Халқымыз тал бесіктен жер бесікке дейін адам өміріндегі әр маңызды сәтті салт-дәстүр жоралғысымен сабақтастырған. Салт-дәстүрлер – рухани құндылық пен ұлттық мүдде арасында тоғысқан асыл мұра. Әр салттың орындалу реті мен ерекшелігі бар.
Baribar.kz Қазақтың бірегей болмысын айқындайтын салт-дәстүрлерді ұсынып отыр.
Қыз ұзату – күйеуге шығатын қыздың туған-туысы ақжарма тілек айтып, ата-анасы ақ батасын беріп, анасы сәукеле кигізіп, қыз жасауын жинап, жаңа әулетке аттандырады. Кейбір тарихи дерекке қарағанда, байырғы заманда қыздың сәукелесі жүздеген мал құнына тең болған. Қыз арнайы сән-салтанатпен ұзатылса, келін болып барған жерінде мәртебесі мен абыройы артады деген түсінік бар.
Беташар – әуезді әнмен, домбыраның қоңыр үнімен әулетке жаңа түскен келіннің бетін ашу рәсімі. Беташар күйеу жігіттің шаңырағында өтеді. Еліміздің барлық өңірінде сақталған салттың жөн-жоралғысы әртүрлі. Дегенмен беташардың басты мәні – жас келіннің жаңа әулетпен танысып, үлкендерге сәлем беріп, батасын алуы. Беташардан кейін той көруге жиналған жұрт «келін шайда» келіннің қолынан шай ішіп, тағы бата береді.
Енші беру – жаңа отау құрған отбасы балалы болған соң ата-анасының баласы мен келініне еншісін бөліп беру салты. Ертеде ата-анасы әл-ауқатына қарай жас отбасыға тиесілі мал-мүлкін беріп, бөлек шығарған. Ұлға енші, қызға жасау беріледі. Бұл – жас отбасының дербес өмір сүруіне жағдай жасау.
***
Тағы оқыңыз:

