Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорда мәліметінше, мемлекет басшысының жарлығы бойынша, Екінші дүниежүзілік соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін ардагерге (марқұм) ең жоғары мемлекеттік награда табысталды. Оған айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені берілді.
Кенжебай Мәденов 1925 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Соғыс ол «Берлин» операциясына қатысып, батылдығымен көзге түскен. 1945 жылғы 29 сәуірде оның взводы Рейхстагтан кейінгі маңызды стратегиялық нысандардың бірі – Ратуша ғимаратына алғашқылардың бірі болып басып кірген.
Соғыс кезіндегі ерлігі үшін ол екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен, сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыстың II дәрежелі орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.
Соғыстан кейін 1946 жылдан бастап мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет етіп, 26 жыл ішінде жауапты лауазымдарға дейін көтерілді. Өмірінің соңына дейін ел қауіпсіздігі жолында еңбек етті.
Ардагер 1974 жылы ауыр жарақаттарының салдарынан дүниеден өтті. Оның есімі ел тарихында ерлік пен отансүйгіштіктің символы ретінде сақталып қалды.
