ASK America: АҚШ визасы туралы 10 сұрақтың жауабы

АҚШ, виза, саяхат
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Пандемияға байланысты АҚШ визасын алу тәртібі өзгерді ме? Дәл қазір қазақстандықтар Америкаға саяхаттай ала ма? Baribar.kz Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының виза туралы мәліметін ұсынады.

1. Қазақстан азаматтары қазір АҚШ-қа саяхаттай ала ма?

Иә. Қолында жарамды визасы бар Қазақстан азаматтары Америка Құрама Штаттарына бара алады. Алайда АҚШ-қа саяхаттамас бұрын коронавирустың таралуына төтеп беру үшін енгізілген шектеулер туралы ақпаратпен танысқаныңыз жөн.

АҚШ-қа барар алдындағы 14 күнде кейбір елдерге  (Қытай, Иран, Еуропа Шенген елдері, Ұлыбритания, Ирландия Республикасы, Бразилия) саяхаттаған немесе олар арқылы өтсеңіз, АҚШ-қа кіруге шектеулер қойылған. Толық ақпаратты мына сілтемеден көре аласыз.

2. Қазіргі кезде АҚШ-тың туристік визасын алуға бола ма?

Болады. Қазақстандағы АҚШ елшілігі Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы виза операцияларын қайта бастады. Оның ішінде іскерлік және туристік сапарға арналған B1/B2 визалары да бар.

3. COVID-19 пандемиясына байланысты АҚШ-тың визалық саясаты өзгерді ме?

Қысқамерзімді саяхаттың көбіне, оның ішінде кәдімгі туристік сапарларға ешқандай өзгеріс әсер етпеді.

Алайда АҚШ-қа барардан бұрынғы 14 күн ішінде кейбір елдерге барған (Қытай, Иран, Еуропа Шенген елдері, Ұлыбритания, Ирландия Республикасы, Бразилия) немесе осы елдердің әуежайы арқылы өткен саяхатшылар АҚШ-қа әзірге кіре алмайды. Мұндай саяхатшылар мына тізімдегі ерекше жағдайлардың бірінде ғана кіруге рұқсат алуы мүмкін.

Сонымен қатар 2020 жылғы 22 маусымда қабылданған Президент үндеуіне сай осы жылдың 31 желтоқсанына дейін мына иммиграцияны мақсат етпейтін саяхатшыларға шектеу қойылған:

  • Тағылымдама, біліктілік арттыру, лагерь тәлімгері, бала қарау (au pair) немесе жазғы жұмыс пен саяхат (Work&Travel) бағдарламаларына қатысушы шетел азаматтары (кейбір J санатты визалар);
  • Кейбір H-1B, H-2B немесе L виза иегерлері (уақытша жұмыскерлер), және олардың жұбайы мен бала-шағасы.

Президент үндеуінің толық мәтінін Ақ үйдің веб-сайтынан оқи аласыз.

4. АҚШ визасына қалай құжат тапсыруға болады?

Уақытша виза алу үшін мына төрт қадамды орындау керек:

1-қадам: Виза төлемін жасау;

2-қадам: Иммиграциялық емес визаға арналған электрон сауалнаманы толтыру (DS-160);

3-қадам: Виза сұхбатына жазылу. Ол үшін үш түрлі мәлімет қажет болады:

  • төлқұжаттың нөмірі
  • виза төлемі жасалғанын растайтын нөмір
  • DS-160 сауалнамасының растау бетіндегі 10 таңбалы сызықшалы код нөмірі (штрихкод)

4-қадам: Сұхбат күні мен уақыты келгенде, АҚШ Консулдығына/Елшілігіне барарда мына құжаттарды ала бару керек:

  • мына қызмет арқылы алынған сұхбат белгілегеніңізді растайтын хаттың көшірмесі;
  • DS-160 сауалнамасының растау беті;
  • жақында түскен 5*5см фотосурет;
  • жарамды төлқұжат;
  • виза төлемі жасалғанын растайтын түбіртек.

