Алматыда Bastion және Dream City Tech кешендерінде құрылыс тоқтатылды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов халықаралық әуежай маңындағы бірқатар тұрғын үй кешенінің құрылыс барысын тексерді.
Тексеру нәтижесінде Bastion тұрғын үй кешенінің құрылысы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардың тиісті келісімінсіз және рұқсатсыз жүргізіліп жатқаны анықталды. Қолданыстағы заңнама бойынша, әуеайлаққа жақын аймақтарда және күзет аймағы радиусында ғимараттардың қабат санына шектеулер қойылады. Бұл аумақта салынып жатқан барлық нысан міндетті түрде уәкілетті органдармен келісім алуға тиіс. Мұндай құжатсыз біз құрылысты тоқтатамыз, қажет болған жағдайда нысан сүрілуі де мүмкін, — деді Бейбіт Шаханов.
Сонымен қатар Dream City Tech тұрғын үй кешенінде құрылыс салушы қасбетті тиісті келісімсіз қаптай бастағаны белгілі болды.
Әкім орынбасары «Шығыс қақпасы» полиорталығы аумағындағы барлық құрылыс нысаны бекітілген бірыңғай сәулеттік тұжырымдамаға қатаң сәйкес келуге тиіс екенін атап өтті. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты аталған екі тұрғын үй кешенінде де барлық құрылыс жұмысы тиісті рұқсаттар алынғанға дейін уақытша тоқтатылды.
