Қазақстанның танымал спортшылары Конституцияны жаңарту жөніндегі алдағы республикалық референдумды қолдап, азаматтарды дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматы бойынша жалпыұлттық коалицияның баспасөз қызметінің мәліметінше, олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин референдум – әр Қазақстан азаматының ел болашағына ықпал етуіне мүмкіндік беретін маңызды саяси оқиға екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, әр азаматтың дауысы маңызды және бұл ел дамуына өз үлесін қосудың бір жолы.
Бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Конституция қоғамның негізгі тірегі екенін атап өтті. Ол ұсынылып отырған өзгерістер жастардың әділетті әрі қуатты мемлекетте өмір сүруіне жол ашатынын жеткізді.
Олимпиада чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ермахан Ибраимов та елдің тұрақтылығы мен дамуы үшін заңдардың маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, Конституцияның жаңа жобасы Қазақстанның одан әрі өркендеуіне бағытталған маңызды қадам болады.
Сонымен қатар бокстан екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова халықтың бірлігі мен белсенділігі ел болашағын айқындайтынын атап өтті. Ал еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов референдумға қатысу – әр азаматтың жауапкершілігі екенін жеткізді.
Еске салайық, Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум 15 наурызда өтеді.
