Қоғамда кеңінен талқыланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында еліміздің бәсекеге қабілеттілігі мен ілгерілеуі азаматтардың қосқан үлесімен – біліммен, ғылыми жетістіктермен және қоғамның шығармашылық қуатымен айқындалатыны атап өтілген. Себебі, мемлекет адам капиталы мен азаматтардың зияткерлік әлеуетін басты стратегиялық басымдық ретінде айқындайды.
Осыған орай, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков те өз көзқарасын білдірді. Ол жаңа Конституция жобасының кіріспесіндегі өзгешеліктерді тәрбие құралы ретінде бағалады.
«Педагог ретінде айтсам, Конституцияның кіріспесі – өскелең ұрпаққа бағдар. Олар қандай құндылықтар бізде басым деген сұраққа жауап табады. Ата заң кіріспесі әсіресе, жастар үшін мықты тәрбие құралы. Біз Конституцияның тек жалаң мәтіндер жиынтығы емес, іс жүзінде орындалатын басты құжат ретіндегі мән-мағынасын, маңызын аша түсуіміз қажет, – деді заң ғылымдарының докторы.
Сонымен қатар ол Ата заң жобасында мемлекеттік биліктің бірден бір көзі және егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екендігі нақты көрсетілгенін, әділдік, заң мен тәртіп, табиғатты сақтаудың принциптері алғаш рет бекітілгенін атап өтті.
«Конституцияда ғылым, білім, мәдениет сияқты басымдықтардың анық көрсетілгені қуантады. Әріптестерім осы жаңалықтарды асыға күтті. Менің ойымша, жаңа Конституцияның қабылдануы өте жақсы нәтиже береді. Онда бірпалаталы Парламент, мемлекеттік функциялар, адам капиталының дамуы сияқты маңызды мәселелер қамтылған», – деді Нұрлан Дулатбеков.
Өз сөзінде Нұрлан Орынбасарұлы Конституция мемлекеттің сыртқы саясаттағы беделіне де әсер ететін құжат екенін айтты.
«Заң мен тәртіп қағидасы, біртұтастық, ынтымақ, этносаралық келісім, мәдениет, білім, ғылым идеялары бекітілген кіріспенің жалпы логикасына сәйкес келеді және үндеседі. Әділетті Қазақстан, заң мен тәртіп ұғымдары осы құндылықтардың практикалық бағытын күшейтеді және оларды нақты мемлекеттік саясатпен байланыстырады. Біз қазір ең маңызды тарихи сәтте тұрмыз. Құқық жүйесінің тұрақтылығы, қоғамның сенімі және еліміздің халықаралық беделі қабылданатын басты заңның сапасына байланысты болмақ», – деді ректор.
Нұрлан Дулатбеков сондай-ақ жаңа Конституцияда жоғары білімге қол жеткізудің қағидаттары нақты жазылу керек деген ұсыныс айтқанын жеткізді.
«Конституция жобасының 33-бабын талқылаған кезде соңғы 30 жылдағы жоғары білім жүйесінің даму барысын ескеру маңызды деп есептейтінімді айттым. Мәселен, 1995 жылы Конституция қабылданар кезде жоғары оқу орындарының түгел дерлігі мемлекеттік меншікте болғаны белгілі. Ал бүгіннің шарттары басқа. Академиялық және басқару автономиясы пайда болды. Жеке және халықаралық университеттер дамып келе жатыр. Қаржыландырудың моделі өзгерді. Бұрынғы тікелей бюджеттен қаржыландырудың орнын мемлекеттік білім беру тапсырысы басқан. Гранттар мен бірлескен қаржыландыру корпоративтік бағдарламалар мен білім несиелері белсенді түрде іске қосылған», – деді ол.
Сонымен қатар ол қазіргі таңда білім беру жүйесі түрлі көзден қаржыландырылатынын еске салды.
«Мұндай тәсіл оқуға қол жеткізу жолдарын кеңейтіп, бағдарламалардың сапасын арттыруға, университетті дамытудың орнықты моделін құруға мүмкіндік береді. Жоғары оқу орнының меншік нысанына қарамастан, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білімді мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы немесе ақылы негізде, конкурс негізінде, Қазақстан Республикасы заңнамасында көрсетілген шарттар мен тәртіпте алуға болатынын неғұрлым нақтырақ көрсететін мәтіндік тұжырымдарды қолдану қажет», – деді Нұрлан Дулатбеков.
Ректор жаңа Конституция жобасының преамбуласында білім, ғылым және мәдениетке ерекше мән берілгенін атап өте келе, Конституция жобасын әзірлеу бірнеше айға созылғанын айтып, халықтан 10 мыңнан аса ұсыныс түскенін жеткізді. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасы қоғамда кеңінен талқыланғандықтан, нәтижесінде елге қызмет ететін жаңа Конституция қабылданатынын айтты.
«2026 жылғы 13 ақпанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында 400-ге жуық ғалыммен кездесті. Жиын барысында конституциялық реформалар, ғылым мен білімнің басымдықтары, еңбек нарығына талдау жүргізу, кадрлық қажеттіліктер мен зияткерлік әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды. Кездесу барысында ғалымдар жаңа Конституция жобасына ғылым мен білімге қатысты енгізілген өзгерістерге ризашылығын айтты. Сондай-ақ Ата Заң жобасына енгізілген жаңашылдықтар бәсекеге қабілетті адами капиталды дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. Білім мен ғылым – адами капиталды дамытудың кепілі. Сондықтан Конституцияның жаңа редакциясында ғылым мен жоғары білім жүйесін дамытуға ерекше мән берілгенін айрықша атап өту қажет», – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Оның пікірінше, ғылым мен білімнің басымдығын конституциялық түрде бекіту – университеттерді жан-жақты дамытудың ұзақ мерзімді негізі бола алады.
