың Қазақстан ішінде пойызбен жол жүру тәртібі

Теміржолдың ұшақтан айырмашылығы – пойызда 15 жасқа дейінгі балалардың жалғыз жүруіне тыйым салынады. Жолаушыларды және жүкті теміржол көлігімен тасымалдау ережесіне сәйкес, баланың ата-анасы немесе басқа да жолаушы кассада немесе пойызға отырарда баланы алып жүру құқығын растайтын құжатты көрсетеді (нотариуспен расталған сенімхат). Қазақстан аумағында ата-анасының бірінің ғана сенімхаты жеткілікті. Егер бала ата-анасының бірімен жол жүрсе, онда екінші ата-ананың сенімхаты талап етілмейді. 15 жасқа толған балалар теміржол көлігінде ересектерсіз жүре алады.

3. Баланың шетелге шығуына қатысты ереже

Балалар ата-аналарымен бірге шетелге шыққан жағдайда Қазақстан Республикасы азаматының паспортына 16 жасқа дейінгі балалар туралы фотосуреттері жапсырылған, елтаңбалы мөрмен расталған және қызмет көрсетушінің қолы қойылған құжат жасалады.

4. Баламен шетелге шығу үшін қандай құжаттар қажет?

  1. Баланың аты-жөні ағылшын тілінде көрсетілген, ата-анасының бірінің еркін нысандағы жазбаша өтініші.
  2. Ата-анасының бірінің Қазақстан Республикасы азаматтығын дәлелдейтін паспорты.
  3. Баланың туу туралы куәлiгі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы).
  4. Рәсімдеген сәтте баланың жасына сәйкес келетiн өлшемi 3,5 х 4,5 сантиметр болатын фотосурет.
  5. Әр жеке жазбаға мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек (мемлекеттік баж төлеуден босатылғандар соған сәйкес құжатын ұсынады).

Құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырылған сәттен бастап 2  жұмыс күні ішінде дайындалады.

5. Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін азаматтарға арналған ереже

Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың жасына қарамастан Қазақстан Республикасы азаматының паспорты рәсімделеді. Олардың жеке куәліктері Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды рәсімдеген ішкі істер органдарына тапсырылады.

ҚР шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiштi 18 жасқа толған адамдар, ал некеде тұрған адамдар 16 жастан бере алады.

ҚР шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды рәсімдеу қағидаларына сәйкес, ата-анасының бірінің келісімі болмаған кезде кәмелетке толмаған баланың кетуі сот тәртібімен шешілуі мүмкін.

6. Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін азаматтар қандай құжаттар өткізуі қажет?

Қазақстаннан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету үшін ҚР азаматтарының өздері немесе олардың заңды өкілдері тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына мынадай құжаттарды ұсынады:

  1. Өтініш-сауалнама.
  2. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі мен паспорты, 16 жасқа толмаған балалардың туу туралы куәліктері.
  3. Егер кететін адамның заң бойынша асырауындағы отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрса, "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 22-тарауында көзделген тәртіппен жасалған алименттерді төлеу туралы келісімді ұсынады. Келісімге қол жеткізілмеген кезде кететін адамдарға алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу немесе алиментті біржолғы төлеу не белгілі бір мүлікті алимент есебіне беру немесе кететін адамның кету үшін заңда көзделген кедергілердің болмауы фактісін анықтау туралы соттың шешімі беріледі.
  4. Ата-анасымен не өзге де заңды өкілдерімен кету туралы шешім қабылданған кезде 10 жасқа толған баланың пікірін есепке алу туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы.
  5. 18 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бірімен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бірге тұрақты тұруға кететін кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын ата-анасының екіншісінің нотариуспен түрде расталған келісімі (келісім болмаған кезде, кәмелетке толмаған баланың кетуі сот тәртібімен шешілуі мүмкін).
  6. Мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі.
  7. Әскери есептен шығарылғаны және әскери билетті тапсырғаны туралы анықтама.

7. Егер екінші ата-ана басқа елде тұрса, баланың елден шығуына оның келісімі керек пе?

Қазақстаннан тысқары тұруға шығу үшін құжаттарды рәсімдеу ережелерінде Қазақстан аумағында тұратын ата-анадан келісімді ұсыну қажеттілігі ғана көзделгенін ескерген жөн. Осылайша егер ата-ана Қазақстанда тұрмаса, шетелге шығарда мұндай келісім талап етілмейді.

Осы айғақты растау үшін көші-қон полициясы органына ата-анасының паспортының нотариуспен расталған көшірмесін, мүмкіндігінше тіркеу бетімен немесе оның басқа мемлекетте тұратынын растаушы құжатпен бірге ұсыну керек.

Егер нотариус растаған келісім сұранатын жеке тұлғаның тұрғылықты тұратын орны белгісіз болса, қызмет алушы көші-қон полициясы органына "Жеке тұлғалар" атты мемлекеттік мәліметтер базасы бойынша өтініш бере алады.

Сонымен қатар егер шетелде тұратын ата-ана уақытша шығуға рұқсат қажет болғанда рұқсатты беруден бас тартқан жағдайларда немесе оның тұрғылықты жері белгісіз болғанда және оның басқа мемлекетте тұратындығының дәлелі жоқ болса, өтініш беруші оларды алу мүмкін еместігіне байланысты тиісті дәлелдерді сұратуы қажет.