Консулдық/Елшілік қызметкеріне сапарыңыз туралы сіз бөліскеннен толығырақ ақпарат береді-ау деген қосымша құжаттарды апаруға да болады.

5. Шұғыл сұхбатқа қалай жазылуға болады?

Әуелі қарапайым сұхбатқа жазылып барып, сосын арнайы жоспарлау жүйесі арқылы шұғыл сұхбатқа жазылуға болады. Шұғыл сапарға шығуыңыздың себебін түсіндіретін мәлімет пен құжаттарды қосуыңыз қажет. Есіңізде болсын, шұғыл сұхбат туралы өтінім жібергеніңіз оның қабылдануының кепілі емес.

6. Сұхбаттан кейін төлқұжатты қалай алуға болады? Оның статусын қалай тексеру керек?

Төлқұжат сұхбатқа жазылу кезінде көрсеткен мекен-жайға жіберіледі. Өзіңіз тұратын жердегі курьер қызметі бөлімінен алып кетуге, үйіңізге не жұмыс орныңызға жеткізуге өтініш қалдыруға болады.

Төлқұжатты жеткізу уақытын өзгертуге болады. Оны онлайн немесе колл-орталық арқылы сұхбат болған күні түнгі 00.00-ге дейін жасау қажет. Төлқұжатты жеткізу туралы ақпаратты өзгерту тегін.

Шұғыл түрде сапарға шықсаңыз, сұхбат өткен жердің қасындағы курьер қызметі бөлімінен алып кеткен жылдамырақ болуы мүмкін. Курьер қызметінің ақысы виза төлеміне кіреді.

Төлқұжат статусын тексеру үшін мына парақшаға кіруге болады.

7. Төлқұжаттың мерзімі өтіп кетті, бірақ ішінде АҚШ визасы бар. Мұндай жағдайда жаңа виза алу керек пе?

Жоқ. Егер виза дақ түспеген, бұзылмаған болса, жаңа және ескі төлқұжатты бірдей алып, саяхаттауға болады. Саяхаттың мақсаты визаға сай болуға тиіс. Сонымен қатар адамның аты-жөні мен басқа жеке деректері екі құжатта бірдей болуы керек (тегі некеге байланысты өзгермесе), екі төлқұжаттың елі де, түрі де бірдей болуы қажет (мысалы, екеуі де туристік немесе екеуі де дипломатиялық).

Аты-жөніңіз некеге байланысты өзгерсе, екі төлқұжатыңызды, неке туралы куәлік пен оның нотариал куәландырылған аудармасын алып, АҚШ-қа саяхаттауға болады.

Саяхат кезінде екі бірдей төлқұжат көтергіңіз келмесе, жаңа виза алуға өтінім жасауыңыз керек. Визаны ескі төлқұжаттан жаңасына ауыстыру мүмкін емес.

8. Туристік визаны қалай жаңартуға болады?

Кейбір жағдайда АҚШ-тың туристік визасын сұхбаттан өтпей жаңартуға болады. Талаптарына сай болсаңыз, құжаттарды DHL/VFS курьер қызметі арқылы жіберіп, жаңа виза ала аласыз. Талаптар мен нұсқаулықтарды мына жерден оқуға болады.

9. Туристік виза АҚШ-қа барғаннан кейін таусылса, жаңасын жасату керек пе?

АҚШ-қа визада көрсетілген мерзімнің дәл алдында баруға болады. Әуежайда Кеден мен шекараны қорғау қызметкері АҚШ-та бола алатын мерзімді анықтап береді. АҚШ-та жүргенде виза жарамсыз болып қалуы мүмкін, бастысы - белгіленген мерзімнен кешікпей елден кету керек.

10. АҚШ-та визамен қанша уақыт қалуға болады?

АҚШ-қа барғанда мәліметіңізді тіркейтін Кеден мен шекараны қорғау қызметкері елде қалуға болатын мерзім ұзақтығын анықтап, белгілейді. Визаның ұзақтығы АҚШ-та заңды түрде қалу мерзімін анықтамайды. Оны АҚШ-қа барғанда, Кеден мен шекараны қорғау қызметкері ғана шешеді.